- Advertisement -

Таластықтардың таңғажайып тартуы

349

- Advertisement -

Қолымызға Алматыдағы «Дарын» баспасынан жаңадан жарық көрген «Таңғажайып Талас» атты фотожинақ түсті. Әр тасы тарихқа, әр адамы тағылымға толы Талас топырағынан фотожинақты шығаруды аудан әкімі Қанатбек Мәдібек қолдап, тапсырыс берген екен. Кітап ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына естелік тарту. Бұл ретте ең негізгісі – фото суреттер. Сондықтан Таластың әр құндылығын ерінбей-жалықпай түсіріп, фотосуреттер ұсынған Алтынбек Қартабай жинақтың авторы атанып отыр. Фотолары сөйлеп тұрған жинақты өлеңмен өрнектеген жас ақын Шапағат Әбдір.

Фотожинақтың алғы сөзін жерлесіміз, профессор, филология ғылымдарының докторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мырзатай Жолдасбеков жазғаны да кітаптың бағасын биіктетіп тұр. Мырзатай ғалым: «Қазыналы қарт Қаратау – тұнып тұрған шежіре, әлі де ашылмаған жұмбағы көп тарихи өлке. Дегерес, Кіші Дегерес, Қарашеңгел, Тұздыкөл, Қапшағай, Мешіт, Ащыөзек, Талдыәуіт, Қыскөпір, Жалаңбас қағы, Найзақызыл, Бөріқазған, Тәңірқазған сынды аңызға айналған тарихи орындар көп кездеседі. Ауылды аңсаймын. Ауылға барсам жалаң аяқ қыр кешкен, балапан қуған алаңсыз балалық шағым, ата-анам, көз көрген игі жақсылар есіме түседі» деп ағынан жарылыпты. Сірә, сол сәтте өзі туып-өскен Таластың Қызыләуіті мен Ақтөбе ауылына деген сағыныш көңілінде тұнып тұрған болар. Одан әрі қарай М.Жолдасбеков әйгілі Кенен атасының: «Туған жер, тауың да ыстық, тасың да ыстық, Туған жер, кәрің де ыстық, жасың да ыстық…» деген өлең жолдарын еске сала кетіпті. Айтса айтқандай, туған жер кімге болса да ыстық екені анық. Сондықтан Таластың бүкіл тарихи, құнды қатпарларынан сыр шертетін бұл жинақ мыңдаған ойлы адамдардың қолынан түспейтін қазына болатыны анық.

Мұнда Таластың бүкіл фотошежіресі тұнып тұр. «Тамды әулие бұлағы», «Талдыбұлақ», «Ұйқыдағы ару» тарихи орындар, Бөлтірік, Қарақожа, Саңырық, Сапақ датқа, Көшек батыр кесенелері, «Қызылқорған» қала жұрты, Тамды бекінісі керемет әсерлі түсірілген. Халықаралық фотофестивальдің «Кәсіби фотограф» аталымының иегері, Рахымбай Ханалы атындағы сыйлықтың иегері, облыстық «Аr-Аi» газетінің фототілшісі Алтынбек Қартабай өзінің нағыз шебер екенін осы жолы да кеңінен көрсеткен.

Фотожинақтағы әр суретте сыр бар, әр сөйлемдері мағынаға толы. Ешқандай дүние ескерусіз қалып кетпеген. «Батырлар алаңы», «Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығы», «Достық алаңы», «Қаратау қаласындағы жөндеуден өткен стадион», «Орталық саябақ», «Тәуелсіздік стеласы» «Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған саябақ», «Дене шынықтыру және спорт кешені», Мырзатай Жолдасбеков салдырған мешіт, тегіс қамтылып өткен. Сондай-ақ ауданның экономикалық жетістіктері де назардан тыс қалмаған. Заманауи жел электр қондырғылары, натрий өндіретін зауыт, «Шолақтау» тау- кен өңдеу кешені, «Амангелді газ» кен орны лайықты қамтылып, көрініс тапқан. Әр ауылдық округ, алыс елді мекендердегі тарихи құндылықтар да жинаққа енгізілгені – зор қуаныш.

Алтынбек Қартабай – аңғарымпаз, ерекшеліктерді қалт жібермейтін нағыз маман. Сондықтан болар, Таластың әсем табиғатынан бірнеше топтама жасапты. Ол жұмыстарын нағыз еңбек деп бағалауға болады. Таластың жайқалған жауқазыны, қырды тегіс алып жататын алқызыл қызғалдағы, Қаратаудың әдемі көшелері, табиғатпен сырласып жатқан тас жолдар, Ақкөл көлі, Айнакөл, Жартас көлі, мың бұралып аққан Талас өзені, Таластың рауандап атқан таңы, қазбауыр бұлттардың көріністері, бабадан қалған дала көрінісі, құмдағы мал жайылымдары, Қызыләуіт даласы, Бөріқазған даласы, Тәңірқазған жазығы, дала төсіндегі тоғызқұмалақ көрінісі керемет шебер түсіріліп, берілген. Талас даласының аң мен құсы, елігі мен дуадағы бәрі бәрі – әдемі фотоға айналған.

Фотоларға өлең тілімен әр берген Шапағат Әбдірдің де ізденісін айтпай кетуге болмайды. Мәселен, «Әлемнің іздесең де сөз маржанын, Таласта орындалар ізгі арманың. Қып-қызыл ғып даланы гүлге ораған, Қыз екен деп қаласың қызғалдағын», деген шумақ қандай қуатты. Мұндай сәтті жыр жолдары жиі кездеседі.

– Талас ауданынан осындай ұсыныс түскенде қуандым. Бұрыннан да аталған аудан тарихы нан бірнеше фототоптамаларды қамтып жүрген едім. Арнайы барып та түсірдім. Бір ғана сәтті сурет түсіруге екі сағат уақытым кетті. Сондықтан сәтті жинақ шықты деп ойлаймын, – дейді автор А.Қартабай.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналып жарық көрген фотожинаққа көз салып, Таластың таңғажайыптарымен таныса жүріңіздер!

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support