Әлеумет

Ысқырығы жер жарған жоба

Ысқырығы жер жарған жоба

ЫСҚЫРЫҒЫ ЖЕР ЖАРҒАН ЖОБА

тәулігіне 40 тонна халал өнім түгілі, бес ешкінің етін де өндіре алмай тұр

Жамбыл ауданы, Бектөбе ауылында орналасқан «Оңтүстік халал тағамдары» ет өңдеу комбинаты ашылғанда оған артылған сенім зор еді. Сол кездегі облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың әрбір есебінде, өндіріс саласына қатысты барлық жиынында осы кәсіпкерлік туралы айтылып жататын. Айтатындай-ақ, бар еді. Бастапқыда тәулігіне 40 тоннаға дейін халал ет өнімдерін шығарады деп жоспарланып, кейін ол көрсеткішті сатылап ұлғайту көзделген болатын. 

Комбинат ашылар кезде сол кездегі облыс әкімінің баспасөз қызметі: «Жаңа кәсіпорын құрылысының бағасы – 2,5 миллиард теңге. Ет комбинатының қуаты «Халал» стандартына сай тәулігіне 40 тонна дайын өнімдерді құрайды. Жаңа ет комбинаты заманауи жоғары технологиялы ет өнімдерін шығаратын жабдықтармен жарақтанатын болады. Кәсіпорында өнім шығару осы жылдың екінші жартыжылдығына жоспарланған. Мұнда Жамбыл облысының 153 тұрғыны тұрақты жұмысқа ие болмақ. Жамбылдық шаруашылықтар жыл сайын орташа есеппен 100 мың тоннаға тарта ет өндіреді, мұнда ірі және ұсақ мал басы арта түсуде. Сондай-ақ мал бордақылайтын алаңдар мен кешендер саны да өсіп келеді, бүгінде Жамбыл облысында 22 бордақылау алаңдары жұмыс істеп тұр. Тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде облыста асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтар саны 13 есе артып, бүгінде олардың саны 100-ден асты. Жамбыл облысы ауыл шаруашылығын дамыту бағдарламасында 2020 жылға қарай өнеркәсіптік ет өндірісін 40 пайызға дейін арттырып, өнім шығару көлемін 82 мың тоннаға дейін өсіру көзделген» деген ақпарат таратқан болатын. Осыдан жеті жыл бұрын дүркіреп ашылған кәсіпорын бүгінде ең болмаса селдір- сирек өнім өндіре алмай, есігіне «дәу қара құлып» салып кеткен. Сонда оған бөлінген мемлекеттің миллиондары желге ұшты деген сөз ғой. Арыға бармай-ақ «Оңтүстік халал тағамдары» комбинатына қарай тартылған инфрақұрылымның өзін мысалға келтірсек жетіп жатыр. 2012 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде жалпы құны 329,3 миллион теңгеге өндірістік инфрақұрылымдары, яғни газ, су, электрмен қамту жүйелері жүргізілген. Атап айтқанда, бұл қаржыға 1,85 километр қашықтыққа газ тартылды, 6,891 километр жерге су апарылды және 6,880 километр қашықтыққа кәріз сулары жүйесі жүргізілді. Бірақ бүгінде ауқымды жобаның тоқтап тұруы себебі, бұл қолдаудың бәрі желге ұшқанмен тең болып тұр. Бастапқыда, кәсіпорын жұмысының тоқтауына мұнда жеткізілетін сойыс малдың тапшылығы себеп делінген болатын. Әлбетте, мұндай мәселенің туындайтыны кәсіпорын салынбас бұрын бағдарлануы тиіс еді ғой. Ол кезде де «Бір күнде 40 тоннаға дейін ет өндіретін «Оңтүстік халал ет өнімдері» ЖШС-ның жұмысы қалыпты жүріп тұруы үшін соятын мал басын тауып бере ала ма?». «Расында, күн сайын 40 тонна ет өндіру үшін комбинаттың қорасында отар-отар қой, табын- табын сиыр үйіріліп тұруы керек емес пе? Ал осыншама мыңғырған малды қайдан аламыз?» деген күмәнді сауал қойылған болатын. Бұл сұраққа сол кездегі өңір басшысы Кәрім Көкірекбаев: – «Оңтүстік халал тағамдары» ЖШС мен осы бағытта тірлігін өрістеткелі отырған тағы бір комбинат – «Меркі ет» ЖШС- ның кешендерін іске қосу бағытында үлкен тірліктер атқарылып жатыр. Аталған ет өңдеу кешендерін қажетті етпен қамтамасыз етуді аудандарда құрылатын дайындаушы ұйымдар жүзеге асыратын болады. Осылай толық циклді ет кластері қалыптастырылып, алдағы уақытта қайта өңделген ет өнімдері экспортқа шығарылады. Дайындаушы ұйымдарға есептелген қосылған құн салығы шегінде бюджетке төленген қосылған құн салығы сомасын субсидиялауға үстіміздегі жылы 30,7 миллион теңге қарастырылған. Сөз жоқ, бұл мал соңында жүрген шаруаны қолдайтын өте жақсы бастама, – деген жауабын берген болатын. Бірақ мәселе жоспардағыдай  да, әкім айтқандағыдай да болмай шықты. Ашылғалы бергі уақытта небәрі 500 тонна ет өндірумен шектелген. Бірақ, оған серіктестік басшыларының беретін өз жауаптары бар. Олар қаржы нарығының тұрақсыздығын, теңгенің құнсыздануын, шикізаттың жеткіліксіздігін, халықаралық және көлік қатынастарында туындаған мәселелерді алға тартып отыр. Серіктестік жұмысын қайта жолға қою керектігі туралы Жамбыл ауданы әкімдігінің осы жылдың басында жазылған ресми хатына «Оңтүстік халал тағамдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Данияр Жапарқұлов хатпен жауап қатқан. «Қазақстан нарығында, сондай-ақ халықаралық нарықта, атап айтқанда, Парсы шығанағы нарығында қалыптасқан қолайсыз жағдайларға, сондай-ақ «Оңтүстік халал тағамдары» ЖШС өнімін экспорттайтын көлік қатынастарының үзілуіне, қазақстандық теңгенің құнсыздануына, халықаралық жағдайға байланысты, сондай-ақ, ет комбинатына тұрақты түрде шикізаттың толыққанды жеткізілмеуі себепті «Оңтүстік халал тағамдары» ЖШС-ның өз жұмысын тоқтатуына тура келді. «Оңтүстік халал тағамдары» ЖШС өнімді қайта өндіру үшін барлық мүмкіндіктерді қарастырып, шикізат жеткізушілер мен сатып алушыларды іздеу жұмыстарын жалғастыруда. Сондай-ақ серіктестік өз мүлкін сатпайтынын хабарлаймын» делінген ресми хатта. Әлбетте, мәселе туындады, кәсіпорын тоқтады. Бірақ, туындаған проблемаларға байланысты өндіріс орны тоқтады деп қол қусырып қарап отыру қаншалықты заңды? Мемлекеттің миллиондары мен кәсіпкердің миллиардтарына салынған жобаны жандандырып, оны ұқсата білу бүгінгі басшылыққа аманат дүние деп қарастырған жөн болар. Өйткені елдің экономикасын көтеруді, ішкі нарық пен экспортқа өнім өндіруді, азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтуды көздеген атқарушы орган бұл мәселеге бей- жай қарамай, оған екінші рет «жан бітіруге» тырысады деген сенім бар. «Үйдегі бағаны базардағы нарық бұзар» дегендей, бәлкім, ет экспортына халықаралық қатынастар, теңгенің құнсыздануы мен көлік логистикасы мүмкіндік бермесе, бұл комбинаттың жұмысын ішкі нарықты етпен толық қамтуға бағыттап, қайта құрылымдаса болмас па екен?!

Жамбыл ауданы.

Маржан РАҚАЙ