Денсаулық

Көп тілеуін көктен берді

Көп тілеуін көктен берді

Жер жыртып, егін еккен, бау-бақша баптаған шаруа үшін қазір қарбалас шақ. Мақсат – өнімді қамбаға құйып, ысырапсыз жинап алу. Облыс әкімдігінің ауылшаруашылық басқармасының мәліметіне қарағанда облыста егін орағы аяқталып келеді.

Биыл облыста 371078 гектарға арпа-бидай егілсе, оның 157150 гектары бидай, 213928 гектары арпа. Бүгінгі күні жоспарланған егіс алқабының 89,2 пайызы, 331,3 мың гектары орылған. Әр гектардан алынған орташа өнім гектарына 18,7 центнерден айналып, 620,0 мың тонна астық қамбаға құйылған. Қазіргі уақытта егін ору науқаны Байзақ, Мойынқұм, Шу аудандарында аяқталса, Қордай ауданында әр гектардан алынған өнім – 19,3, Т.Рысқұлов ауданында – 19,0, Жуалы ауданында – 18,9 центнерді құрауда. Науқанға 657 комбайн жұмылдырылған. Жеке шаруашылық құрылымдарында пішендеме дайындау да қарқын алып, 63,0 тонна дайындалыпты. Облыс бойынша 318,3 мың гектар шөп орылса, оның ішінде 108,4 мың гектары табиғи шабындық, 184,9 мың гектар көпжылдық және 27,1 мың гектар бір жылдық шөп. Қазіргі уақытта көпжылдық шөптің екінші орымы қызу жүргізіліп жатса керек. Бүгінгі күні 11,2 мың гектар көпжылдық шөп шабылыпты. Жалпы облыс бойынша 63,0 мың тонна пішендеме дайындалып, жоспар толық орындалса, 383,7 мың тонна сабан әзірленіп, сабан дайындау жұмыстары Жамбыл, Меркі, Мойынқұм, Т.Рысқұлов және Шу аудандарында аяқталған. Одан бөлек, 1,6 миллион тонна пішен жиналып, бұл бағыттағы жұмыстар жоспарға сәйкес жалғасуда. Еске сала кетсек, биылғы жылы 1,7 миллион тонна пішен, 63,0 мың тонна пішендеме, 491,8 мың тонна сабан, 60,0 мың тонна сүрлем дайындау межеленген. Шабындықтан бөлек, сай-сала, арық-атыз бойындағы бітік шыққан шөпті толық орып алса, мал баққан шаруа қауымы қолдағы төрт түліктің азығын қамтамасыз етіп алады. Биыл 72,7 мың гектарға көкөніс және бақша дақылдары егіліп, 6,3 мың гектарға артқан. Бүгінгі күнге дейін 580 мың тонна көкөніс және бақша дақылдары жиналған. Оның ішінде 11,6 мың гектарға картоп, 44,1 мың гектарға көкөніс пен 16,9 мың гектарға бақша дақылдары егілген. 2,5 мың гектар картоп алқабынан 58,4 мың тонна өнім жиналып, әр гектардан алынған өнім гектарына 229,2 центнерден айналуда. Сонымен қатар 10,6 мың гектардан 332,0 мың тонна бақша дақылдары жиналса, 8,5 мың гектардан 251,2 мың тонна көкөніс жиналған. Оның ішінде, 17,5 мың тонна қырыққабат, 33,4 мың тонна сәбіз, 48,6 мың тонна пияз, 50,1 мың тонна қияр, 37,4 мың тонна қызанақ, 63,8 мың тонна басқа да көкөніс дақылдары бар. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табуда. Облыс аудандарында су үнемдеу технологиясын енгізуде қарқын ала бастады. Су қоймаларын реттеп, каналдарды, арықтарды тазалау да жолға қойылды. Оның үстіне биыл көп тілеуін көктен берді. Дегенмен жемшөбін дайындап, мал бағу да, ерте көктемнен тынымсыз еңбек етіп, жер жыртып егін салу, бау-бақша, көкөніс өнімдерін өсіру де оңай жұмыс емес екенін түсінеміз. Сонда да азық-түлік тауарларының бағасын шарықтата бермей, бір мезгіл халықтың да жағдайына қарасқан жөн болар дейміз шаруа қауымға. Бағаның аспандап кететіні көбіне делдалдардың кесірінен екені белгілі. Сондықтан да «Алқаптан сөреге» жобасын аяқсыз қалдырмай, жандандырудың маңызы зор.

Амангелді ӘБІЛ