«Шетелдік зерттеушілер тарихты індетіп іздейді»
«Шетелдік зерттеушілер тарихты індетіп іздейді»
– Ол – КСРО-ның кезеңі ғой. Филармонияның құрылуы–КСРО саясатының кішкентай бір тармағы. Ол кезде алыс аудан, ауылдардағы малшы, диқан, механизаторға концерт қоюымыз керек. Ел экономикасын көтеру жолында қарапайым еңбекшілердің көңілін көтеру, оларға жақсы демалыс сыйлау көзделді. Міне, осындай мақсатта облыстық филармония облыста 1970 жылдары құрылса, оның алғашқы директоры Григорий Шапияников деген азамат болды. Сол Григориймен бірге филармонияның ауыр жүгін қатар көтерістік. Қандай концерт десе де дайын болып, қандай ауыл десе де барып тұрдық. Кейіннен Нұрғазы Хамитұлы директор болып келді. Онан соң кәріс ұлтынан бір азамат басқарды. «Алатау» ансамблін құрған белгілі сазгер Алтынбек Қоразбаев та кейіннен осы филармонияға басшы болды. Мен табан аудармай жиырма жылдан астам уақыт аталған мекемеде еңбек еттім. Классикалық әндерден бөлек, халық әндерін де шырқадым. Сол филармонияның негізін қаладық деп айтсақ, артық бола қоймас. Менімен бірге сол кезде еңбек еткендердің арасынан әнші, биші Асқар Тұрғынбаевты, домбырашы Сыпатай Өсербаевты ерекше атап өткім келеді. Сондай-ақ домбыра, скрипка, фортепиано, баян, аккордеон және өзге де аспаптарда ойнай беретін едім. – Бір қызығы, осы филармонияда әнші болып жүрген жеріңізден сізге Жамбыл мәдени ағарту училищесіне директор болу туралы ұсыныс түсіпті. Ол уақытта аталған училище – облыстағы бүкіл мәдени қызметкерлерді дайындайтын бірден-бір оқу орын еді. Директор болу қиынға соққан жоқ па? – Ол кезде аталған училище директоры облыс әкімдігінің және Мәдениет министрлігінің келісімімен тағайындалатын. Облыс әкімінің сол кездегі бірінші орынбасары Әлмұхан Исақов шақырып алып, «Осы қызметке барасың ба, келісесің бе?» деді. Шынымды айтсам әуелі қорықтым. Бірнеше күн ойланып, келісімімді бермей жүріп, ақыры баратын болып шештім. Әйтпесе Исақов: «Жүр, қаласаң облыс әкімі Өмірбек Байгелдиевке кіргізейін. Ол кісі де сіздің кандидатураңызды қолдап отыр», – деді. «Жоқ, қолдап отырса, кірмей-ақ қояйын. Келістім» деп жөнге келдім. Ал ҚР Мәдениет министрлігі бірден қолдады. Бұрын басшылық қызметте болмаған соң басында көптеген қиыншылықтар кездескені рас. Білікті мамандармен кеңесе отырып, ол ауыртпалықты да жеңдік. Екі жылға жуық уақытта көп олқылықты жөнге келтіріп, училищенің жұмысын жолға қойдық. Тіпті ҚР Мәдениет министрлігімен келісе отырып, «Мәдениет училищесі» деген жаңа атауға ие болып, сол атауды училищенің маңдайшасына ілгізген кезімді қазір тарихи сәт ретінде еске алып отырмын. – Өзіңіз жоғарыда айтып өткен Жандар Кәрібаевтан кейін облыстық мәдениет департаментіне бастық болып бардыңыз. Қызметте өсу жолыңыз бұлай жылдам болады деп ойлаған жоқ шығарсыз? Сәттілік пе? – Оныңыз шындықтан алыс емес. 2005 жылдың аяғында облыс басшылығында ауыс-түйіс болды. Амалбек Тшанов облыс әкімі болып келді. Тағы да сол Әлмұхан Исақов шақырып алып, облыстық мәдениет департаментіне (басқарма департамент болып қайта құрылған еді) бастық болып барасың деді. Бір апта ойланып жүріп келісімімді бердім. Училищеде көп жобаларды бастап қойып едім. Соларды көбірек ойладым. Ақыры келісімімді бердім. Ол қызметте үш жыл жүрдім. Бұрын құрылып, тарап кеткен ұлт аспаптар оркестрін қайта құрдым. Академиялық қор құрдым. Бұл құрылымдарға бұрын мен басқарған мәдениет училищесінің бірнеше студенттері жұмысқа алынып, өздерінің үлестерін қосты. Осылайша мәдениет саласындағы қайнаған қызу жұмыстың арасында жүріп бірнеше жылдың қалай сырғып кеткенін де аңғармай қалыппын. Онан соң Сарыбай Қалмырзаев деген кісі келген кезде департаменттер мен басқармалар да бірқатар қысқартулар мен өзгерістер болды. Мәдениет, жастар ісі және туризм департаменті болып бірігіп кеттік. Сол кезде мен қызметтен кеттім. Әртүрлі ой ойладым. Алматы облысына кетіп қалғым келді. Сөйтіп, жүргенімде Сарыбай Қалмырзаев өзі шақыртып: «Бір жақсы мекеме құрылып жатыр. Өзі республикалық мекеме. Соған басшы болып барсаңыз. Оған бөлінетін ақша да көп болады», – деді. Екі күн ойланып жүріп, келісім бердім. Содан аталған «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық мұражайының директоры болып бардым. Сөйтсем, отыратын жеріміз де жоқ. Айлық жалақысы өте төмен мекеме екен. «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-музейінің қазіргі ғимаратын таласып жатып алып, жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Мекемеде үш ер азамат қана бар едік. Құрылыс жұмыстарында тегіс өзіміз жүрдік. Аянбай еңбек еттік. Тарихи мұраларды қалпына келтіру жұмыстары бойынша біздің облыс республикада бірінші орында тұр. Мен аталған «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық- музейінде жиырма жыл директор болдым. – Тарихқа көңіл бөлуіңіз осы «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-музейіне басшы болған кезіңізден басталды ма? – Жоқ, олай емес. Тарихты бала күнімнен жақсы көремін. Тарихи әңгімелерді, тарихқа негізделген дүниелерді оқып, ой қорытып жазғанды жаным қалайды. Менің тарихи мақалаларым бірнеше басылымдарда жарық көрді. Оның ішінде обыстық «Aq jol» газетінің орны бөлек. Газетте әр жылдары өте көп тарихи материалдарым шығып тұрды. «Ежелгі Тараз ескерткіштері» деген тарихи кітаптың үш томдығын шығардық. – Бір сұхбатыңызда «Әр адам 5600 жыл бұрынғы тарихты білуі қажет» деп пікір білдіріпсіз. Мұны қандай негізге сүйеніп айттыңыз? – Баршамыз білетіндей, адам өмірі қамшының сабындай ғана қысқа. Бірақ адамның зердесі мыңдаған жылдарды қамти алатын қабілетке ие. Қызығып іздеп оқыған тарихи кітаптарым көп. Оның ішінде ең құндысы – Шығыс елінің «26-тарих», «24-тарих» жылнама кітаптары. Оның ішінде біздің қазақ еліне қатысты томдар 300-ге жуық кітап болып, басылды. Қазақ тіліне 4 томы аударылған. Әр томы 1300 беттен тұрады. Оның ішінде Шығыс, орталық Азия мемлекеттерінің тарихы түгел қамтылған. Бірақ қазір оны зерттеп, реттеп, бір қалыпқа келтіріп жатқан ғылым жоқ. Сол тарихтың бір үзігінде Тараз қаласының іргетасы Ғұнның Тәңірқұты Теззектің тұсында қаланғаны айтылады. Онан соң Дешті Қыпшақ, Шыңғысхан, Арабтар дәуірі осы жерге дейін жеткенін тарихтан жақсы білесіздер. Тарихи бір түпнұсқада: «Мұсылман әлемінің шекарасы – Тараз» деп жазылған. Тарих деген қатпар-қатпар емес пе? 1900 жылдары француздың Шаванн деген зерттеуші, саяхатшы, археологы төрт керуенге артып, Шығыстың қолжазба тарихи мұраларын алып кеткен. Төрт керуен деген оңай олжа, аз жүк емес қой. Оның үстіне қолжазба деген – түпнұсқа еңбектер. Мен қорық-музейде директор болып жүргенімде Лондоннан Шығыс өнер музейінің директоры Сэр Брайан келді. Сол кезде 79 жаста екен. Ол не іздеп келді деп сұрасаңызшы? Ол Атлах шайқасы өткен жердің орнын іздеп келді. Атлах шайқасының орнын мысалы сіз барып көрдіңіз бе? Әкімдердің де кейбірі ондай тарихи құндылықты іздей бермейді. Атлахты көрсеттік. Оның орны қазір қирап жатыр, төңірегінде мал жайылып жүр. Ол тарихи жердің орны Тараз қаласының аумағында еді, кейіннен Қырғызға өтіп кетті. Біз сол Сэр Брайанмен кейіннен де хат жазысып, хабарласып тұрдық. Көп тарихи дүниелерді, оның ішінде Атлах жайлы да сұрайтын. Шетелдік зерттеушілер міне тарихты осылай індетіп іздейді. 2001-2002 жылы Оңтүстік Кореяның №4 мемлекеттік каналының продюсері келді. Атлах шайқасы кезінде Қытай әскерлері сапындағы бір қолбасшы кәріс ұлтының өкілі болған екен. Сол жайлы дерек іздеп келіпті. Өзі оператор, өзі жарық түсіруші, өзі продюсер. Жарты күн отырып менен сұхбат алды. Тарихи кітаптарға сүйене отырып, білгенімді айтып бердім. Оңтүстік Корея елінің ерекше құндылығы бар. Әр жаңа жыл келер алдында 30 минут бұрын басты телеарналарынан 30 минуттық тарихи хабар береді. Осыдан 30 жылдай бұрын менің сұхбатым да сол жаңа жыл басталар сәтте берілді. Кейіннен сұхбатым ішіне енгізілген, дайын дискіні салып жіберді. Оны көпшілікке көрсетуге ұялдым. Мені бірнеше жерде «Профессор» деп көрсетіпті. Айтайын дегенім, олар тарихты солай барын салып, іздейді. – Сіз үшін атақтың құны жоқ па? Жалпы атақ не үшін қажет? – Сұрақ өте орынды. Атақ өзге кісілерге неге қажет екенін білмеймін. Бірақ өнер адамдарына стимул үшін керек. Мен облыстық филармонияға әнші болып келгенімде «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» атағын алуым керек деп ойладым. Өзіме сондай мақсат қойдым. Өнерімді тыңдағанның барлығы мақтап, жақсы бағасын беріп жатты. Тіпті сол кездегі облыстық партия комитетінің хатшысы Ғайникен Бибатырова да жоғары атаққа мені ұсынды. Жеме-жемге келгенде бұйырмай қалды. Қытай жерінде туылғаным кері әсер етіпті. Сол атаққа арада он жыл өткенде бәрібір қолым жетті. Оған шүкіршілік етемін. – Тағы бір жолы БАҚ өкілдеріне: «Біз Еуроцентризмнен арылуымыз керек» депсіз. Жалпы, Еуроцентризм деген не? – Еуроцентризм деген – екі құрлықтағы барлық жақсылықты Еуропа елдеріне, грек, рим, испан халықтарына телу. Барлық құндылықтар сол жақтан бірінші шыққан деп соларға ғана таңып қою. Бірақ олар теректің жарық бөлшектерін паналап жүргенде біз киіз үйде өмір сүргенбіз. Олар шөп- шаламмен қоректеніп жүргенде біздің бабаларымыз малдың сүтін ішіп, етін азық етіп, мал жүнінен түрлі тоқымалар жасауға қол жеткізген. Үзеңгіні алғаш ойлап тапқан да – қазақ. Атқа міну мәдениеті қазақтардан алғаш тарады. Одан артық не керек? Қазақ халқының айыбы жазу-сызумен кеш әуестенгені. Ал Еуропалықтар тарихты тегіс жазып отырды. Онан соң жазуды ерекше серік еткен халық – Аспан асты елі. Ғұндар сол Сарыөзен жағасында өмір сүрген. Қытайлықтар өзін «Ханцумыз» дейді. Бірақ өздері қырық руға бөлінеді. Еуроцентризмге қарсы пікірімнен ешқашан қайтқан емеспін. Марқұм Карл Байпақов арқамнан қағып, риза болушы еді. – Қазіргі облыстық қоғамдық кеңестегі жұмысыңыз жайлы айта кетсеңіз? – Облыстық қоғамдық кеңесте ұйымдастырушы-инспектормын. Қоғамдық кеңеске мүше емеспін. Құжаттарды дайындау жұмыстарымен айналысамын. Бұл жерде де пайдам тисін деп, барымды салып, тер төгіп жатырмын. – Отбасыңыз жайлы айтсаңыз? – Атам Ұзақ батыр болған. Әкем Молдақын қытай жерінде өлке басқарған адам. Мен мұны мақтан етемін. Жұбайым екеуміз бес перзент тәрбиелеп өсірдік. Барлығы да өмірден өз орындарын тапты. Құдайға шүкір шөбере сүйіп отырмын. Жалпы, тағдырыма ризамын. – Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Есет ДОСАЛЫ.