- Advertisement -

Шыныққан емес, шыңдалған шекарашы болады

252

- Advertisement -

Ел егемендігін алған тұста ең әуелі ұланғайыр атыраптың шебін күзетуге, тұрақтылығын сақтауға мықтап көңіл бөліне бастады. Дербес, қауіпсіз мемлекет құру бағытындағы іргелі жұмыстардың нәтижесінде 1992 жылдың 18 тамызында Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі құрылды. Содан бергі отыз жылдың бедерінде ҰҚК Шекара қызметінің жауынгерлері небір соқтықпалы-соқпақты кезеңдерді абыройлы еңсеріп, әскери-техникалық дайындығы жағынан әбден шыңдалды. Бұл расында шекарашылардың қызметте қырағы, антына адал екенін айқындап тұрғандай.

Жамбылдағы шекаралық бекеттер жаңартылуда

Шекара шебінде ел тыныштығын қорғауға үлес қосып жүрген сарбаздар жайлы айтқанда, жамбылдық шекарашылардың да еңбегін ескерусіз қалдыруға болмас. Әсіресе, шекаралық бақылау бөлімшесінде қызмет ететін әскерилердің талай заңсыз әрекеттің жолын кесіп, күдіктілерді құрықтағаны туралы ақпараттарды жиі естиміз. Өңірдегі 8 шекаралық өткізу пунктінде темірдей тәртіп орнаған. Оның ішінде «Сортөбе», «Ауқатты», «Қарасу», «Қордай», «Сыпатай батыр» және «Айша бибі» шекаралық бақылау бөлімшелерінен жаяу адам мен көліктер өтеді. Сол секілді облыста «Шалдабар» теміржол өткізу пункті және Тараз қаласының әуежайындағы авиациялық өткізу пункті бар. Қуантарлығы, кейінгі жылдары Үкімет тарапынан өткізу пункттеріне ерекше назар аударылып отырғаны байқалады. Мәселен, 2020 жылдың ақпанында Қордай өткізу пунктінде күрделі жөндеу жұмыстары басталып, былтыр жаңа бекет пайдалануға берілді. Бұрын дәл сол аумақтан тәулігіне орта есеппен 15 мың азамат, 2 500 көлік өтетін болса, қазір бекеттің әлеуеті күніне 25 мың адам және 4000 мың көлік өткізуге жетеді. Бұдан өзге өткізу пункттері жылдан жылға заманауи рентген аппараттары және құжат тексеру құралдарымен қамтылған. Сондай-ақ антына берік шекарашылардың жыл басынан бері мемлекеттік шекара арқылы есірткі затын алып өтуге оқталған 8 азаматтың жолына тосқауыл болғанын айта кеткеніміз жөн. Сондай- ақ қару-жарақ пен оқдәрі алып өтуге ниеттенген 33 адамның ұсталғаны да қырағылықтың көрінісі.

Кейінгі жылдары жанар-жағармайға енгізілген шектеулерге қарамастан айлаға басып заң бұзатындар да жиілеген. Шекарашылар жыл басынан осындай фактімен 200-ге жуық деректі анықтаған. Бір ғана Меркі шекаралық бақылау бөлімшесінен шекарашылар жіті тексеру кезінде құны шамамен 4,5 миллиард теңгеден асатын 40 цистерна анықтаған. Адамнан айла артылған ба? Кейбіреулер техниканың дәурені жүріп тұрған кең заманда да жалған құжатпен шекара асудан қорықпайды екен. Биыл облыстағы бекеттерден дәл осы фактімен 60-тан астам адам ұсталған. Оның ішінде сыңарының төлқұжатын пайдаланған егіздер де анықталыпты. Мемлекеттік шекара туралы заңды біле тұра 1500-ден астам адам тауар тасымалдау ережесін бұзған. Оның құны шамамен 6,5 миллиард теңгеден асып жығылады. Сондай-ақ өткізу пункттерінде діни кітап алып өтуді ойлаған 32 тұлғаның да жолы болмады.

Адамнан айла артылмайды

 ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жамбыл облысы бойынша департаментінің шекаралық бақылау басқармасы басшысының орынбасары, подполковник Жомарт Ізбастың айтуынша, соңғы рет ірі көлемде есірткі затын алып өту фактісі 2020 жылдың желтоқсанында «Қарасу» өткізу пунктінде тіркелген. Шекарашылар жол талғамайтын Tоyota Land Сruiser маркалы автокөліктен күдіктеніп, кейін тексеріс барысында 30 жастан асқан Қазақстан азаматынан 61 келі көкнәр тапқан. Қылмыскер өзінің әккі ойын жүзеге асыруды көздеп, тапа-тал түсте есірткіні көліктің жанармай тұратын бөшкесіне жасырған.

– Шекарашылардың міндеті аса қырағылықты талап еткен соң, оларға қойылатын жауапкершілік өте жоғары. Нағыз шекарашылар заңнан аттамайтын, жан- жақты білімді, сабырлы, байсалды, тың, психологиялық тұрғыда төзімді әрі физикалық әлеуеті жағынан мығым болуы керек. Жамбылдағы өткізу пункттеріндегі шекарашылар осы талаптың үдесінен барынша шығып жүр деп айтуға болады. Сәйкесінше, оларға Үкімет тарапынан да барынша қолдау көрсетілуде. Үй-жайы қарастырылған, еңбекақысы да көңілге қонымды. Сол үшін де әскери борышын өтеуге әр аймақтан келгендердің шамамен 5 пайызы әскери қызметте қалып жатады. Оның үстіне биыл сәуір айында 30 жас сарбазды іріктеп, 30 күн құжат тексеру маманы бойынша оқыттық. Қазір олар Қордай өткізу пунктінде ара-тұра қызметке шығып жүр. Нәтижесі жақсы. Осы бастаманы әрі қарай жалғастырамыз деген үміттеміз. Жас жауынгерлер қалыптасып, кейін қызметін осы салада жалғап жатса, біз үшін олжа.

Жалпы өңірдегі шекара бекеттеріндегі ахуал бақылауда. Қазір жолаушылар ағыны бойынша «Қордай» көш бастап тұрса, жүк көліктері бойынша «Қарасу» бекеті алда. Қазір Президент Жарлығымен ақшалай активтерді шетелге шығаруға тыйым салынған. Яғни 10 мың доллардан астам ақша алып өтуге болмайды. Биылғы жартыжылдықта осы талапты қаперге алмаған 90 адам анықталды. Өзім шекарада 1996 жылдан бері еңбек етіп жүрген соң, әр жылдағы жаңашылдықтарды, реформаларды ұмыта қойған жоқпын. Тәуелсіздік жылдарындағы қалыптасу кезеңі де күні кешегідей есте. Сол шақты еске алсам, қазір отыз жылдың шеңберінде шекарашылар тек дамып отырды. Қазіргі жағдайды өткен кезеңмен салыстыруға мүлде келмейді. Әйтсе де «заманына қарай адамы» ғой. Қалай десек те шекарадан шектеу қойылған заттарды алып өтуге ниеттілер тыйылмай тұр, – дейді Жомарт Қуанышұлы.

Шекарашылардың күні қарсаңында біз де «Айша бибі» шекаралық бақылау бөлімшесінің өткізу пунктіне барып, ел қауіпсіздігін қызғыштай қорып отырған жауынгерлердің қызметімен танысып қайтқан едік. Бұл бекет ел Үкіметінің қаулысымен 2001 жылдың желтоқсанында ашылған. Өткізу бекетінің басшысы, майор Алмат Енсебаевтың айтуынша, осы бекеттен орта есеппен күніне 2500-3000 тұлға өтеді екен. Олардың дені Қырғызстан, Өзбекстан секілді шетелден келетіндер. Бұл қатарға Еуропадан келетін транзиттік жүк көліктерін қосыңыз. Сонда бекеттен күніне 1000- 1200 тауар тасымалдайтын ауыр жүк көліктері мен жеңіл көліктер өтеді. Бекетте арнайы рентген аппараты, құжат тексеретін құралдармен қоса 12 қызметтік ит бар. Сондай-ақ қызметтік иттер есірткі затын алып өтуге оқталғандарды қалт жібермейді деседі.

– Кейінгі оқиғаларға тоқталсақ, біздің шекарашылар маусым айында 34 тонна АИ-92 маркалы жанармайды Қырғызстанға алып өтпек болған жүргізушіні анықтады. Заңнан аттап, әккі ойын іске асырмақ болғандар сұйықтықты бояуға қосатын қоспа деп ақталған. Алайда сараптама қорытындысы бойынша сұйық заттың жанармай екені анықталды. Шығын көлемі шамамен 15 миллион теңге. Жалпы өткізу бекеттерінде халықаралық іздеуде жүрген азаматтар мен елге кіру ережелерін бұзғандар, құжаты жоқ тауар өткізуге бекінгендер де кездеседі. Есепті кезеңде есірткі заты мен қару- жарақ алып өткендер тіркелмеді. Шекарашылардың жауынгерлік дайындығы кесте бойынша өткізіледі.

Жуырда Алматы академиясынан білім алған сарбаздар қатарға қосылды. Дәл осы маңда Шөлдала, Күркіресу бекеттері бар. Бірақ ол жақтан жүк көліктері өте алмайды. Жалпы, «Айша бибі» шекаралық бақылау бөлімшесінен Тараз қаласы мен Қырғыз Республикасы Талас облысының жергілікті тұрғындары жиі өтеді. Сондай-ақ транзиттік көлік көп. Олар барлық ережені білгендіктен, көбіне заң талаптарын сақтайды. Бізде 10 маусымнан барлық шектеулер алынып, бекет тәулік бойы жұмыс істеу режиміне көшті. Сондай-ақ жаңа қаулыға сай 57 мемлекеттің азаматы елге визасыз еш кедергісіз кіре алады, – дейді шекаралық бақылау бөлімшесінің басшысы Алмат Жексембекұлы.

Жаңа талапқа сай, еуропалықтар елде бір ай жүре алады. Ал Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан азаматтарына бұрынғыша жеке куәлігімен 90 күнге келуге мүмкіндік бар. Алайда статистика бойынша «Айша бибі» бекетінде аптасына шамамен 2-3 тұлға осы ережені бұзады екен. Шекарада ұзын-сонар кезекті бағып, қайтсе де елге кіруді ойлағандардың ішінде Ресейден келген екі көліктің вин коды сәйкес келмеген. Демек, ол көлік ұрланған да болуы мүмкін ғой. Көлік кезегі үзілмеуінің тағы бір себебі, «Ауыл-Береке» базарына тауар алып өтетіндердің көптігінен екен. Өйткені, шекарашылар да дүйсенбіде базар жұмыс істемеген соң, кезек тыйылып, саябырлайды. Сол секілді қыс мезгілінде жүк көліктері азаяды. Нақ қазіргі мектепке дайындық маусымында шекарашылар ел азаматтарына сатып алған тауардың түбіртегін алып өтуді сұрануда. Яғни тауар сатып алғаныңды шекарашыларға дәлелдеуің қажет.

Миллионнан бір кездесетін ерекше итті үйреткен кім?

 «Айша бибі» шекара өткізу пунктінде есімі елге таныс аға нұсқаушы, кіші сержант Қуанышбек Карбозов қызмет етеді. Оның шекара шебінде жұмыс істеп жүргеніне 12 жылдан асса, өткізу пунктіне келгеніне 2 жыл болған. Антына берік азамат 2007 жылы мерзімдік әскери қызметін де шекарашыдан бастаған. Қуанышбек бала кезден ит асырап, оны үйретуге әуес болған. Оның есімін елге әйгілеген оқиға 2017 жылы 17 ақпанда орын алған-ды.

Ол кезде Қуанышбек Көксай шатқалындағы Бауыржан Момышұлы шекара заставасында келісімшарт бойынша қызмет атқаратын. Қ.Карбозов басқа сарбаздармен бірге таңертең шекараға келген бойда дабыл пәрмені бойынша сапқа тұрған. Шекарашылар не болғанын түсінбей абдырап қалған уақытта, командирлер жауынгерлерге қару-жарақ емес, қар тазалайтын құрал-саймандар ұстатқан. Көксай шатқалында бір топ адамның қар астында қалғанын сарбаздар кейін білген. Аталған аумаққа лезде жеткен олар уақыт жоғалтпай бірден іске кіріскен. Сонда итпен адам іздеген кинологтардың қатарында Қуанышбек те болған. Іздестіру шаралары кезінде 30 шақты шұңқырдың біріне Қуанышбектің иті айналып келіп үре беріпті. Демек, жоғалған адамдар сол жерде болуы мүмкін ғой. Содан Қуанышбек басшылыққа болған жайды баяндаған соң, офицерлер бар күшті сонда жұмылдыруға келіскен. Соңыра қазылған жерден адамның аяғы көріне бастаған. Кейін сол маңнан шекарашылар 17 адамды тауып, шығарған. Өкінішке қарай, 7 адам қардың екпініне шыдамай сол мезетте өмірмен қош айтысыпты. Қуанышбек пен «Енисей» деген иттің ерлігі бағаланып, әскери қызметшілер сол жылы «Үздік жыл шекарашысы» деген марапат алған. Қуанышбек те ондай иттің мыңнан емес, миллионнан бір кездесетінін айтуда.

– «Енисей» расында ерекше ит еді. Қазіргі иттеріміз де сол секілді бельгиялық овчарка. Әскерде осы иттерге сұраныс жоғары. Себебі, неміс овчаркасының сезу қабілеті 30 пайыз болса, бельгиялықтардыкі 60 пайызға дейін жетеді. Негізі овчарканың бельгиялық тұқымдасы шыдамдылығы, күші жағынан қалай дегенде де неміс иттерінен бір саты жоғары тұрады. Біз мемлекеттік шекарадан өткен көлік құралдарының барлығын қызметтік итпен тексереміз. Мұндағы қызметтік иттер есірткі заттарын, қару-жарақ, оқдәрілер табуға үйретілген. Күдікті затты әшкерелегенде ит белгі береді. Олжасын тапқан әр иттің белгі беруі де әртүрлі. Мысалы, менің «Скань» деген итім күдіктіні тапса, маған қарап үріп, күмәнді аумақты нұсқайды. «Сканьді» үйретіп жүргеніме бір жарым жылға жуықтады. Жалпы бұған дейін 6 итпен жұмыс істедім. Түсінгенім, иттер кез келген иісті қалт жібермейді. Бірден анықтайды. Өйткені, есірткіні көбіне күдік тудырмайтын, қарияларға, болмаса балаларға салып жіберетіндер болады. Сол үшін шекара асқандардың барлығын тексереміз. Мысалы, бір жарым жыл бұрын осы бекетте қарт ападан есірткі тапқанымыз бар. Сол секілді бактың астынан арнайы орын дайындап, темекі затын алып өтпек болған күдіктіні ұстадық. Адам қателессе де ит қателеспейді. Мысалы, есірткі алып өтпесе де қолданған адамға үрсе, оны адам мойындамаса да, сараптама растап береді, – дейді Қуанышбек Карбозов.

«Айша бибі» өткізу бекетінде 2010 жылдан бері осы салада жүрген сержант Рауана Исаева да тәжірибелі шекарашылардың қатарында. Ол шекарадан өткен азаматтардың жеке басын анықтап, құжаттарын тексереді. Жалған құжатпен өтуге оқталғандарды бірден анықтап, одан әрі істі тиісті органдарға тапсырады. Қарап отырсақ, мұндағы әр шекарашы өзіне берілген тапсырманы мүлтіксіз орындайды. Өйткені, күні ертең шекарадан қарапайым халыққа ілесіп, қылмыскерлер де өтуі әбден мүмкін. Мұндайда шекарашыға барынша салқынқанды болған ләзім. Түсінгеніміз, ел тыныштығын күзеткен жауынгерлерге жүктелген міндет р асында жоғары.

 Сәндібек ПІРЕНОВ

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support