- Advertisement -

Абыланов атындағы мектептің мерейі үстем

368

- Advertisement -

Мемлекет қайраткері, журналист, ағартушы, драматург Сыдық Абылановты жас шағынан туған жерінде медресе ашып, бала оқытуға араласқан ұлт мақтанышы ретінде таниды ауылдастары. 1916 жылы ұлт-азаттық көтерілісіне қатысқан ол кейінгі жылдары оқу-ағарту саласына өлшеусіз үлес қосты.

 Атпал азамат 1922-1924 жылдары сол кездегі «Кедей еркі» (қазіргі «Aq jol») газетін басқарған. Тағдырдың сан қилы соқпағынан өтіп, қудалау құрбаны болған Сыдық Абылановқа байзақтықтардың құрметі ерекше. Заманында ауыл балаларын оқу- білімге шақырған ұстаздың есімін Байзақтағы бір мектепке беру де бекер емес. Бүгінде Сыдық Абыланов еңбек еткен «Aq jol» газетінің 100 жылдығымен қатар ұлт жанашырының есімін арқалаған еңселі білім ордасына да 50 жыл толыпты.

Осынау тарихы мол білім ошағының негізі ашаршылық жылдарынан кейінгі сүреңсіз кезеңде, нақтырақ айтсақ, 1935 жылы қаланған. Сол үшжылдық мектеп араға 5 жыл салып 7 жылдық білім беру мекемесіне ауысқан. Кейін, 1972 жылы білім ордасының жаңа ғимараты бой көтерген тұста мектепке Я.М.Свердлов атауы берілген. Аумалы-төкпелі заманда ашылған 640 орындық еңселі мектеп ауыл тұрғындарының асыға күткен арманы болған. Міне, сол кезеңнен күні бүгінге дейін білім ордасынан талай озат оқушы түлеп ұшып, қоғамда өз орнын тауып үлгерді.

Кеңес үкіметінің ықпалы жүріп тұрған уақытта білім ошағының екі ауысымда оқытатын аралас мектеп болып құрылуы да заңдылық деп білеміз. Әрі ел егемендігін алғанға дейін мектепке Сыдық Абылановтың есімін беру шенді-шекпенділердің түсіне де кірмейтін. Бабалардың асқақ арманы орындалып, азаттық алғанда салт-дәстүріміз, ұлттық құндылықтарымыз қайта жаңғырып, елді мекендерге, білім ошақтарына тарихта өзіндік орны бар, елдің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан арда тұлғалардың есімдері беріле бастады емес пе?! Араға жылдар салып, нақтырақ айтсақ, 2000 жылы мектепке елге еңбегі сіңген мемлекет қайраткері, журналист, драматург, Байзақ ауданының тумасы Сыдық Бұралқыұлы Абылановтың есімі берілді. Мұның өзі түптің- түбінде «шындық су бетіне қалқып шығады» дегеннің бұлтарпас дәлелі болғандай. Себебі, заманында жаңа мектептер ашып, жаппай сауат ашуды жолға қойған ағартушы Сыдық Абыланов еңбегінің есесіне 1938 жылы репрессия құрбаны болды. Алайда КСРО Жоғарғы сотының әскери алқасының 1958 жылғы 29 маусымдағы шешімімен ақталды.

Білім саласында 50 жылдық тәжірибесі бар мектеп ұжымы бүгінде ұлағатты ұстаздар салып кеткен педагогикалық үрдісі мен мәдениеті бар қара шаңыраққа айналған. Әрине, бүгінде мектеп күрделі жөндеуден өтіп, замана ағымымен жаңа ғасырдың талаптарына сай дамып, материалдық- техникалық базасы да жылдан жылға жаңаруда. Мектептің 50 жылдық мерей тойына орай білім ордасының түлегі Мұхит Әбдікәрімов демеушілік жасап, Сыдық Аблановтың еңселі ескерткішін орнатып берген.

«Білім – инемен құдық қазғандай» деген аталы сөздің астарын түсінген түлектерге мектеп ұжымы мен оқушылар да дән риза. Мектеп директоры Маржан Шартықбаева мектептің гүлденуіне қажетінше қол ұшын созуға дайын меценаттардың да аз емес екенін мақтанышпен айтады.

– «Жомарт түлек» жобасы аясында бірқатар демеушілер оқушылардың үзіліс кезінде тынығуына ыңғайлы аула салып берді. Құны 1 000 000 теңге болған «Жан жүрегім – Абланов» аллеясы оқушыларға жайлы, әрі бір сәт серігуге қолайлы. Аллеяның ашылу салтанатына ардагер ұстаздарды шақырып, бір жасап қалдық. Өткен өтті, мектептің бүгінгі белесі туралы айтар болсам, білім мекемесінде 1-11-сынып аралығында 930 оқушы, мектепалды даярлық тобында 66 тәрбиеленуші бар. Мемлекеттің басты капиталы адам болса, біздің, мектептің басты капиталы – бала. Баланың қауіпсіз ортада сапалы білім мен тәрбие алуы үшін 120 педагог, 31 кіші қызметкер бірлікпен еңбек етуде. Педагогтер жыл сайын оқу- тәрбие үдерісінде оқушылардың бойына ұлттық, жалпыадамзаттық құндылықтарды сіңіруге баса мән береді. Мектептің миссиясы да айқын. Мәселен, «Кәсіби ынтымақтастық ортаны қалыптастыру арқылы мектеп мәдениетін өзгерту; өзгермелі ортаға бейім, өздігінен және өмір бойы білім алу дағдылары қалыптасқан құзретті тұлға қалыптастыру» тақырыбын басшылыққа алып, алға қойған мақсат-міндеттер орындалуда. Ең бастысы, ұжымдағы мұғалімдер балалардың жан-жақты дамуы үшін озық педагогикалық технологияларды пайдалана отырып, қазіргі заман сұранысына еңбек етуде, – дейді мектеп директоры Маржан Кеулімжайқызы.

Сыдық Абыланов атындағы орта мектепте 25 оқу бөлмесі, спорт зал, мәжіліс залы, гардероб, асхана, 2 шеберхана, 3 лаборатория, ІТ сынып және 2 компьютерлік сынып бар. Қарап отырсақ, балалардың алаңсыз, сапалы білім алуына қажетінше жағдай жасалған. Оқу-тәрбие үдерісінде де компьютерлік техниканы тиімді пайдалануға зор мүмкіндік берілгенін аңғарасың. Мұғалімдер оқу-тәрбие үдерісінде 400-ден астам электронды оқулықты пайдалануы да көңіл қуантады. Сонымен қатар мектепте медициналық және дефектолог- логопед кабинеті қарастырылған. Сондай-ақ оқушылардың эстетикалық талғамын қалыптастыру үшін мектепті безендіру жұмыстары үздіксіз іске асады екен. «Бала сұлу жерде тәрбиелену керек» деген қағиданы басшылыққа алып, оқу кабинеттері мен дәліздер заманауи үлгіде безендіріліп жатқанына қарап, білім саласының Кеңес тұсындағы кезеңмен мүлде салыстыруға келмейтінін байқауға болады.

Мектептің даму жоспарындағы «Тәрбие жобалары іске асып, нәтижесінде білім алушылардың бойында жалпы адамзаттық, ұлттық, отбасылық құндылықтар қалыптасады және мектебіміз жасыл желекке оранып, «Шыршалы мектеп» деген атқа ие болады» деген бағдар да таңдай қақтырарлық. Осы жоспардың негізінде «Тәуелсіздікке тарту» акциясына орай отырғызылған шырша ағаштары мектептің ажарын ашып тұр. Қысқасы, мектепте туған елінің табиғатын аялайтын ұрпақ қалыптастыру бағытында ұйымдастырылған іс-шаралар аз емес. Еңсе тіктеп, еңбекке араласқаннан қазақ балаларының білімді болып жетілуін қалаған Сыдық Абылановтың аманатын арқалаған мектеп ұжымына біз де табыс тілейміз!

Сәндібек ПІРЕНОВ

Байзақ ауданы.

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support