- Advertisement -

Қанат Мырзахан олжалы оралды

239

- Advertisement -

Қанат Мырзахан жеңісін «Аq jol» газетінің 100 жылдығына да арнады.

Елімізге белгілі айтыскер ақын, жерлесіміз, Жуалының жампозы Қанат Мырзахан қай кезде де топты жарып жүрген жүйрігіміз. Ол өзінің су төгілмес жорға, нағыз сөз додасының майталманы екенін тағы бір дәлелдеді. Абай облысы, Ақсуат ауданында өткен «Асыл домбыра-2022» республикалық ақындар айтысы «Тұғыры биік Тарбағатай» атты тақырыппен өткен болатын.

Бәсі жоғары осы аламанда Қанат Мырзахан жасындай жарқылдады. Жыр додасына Мұхтар Ниязов, Рүстем Қайыртай секілді аузымен құс тістеген дүлдүлдер қатысты. Ол әуелі оралдық Бауыржан Шимерденұлынан басым түссе, онан соң қызылордалық Мұхтар Ниязовпен, Мұхтардың жерлесі, шиелілік Ержан Әміровпен сәтті айтыс жасады. Оның барлығынан сүрінбей өткенде финалда азулы Ринат Зайытовқа тап болды. Бұл айтыстың бір ерекшелігі қарсыласы алдын ала белгілі болмаған. Сол жерде жеребе арқылы суырып, нағыз шаппа-шап айтыс өтті. Бір айтыс барысында төрт рет шаппа-шап айтыс жасау мықтының мықтысының ғана қолынан келеді. Біздің Қанат мықтылардың қатарынан көрінді. Айтыстың атасы Жүрсін Ерман жүргізген жыр додасына бірнеше жылдан бері Дулат Тастеков деген ұлтжанды, жомарт азамат демеушілік жасап келеді.

Осылайша, Ринат Зайытов бірінші орынды (жеңімпаз) иеленіп, темір тұлпар мінді. Ал жерлесіміз Қанат екінші орынды иеленіп, қомақты қаржылай сыйлыққа ие болды. «Мен бұл жеңісімді жерлестеріме, оның ішінде Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына, облыс айнасы, қара шаңырақ басылым «Аq jol» газетінің 100 жылдығына арнаймын. Өте қуаныштымын. Құттықтап, қуанып жатқан барлықтарыңызға рақмет. Айтыскер Ахметжан Өзбеков бастаған халықаралық айтыс одағының облыстық филиалына рақмет. Алдағы уақытта «Асыл домбыра», «Алтын домбыра» айтыстарында бас жүлде алып қуантқым келеді. Бұйырса, сол күндерге жетейік, – деді Қанат. Біз Қанат Мырзаханды жеңісімен құттықтап, тіл көзден аман болып, аламанда топ жара беруіне тілектеспіз.

Есет ДОСАЛЫ

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support