- Advertisement -

«Асқаржанның өлеңі 1 миллион 200 мың данамен КСРО көлеміне тарап еді»

106

- Advertisement -

Аягөз АЯТОВА, ақын Асқаржан Сәрсектің жұбайы: «Асқаржанның өлеңі 1 миллион 200 мың данамен КСРО көлеміне тарап еді».

– Сіз Асқаржан Сәрсек ақынмен қалай таныстыңыз? «Aq jol» газетіне қалай бірге қызметке келдіңіздер?

– Асқаржан 1973 жылы «Aq jol» газетінің (бұрынғы «Еңбек туы») корректоры болып жұмыс істеп жүр екен. Сол күндерде таныстық. Таныстығымыз үлкен сезімдерге ұласып кетті. Ахаңды жақсы көрмеу, бағаламау мүмкін емес еді. Көп ұзамай отау құрдық. Ал 1974 жылдан бастап мен де «Aq jol» газетінің корректоры болып жұмысқа қабылдандым. Асекең жауапты хатшыға бір ауыз айтқан болуы керек. Ол кезде Асқаржан газет шығарушы (уақытында сондай штат болды) деген қызметке ауысып, жоғарылаған. Аты айтып тұрғандай, әр нөмірдің сапалы шығуына жауапты еді. Жұмыс десе жанын беріп, жанып кететін. Кейіннен тілші болды. Бас редактор Баттал Жаңабайұлы болатын. Ол кісі Асекеңе бірнеше тапсырма бергені есімде. «Қант қалай шығады?» деген мақаланы жазу үшін қант зауытына, қызылша алқабына бірнеше мәрте барғанын білемін. Нәтижесінде сәтті мақала шығып, мақталып еді. Сол жұмысын 1995 жылдарға дейін істеді ғой. Газетте көп әріптес азаматтармен дос болды. Әсіресе, Болат Жаппаров пен Мият Шыныбеков жақсы досы еді. Мен де сол жылдарға дейін «Aq jol»-дың сапында корректор болып жүрдім.

– Балалар ақыны ретінде танылды. Өлең кітаптарын шығара алды ма?

– Асқаржанның әр жылдары жұқа, шағын жинақтары шығып жүрді. Бірақ таралымы мол болды. Мәселен, 1976 жылы жарық көрген «Мереке» атты жинақ кітабы 10 мың данамен тарады. 1981 жылы жарық көрген «Қарға мен Қарлығаш», 2001 жылы басылған «Міне, қызық тамаша» кітаптары да осы таралымнан аз болған жоқ. Балаларға арналған өлеңдері өте өтімді болатын. Республикалық «Балдырған» журналына үнемі жарияланып тұратын. «Балдырғанның» сол кездегі бас редакторы, көрнекті ақын Мұзафар Әлімбаев Асекеңді іздейтін де жүретін. Әйгілі балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың өзі Асқаржанға ықыласы ауып, батасын берген екен. Мен жоғарыда атаған кітаптардың бәрі өте жұқа кітаптар. Ал қалың, қомақты кітабын Асекең көзі тірісінде шығара алмай кетті. Бірақ өлеңдерін жинақтап, дайындап жүрді. «Айша бибі тарихын мен бәрінен озық жазуым керек» дейтін. Жазды да. Кейіннен «Айша бибі» атты дастаны «Аq jol» газетіне бір бет болып басылды. Ал 2006 жылы өзі өмірден озған соң «Қарақшының қимас досы» атты кітабын ақын досы Көпен Әмірбектің және өзге де қаламдастарының қолдауымен шығардық. Өзге өлеңдерін де түгел жинақтап Көпен Әмірбекке бергенмін. Келесі кітабы шығып қалар деп Көпеннен хабар күтіп жүрмін. Балалар жазушысы Әлдихан Қалдыбаев Асқаржаннан жылы пікірін аяған емес. Асқаржан жайлы кейіннен Көсемәлі Сәттібайұлы, Лесбек Сайлаубек «Aq jol» газетіне көлемді мақалалар жазды. Ол кісілерге рақмет. Асекеңнің өлеңдері жаңа жинақ болып шығып, еске алу шаралары өтсе деген тілегім бар.

– Асқаржан ақынның бір өлеңі миллионнан астам таралыммен шықты деп естіп едік. Өзіңіз нақты айтып бересіз бе?

– 1990 жылы Мәскеудегі «Просвещение» баспасынан «Хре стоматия для детей ст аршего до школьного возраста» деген балаларға арналған қосымша кітап 1 миллион 200 мың данамен жарық көріп, КСРО көлеміне кең тарады. Сол кітапқа Асқаржан Сәрсектің «Бабочка, давай дружить» атты өлеңі еніпті. Сенесіз бе, ол жинаққа Қазақстан бойынша Қадыр Мырза-Әли екеуінің ғана өлеңдері енген екен. Сол кітапты ақын, марқұм Серік Томанов тауып, бір данасын үйге әкеліп берді. Өзі өте қуанышты. «Асеке, міне! Мәскеуден 1 миллион 200 мың данамен шыққан кітапта сіздің өлеңіңіз жүр. Құтты болсын. Қадыр Мырза-Әли екеуіңізден басқа ешкім жоқ. Біз жоқпыз мұнда» деп әзіл-шыны аралас сөйлегені бар. Асқаржанның әнге сөз жазған кездері де болды. «Кенен Әзірбаевтің 120 жылдығына», «Ақбұлым», «Сағыныш», «Сырлы Тараз», «Тұрсынханға» өлеңдеріне ән жазылып, орындалып жүр. Ол өлең жазғанда уақыт талғамайтын. Түнгі төртте мені оятып, талай өлеңін оқып, толғанған сәттері аз болған жоқ.

– Өзіңіз редакцияда жүргенде кімдермен сыйлас, сырлас болдыңыз?

– Балшекер Молдабаева, Сәуле Молдабаева деген корректорлар болды. Сол кісілермен дос, сырлас болдық. Жалпы, ұжымдағы аға-әпкелердің барлығын құрметтеп, бағаладық. 22 жыл деген аз уақыт емес қой. «Aq jol» газетінің қабырғасында жақсы жылдарымыз қалды. Біз осы газеттің 70, 80 жылдық мерей тойларына куә болғанбыз. Уақыт зымырап өте береді екен. Міне, «Aq jol» газетінің жарық көргеніне биыл 100 жыл. Құтты болсын! Елдің, халықтың «Aq jol» газеті оқырманға көп таралыммен тарай берсін деген тілегім бар. «Aq jol» газеті барда, Асқаржан Сәрсек те ұмытылмайтыны анық.

– Шынайы әңгімеңізге рақмет!

 Сұхбаттасқан

Есет ДОСАЛЫ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support