Өндірістік тәжірибе - кәсіби маман даярлау кепілі
Өндірістік тәжірибе - кәсіби маман даярлау кепілі
Бүгінде университет елдік және халықаралық стратегиялық міндеттерді шешуде айтарлықтай әлеуетке ие. Оқу ордасының алдағы даму бағыты – әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне айналу және халықаралық ғылыми-білім беру кеңістігінде алға жылжу. Әрине, мұндай жетістіктерге жетуде сапалы, тәжірибесі жоғары мамандар мен студенттердің алатын орны айрықша. Университетте білімді теориялық жағынан беріп қана қоймай, зерттеу жүргізу, жобалар жасау, өндірістік тәжірибеден өту сияқты маңызды қадамдарға ерекше назар аударылады. Теориялық білімді тәжірибемен ұштастырмай алған білімнің толықпайтыны белгілі. Соның ішінде химия саласының студенттері үшін өндірістік тәжірибенің мәні зор. Бұл тұрғыда студент тәжірибелі мамандардың басшылығымен кәсіптік дағдыларын дамытады, білімін жетілдіреді. Осы орайда еліміздің алдыңғы қатарлы мықты өндіріс орындарымен байланыс орнатылуда. Студенттер жыл сайын химия саласындағы «ПНХЗ», «Қарашығанақ», «Қазтрансойл», «Coca-Cola» сияқты алпауыт кәсіпорындардан өндірістік тәжірибеден өтуде. Осындай мақсатпен биылғы оқу жоспарына сәйкес химия және химиялық технология факультеті физикалық химия, катализ және мұнайхимия кафедрасының оқытушылары т.ғ.к., доцент А.Батырбаева, х.ғ.к., аға оқытушы Р.Ажигулова, PhD, доцент м.а. Е.Усипбекованың жетекшілігімен ХИ-309, 310, 311, 312К және ХИ-201Р, 301Р топ студенттері «Қазатомөнеркәсіп» кәсіпорнында өндірістік тәжірибеден өтті. Қазіргі таңда «Қазатомөнеркәсіп» кәсіпорны 2009 жылдан бастап табиғи уран өндіру саласы бойынша әлемде бірінші орында келеді. Жалпы «Қазатомөнеркәсіп» кәсіпорнының негізгі миссиясы сыртқы және ішкі нарықта өнеркәсіптік (индустрия) кешенін қалыптастыруға бағытталған өндірістік-технологиялық саясатты жүргізу, атомдық станцияларды жобалауға қатысу, сирек жер металдары негізіндегі ғылымды қажетсінетін технологияны дамыту болып табылады. Уранды өндіру және қайта өңдеу – компанияның негізгі қызмет бағыттарының бірі. Бүгінде «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ кәсіпорындар тобының құрамына 22 кеніш кіреді. Табиғи уранның өндірісі экологиялық қауіпсіз және экономикалық тиімді жерасты ұңғымалы шаймалау (ЖҰШ) әдісімен жүргізіледі. Жерасты ұңғымалы шаймалау – кенді жер бетіне шығармастан, жер қойнауының өзінде өнімді қойыртпаққа айналдыру арқылы игеру әдісі. Уран өндірудің жерасты ұңғымалы шаймалау әдісі алғаш рет 1960 жылдары қолданылып, 2017 жылы әлемдік уран өндірісінің 50 пайызын құраған. Дәстүрлі әдістермен салыстырғанда ЖҰШ әдісінің қоршаған ортаға теріс ықпалы аз. Сондай-ақ ол өндірудің барынша төмен өзіндік құнын, өндірістік қауіпсіздік пен еңбекті қорғау саласындағы жоғары көрсеткіштерді қамтамасыз етеді. «Қазатомөнеркәсіп» ЖҰШ әдісі қолданылатын, жылдық өнімділік қуаты 1000 тонналық әлемдегі тұңғыш кенішті әзірлеп, пайдалануға енгізді. Жалпы қорытындылай келсек, студенттер тәжірибе барысында еліміздің алдыңғы қатарлы өндірісінің маңызды да қарқынды дамып келе жатқан негізгі жұмыстарымен таныса отырып, көптеген мәліметтер мен тың деректер жинап қайтты. Мамандықтарының қоғам дамуына үлес қоса алатынына көз жеткізіп, осындай өнеркәсіпте жұмыс жасауға деген құлшыныстары артты. Өйткені өндірістік тәжірибе – кәсіби маман дайындаудың кепілі болып табылады.
А.БАТЫРБАЕВА,
Е.ПАНОВА,
Е.УСИПБЕКОВА,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ химия және химиялық технология факультеті физикалық химия катализ және мұнай химия кафедрасының оқытушылары.