Денсаулық

Өңір туризмін өрге бастырудың жолы қандай?

Өңір туризмін өрге бастырудың жолы қандай?

Әлемдегі жалпы өнімнің 11, сауданың 30, халықаралық инвестициясының 10 және жаһандық еңбек нарығының 8 пайызын жұмыспен қамтамасыз етіп отырған туризм саласы тәуелсіздік алғалы бері елімізде де қолға алынып келеді. Дегенмен кемел келешекке көш бастаған елімізде осы саланың кенжелеп тұрғаны жасырын емес. Оның ішінде Ұлы Дала тарихының екі мың жылдан аса уақыт бойы соғып тұрған жүрегі – қастерлі Тараз шаһарында туризмді ілгерілету ісі өңірдің өзекті мәселесінің бірі де бірегейі. Оның үстіне әлемді әбігерге салған карантиндік шаралар Әулиеатаны да айналып өткен жоқ. Салдарынан аймаққа ат басын бұрған туристердің саны да айтарлықтай азайып кетті. Қазіргі жағдай қалай, қандай жобалар жүзеге асуда?

Қасиетті Қаратау мен Алатаудың тоғысқан тұсында адамзаттың пайда болу тарихынан бері табиғат ананың тал бесігінде тербеліп келе жатқан киелі Әулиеата өңірі тұңғиық тарихымен де, таңғажайып қайталанбас хас сұлу табиғатымен де ерекше. Бай тарихы, жануарлар мен өсімдіктер дүниесі, жанға жайлы климаты, қайталанбас көркем табиғаты Жамбыл облысын талғамы жоғары туристер үшін де ерекшелеп тұрғаны жасырын емес. Айталық, Тараз шаһары аумағында 3 448 тарихи-мәдени ескерткіштер орналасқан, оның 25-і республикалық дәрежедегі нысан болса, 3 423-і жергілікті маңызы бар ескерткіштер. 8 ескерткіш Қазақстанның киелі жерлері картасының тізіміне, 27 ескерткіш Қазақстанның микросакралды картасына, 3 ескерткіш Қазақстанның өңірлік деңгейдегі Туристендіру картасына, 2 ескерткіш Еуразиялық Экономикалық Ынтымақтастық Ұйымының Дүниежүзілік ерекше туристік тартымды нысандарының тізіміне және 5 археологиялық ескерткіш ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген. Сонымен қатар облыс аумағында 200-ден астам ежелгі қалашықтар орналасқан. Оған қоса өңірде 4 қорық пен қорықтық аймақ бар, олар: Таласта – Берікқара, Мойынқұмда – Андасай мен Жусандала, Сарысуда – Ақсай қорықтық аймақтары және Қарақоңыз ботаникалық қорықшасы. Тағы бір айта кетерлігі, Жамбыл жерінде ғалымдар мен жергілікті өлкетанушылар 2000-нан астам объектілерді анықтап, тізімге алған болатын. Олар: ежелгі тас дәуірі ескерткіштері, ерте замандағы көшпелілер – сақтар, қаңлы, үйсін қорғандары, тастағы бейнелер, ежелгі тұрақтар, тас мүсіндер, орта ғасырлық қалалар, архитектуралық кешендер және тарихи-эволюциялық ескерткіштер. Облыс аумағы арқылы, атап айтқанда, Сайрам кенті – Тараз – Ақшолақ– Ақыртөбе станциясы – Құлан– Меркі – Шу – Аспара – Қордай арқылы Ұлы Жібек жолы өтеді. Жол бойында тарихи және мәдени құнды, төрткүл дүние туристерінің қызығушылығын арттырып отырған ескерткiштер орналасқан. Бұл қатарда Шу ауданындағы Ақтөбе қалашығы, Т.Рысқұлов ауданындағы Өрнек, Құлан қалашықтары, Байзақ ауданындағы Қостөбе қалашығы және Жамбыл ауданындағы Ақыртас кешені, Байзақтағы Қамыстыбұлақ, Қарасай, Т.Рысқұловтағы Жарлысу, Талдысу, Тұйықтөр, Шыбынды, Меркідегі Түркі таңбалары, Жалаңаштың жартасы, Сулысай, Тоғансай, Жуалыдағы Қаратас, Күркіреусу, Қосмұрат, Қарамұрын, Қордайдағы Иірсу жартас, Байқансай, Қарақайнар, Тоспалы, Еспе, Қостөбе, Қопалы, Райсай, Ырғайты петроглифтері мен Мойынқұмдағы жартасты бейнелер, Таластағы Қарағашты, Кемер-Қызылтау, Үлкен Шабақты, Бәзіл, Тақиятөбе, Жолбарысқамал петроглифтері мен Бескепе, Найзақызыл таңбалары, Шудағы Теректі жартастарындағы өрнектер, Жайсаң, Майтас, Малбике, Үңгірлі, Қарауылтөбе, Далақайнар, Аламан, Бекбай, Қасқырсай, Көкқайнар, Шатырқұл, Аққұдық, Ащылы, Күйелі петроглифтері бар. Әрине, Әулиеатадағы тек қазақ халқының ғана емес, күллі адамзаттың даму тарихына қатысты ескерткіштерді екі ауыз сөзбен есептеп тауысу мүмкін емес. Ендігі басты міндет – осынау бай тарихты бағалап, басымдықты осыған бағыттау. Күні кеше ғана Тараз қаласын Дүниежүзілік қолөнершілер қалалары тізіміне енгізу жөнінде ауқымды шара өтті. Айталық бұл тізімде әлем бойынша бас-аяғы 55-ақ қала бар. Олардың қатарында Қазақстаннан бірде-бір қала жоқ. Шетелдік сарапшылар оң бағасын берсе, тарихы терең Тараз шаһары аталған тізімге еліміздің атынан ең алғашқы шаһар болып енетін болады. – Қазақ халқының мұрасында өнердің бір түрі – қолданбалы өнер. Күнделікті өмірде қыш ыдыстар өндірісі, шыны құю, тоқу және киіз жасау, жібек шаруашылығын дамыту және зергерлік бұйымдар өндірісі болды. Бұйымдар жасауда шеберлер үлкен шығармашылық мұра қалдырды. Қандай өнер болмасын, барлық құндылықтар ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырды. Тараз шаһарын Дүниежүзілік қолөнершілер қалалары тізіміне енгізудегі басты мақсат – өңірдің әлемге танылу деңгейі мен туристік имиджін көтеру, отандық қолөнершілер қауымын халықаралық деңгейде таныту, бәсекелестікке төтеп беру және жоғалып бара жатқан қолөнер түрлерін сақтап қалу. Қазақстанға танымал шеберлер мен қолөнер әлеміне енді қадам басқан жас мамандардың таланты мен талғамына қолдау көрсету. Дүниежүзілік қолөнершілер қалалары тізіміне әлеуетті қалалар белгілі бір қолөнер түрі бойынша енгізіледі. Тараз қаласы киіз өнімдерін шығару өнері бойынша ұсыныспен шығып отыр. Өйткені көшпенді халықтар киіз бұйымдарын көптеп шығарған және киіз басу қазақтың ата кәсібі болған. Күнделікті қолданыста болған киіз бұйымдарын шығаруды жаңарту арқылы, бұл өнер түрін Тараз қаласының брендіне айналдыру көзделеді, – дейді облыс әкімдігі туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жомарт Хажы. Қазіргі таңда аталмыш басқарма өңірдегі туризмнің тасын өрге домалату бағытында бұдан басқа да ілкімді істерді ілгерілетіп келеді. Әрине, кез келген салада жұмыстың қозғаушы күші қаражат екені белгілі. Бұл бағытта салаға инвестиция тарту, нәтижесінде санитарлық-гигиеналық тораптар салу, демалыс базаларын ашу, туризм түрлерін дамыту, әсіресе ауылдық аумақтарда этнографиялық, аргономиялық, экологиялық туризмді, әлеуметтік және балалар туризмін дамыту, туристік нысандарды цифрландыру бағыттарында бірқатар жұмыстар атқарылып, өңірге туристер легін арттыруға ықпал ететін жарнамалық-имидждік шаралар қолға алынған. Облыс аумағындағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдары бойында 56 сервис нысандары орналасқан, оның ішінде 37 нысан Қазақстан Республикасының Ұлттық стандартының талаптарына сәйкес келеді, ал 19 нысан бойынша сәйкестендіру жұмыстары жалғасуда. Ұлттық стандарт талаптарына сай келетін санитарлық-гигиеналық тораптар тізімі әзірленіп, оларды субсидиялау бойынша жеке инвесторлармен түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Жалпы облыс бойынша барлығы 81 санитарлық-гигиеналық торап жұмыс істейді. – Тараз қаласында орналасқан туристік нысандардың жағдайына зерделеу жұмыстары жүргізіліп, «Қазақ халқына мың алғыс» монументі, «Шахристан», «Көне-Тараз», «Тектұрмас» этно-мәдени кешені, «Жастар» аллеясы, Қайрат Рысқұлбеков саябағы, «Қазақ хандығы» монументі, «Жеңіс» саябағы нысандарында орын алған кемшіліктер жойылды. Туристік нысандарды цифрландыру мақсатында атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша қаңтар айынан бастап 30-ға жуық қонақүйде туристерді есепке алудың, туристік ағынды талдаудың және көші-қон бақылауын жүзеге асырудың бірыңғай ақпараттық жүйесі «E-QONAQ» қызметі іске қосылған. Бұл жүйе қабылдаушы тұлғалардың деректерін жинайды және өңдейді, туристік ағымға талдау жасайды және көші-қон бақылауын жүзеге асырады. Жүйе шетелдік азаматтарды тіркеу рәсімін оңайлату есебінен қолайлы туристік ахуал қалыптастырады, туристік қызметтер көрсету сапасын және мемлекеттің қорғалу деңгейін арттырады. Туризм түрлерінің ішінде этнографиялық, агрономиялық және экологиялық туризм түрлерін дамыту ауыл халқының әл-ауқатын жақсартуға әсер ететінін ескере келе, облыс аумағында орналасқан шаруа және фермер қожалықтары базасында аталған туризм түрлерін дамыту мүмкіндіктері жан-жақты зерделеніп, сараптама жасалуда. Сонымен қатар, ауылды мекендерде аталған туризм түрлерімен айналысуға ықылас білдірген кәсіпкерлерді анықтау бағытында іс-шаралар жүргізілуде. Бүгінгі күнге, Меркі ауданындағы «Меркі» мемлекеттік табиғи қаумалының аумағында шаруа қожалығы бар Айбек Махамбетабиев өз шаруа қожалығы аясында жоғарыда аталған туризм түрлерін дамытуға ниет білдіріп отыр. Демалушы туристерге барынша қолайлы жағдай жасау және сапалы қызмет көрсету үшін қонақтарға арналған, дәстүрлі, ұлттық нақышта жасалған 3 киіз үй орнатуға, туристерді Меркі ауылынан демалыс орны орналасатын жерге дейін тасымалдауға, сонымен қатар, тау өзендері мен Сандықтас, Қарақыстақ секілді тарихи орындарына экспедиция, экскурсиялық турлар жасауға барлық мүмкіндігі бар, демалыс орнын жандандыру жұмыстары жеке қаражат есебінен жүргізіледі. Кең спекторлы қызмет көрсетуге қолайлы шағын туристік кешенде 5 жаңа жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар Меркі, Т.Рысқұлов аудандарындағы таулы аймақтарда 10 туристік соқпақ өңделді, – дейді туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балаларға және еліміздің басқа өңірлерінен келген туроператорлар үшін, құрамына тарихи-мәдени нысандар енгізілген арнайы әзірленген бағыттар бойынша 5 ақпараттық тур өткізілген. Іс-шара барысында жалпы саны 300 турист облыстың туристік әлеуетімен танысыпты. «Taraz City bus» экскурсиялық автобусының жұмысы ұйымдастырылып, жалпы саны 16 қалаішілік экскурсияға 2000-нан астам балалар мен жасөспірімдер қамтылған. Оған қоса Тараз-Түркістан бағытында қалааралық 2 экскурциялық тур өткізіліп, 110 адам қамтылған. Аталған іс-шара ағымдағы жылдың қыркүйек, қазан айларында да жалғасын таппақ. – Жамбыл облысының туристік әлеуетін жарнамалау мақсатында имидждік іс-шаралар, атап айтқанда, шетел дизайнерлері мен сарапшыларының қатысуымен «Аspara fashion week» халықаралық сән апталығы, «Қолөнер шеберлері» көрмесі, фото сурет көрмесі, «Наурыз» мерекесі» фестивалі, «Живая струна» музыкалық фестивалі ұйымдастырылды. Сонымен қатар әлемнің 40 елінің өкілдерінің қатысуымен Алматы қаласында өткен Халықаралық «KITF-2022» көрмесінде облыстың туристік әлеуеті жарнамаланды, облыстық туроператорларға отандық және шетелдік туристік операторлармен меморандумдарға қол қойып, келісімдер жасауға мүмкіндік беретін алаң ұйымдастырылды. Сонымен қатар облыста жалпы құны 11,5 миллиард теңгені құрайтын 5 туристік жобаны іске асыру бағытында инвесторлармен жұмыстар атқарылуда. Ірі инвестициялық жобалардың қатарында қазіргі кезде құрылыс жұмыстары қызу жүргізіліп жатқан Жуалыдағы «Қаралма» тау-шаңғы кешені, «Көксай» этно-туристік кешені, Жамбыл ауданындағы «Таскөл», «Ақжол» этно-туристік кешені бар. Жыл басынан бері облыста туристерге көрсетілген қызметтерінің көлемі өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 10,6 пайызға көбейген, – дейді Ж.Хажы. Статистикалық мәліметтер бойынша 2016 жылдан бастап 2019 жылға дейін облысқа келген туристердің қатары өсіп отырған, ал карантиндік шектеулер қойылған кезеңнен кейін облысқа келген туристер саны 34 пайызға дейін азайған. Десек те қазір жағдай тұрақталып келеді дейді сала мамандары. Өңірдегі туризмді дамыту бойынша «AMANAT» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты Сайлауалды бағдарламасының республикалық жол картасында 2 көрсеткіш, облыстық жол картасында 5 көрсеткіш қарастырылған. Одан бөлек «Жамбыл облысында туризм саласын дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған бағдарламасы» да әзірленген еді. Тарихи-мәдени нысандарды модернизациялау, цифрландыру, инфрақұрылымын дамыту, абаттандыру, археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп, ашық аспан астында музейлер ашу, Таразды әлем деңгейінде танымал ету бағытындағы шараларды іске асыруға бағытталған бұл бағдарламаға Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан 9 тарихи нысан, атап айтқанда, «Айша бибі», «Баласағұн», «Ақыртас», «Қарасай», «Баркуаб», «Көне Тараз», «Сандықтас», «Көккөл» және «Тамды» енгізілді. Сол секілді Тараздағы тарихи ескерткіштер мен мәдени орындардың маңыздылығын, құндылығын және зор туристік әлеуетін ескере келе қаланы «Тарихи туризм орталығы» ретінде қалыптастыру көзделді. Ал аймақтың табиғи ресурстарына келер болсақ, өңір табиғаты Батыс Тянь-Шаньның Талас Алатауы, Қырғыз Алатауының жотасында, Берікқара мемлекеттік қорығында барлығы 30-дан астам шатқалдар, аты аңызға айналған өзен-көлдер, 8 ерекше қорғауға алынған табиғи аумақтар облыста халықаралық туристік базалар ашуға қолайлы және туризмнің экологиялық, спорттық, аң аулау, балық аулау, мәдени-демалыс, танымдық, ғылыми, этнографиялық түрлерін дамытуға үлкен мүмкіндіктер береді. Одан бөлек, агротуризм, медициналық туризм, іскерлік туризм түрлері тағы бар. Десек те бізде не көп, «Туризмді қалай дамытамыз?» дейтін іс-шаралар көп. Ал олар қандай нәтиже беріп жатыр? Себебі осы Тараз төрінде жыл сайын туризмді түлетуге бағытталған халықаралық ауқымды шаралар өтеді. Оған алты құрлықтан ат терлетіп сарапшылар шақыртылады. Іс-шараның атауын да «алтын» әріптермен ағылшыншалап айқайлатып жазады. Бірақ бір немесе екі күнге созылатын осындай шаралар сол мезеттен кейін үні шықпайды. Соншама сарапшыны сабылтып, ондай шараны өткізуге қыруар қаражат бөлгеннен нендей нәтиже шығып жатыр? Өкінішке қарай мұндай сауалдарға іс жүзінде жауап жоқ. Әрине, осы уақытқа дейінгі атқарылған шаруаларды жоққа шығарудан аулақпыз. Десек те сайда саны, құмда ізі жоқ уақытша іс-шараларға қарағанда, тұрақты түрде маңызын жоймайтын және өміршең жобаларға басымдық берілсе, одан ұтпасақ, ұтылмасымыз анық!

Нұржан ҚАДІРӘЛІ