Денсаулық

«Пара бермесең, бара бер...»

«Пара бермесең, бара бер...»

Жемқорлық мәселесі қоғамның жазылмаған заңы сияқты. Қазір оны ешкім талқылап жатпайды. Жұмысынан бұрын ақшасын іздейді. Делдалдардың дәуірі жүріп тұр деуге болады. «Ұсталмаған ұрылардың» есебіне ешкімнің жете алмай жүргені сондықтан. Кеше облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев журналистермен кездесіп, осы мәселенің мән-жайына кеңінен тоқталды.

Облыста жұмысқа қабылдау кезінде пара алу фактілері азаймай тұр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің мәліметі бойынша денсаулық сақтау ұйымдарының басшылары сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған тұлғаларды жұмысқа қабылдаса, білім беру мекемелерінің басшылары кәсіпкерлікпен заңсыз айналысқан. Жарты жылда департаментте сыбайлас жемқорлық бойынша – 46 (былтыр – 29) қылмыс тіркелген. Бұл – ресми дерек. Ал әлеуметтік желілерде талқыланып жатқан жұмысқа тұрудың «ақысы» туралы әңгіме мүлдем басқа. Заң бойынша параны алушы ғана емес, оны беруші де, ортадағы делдалдар да қатаң жазаланады. «Бұл мәселе де адамның адамгершілігіне байланысты дүние. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ешқашан толастамауы керек. Қоғамда үнемі сыбайлас жемқорлықпен күрестің жаңа механизмдерін қалыптастырып отыру қажет. Әр адам сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің негізгі принциптерін, онымен күресті жүзеге асырушы органдарды, заңмен белгіленген кепілдіктерді, сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарының түрлерін және олар үшін жауапкершіліктерді, сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтары үшін ерекше талаптарды білуі тиіс. Бұл жерде үлкен идеология болуы керек», – деді Еркін Құлымбайұлы. Алда жаңа оқу жылы басталғалы отыр. Мектептерге жаңа мұғалімдер қабылдана бастайды. Маңызды сәтте осы мәселе орын алмас үшін алдын ала ұйымдастырылған жиында балабақша мен білім ошақтарының басшыларын ротациялау, ұстаздарға сағат бөлу мәселелері де талқыланды. Қайткен күнде де сыбайлас жемқорлықтың соңы – құқықтық нигилизмге алып келеді. Қоғам сенуден қалады. Сондықтан бұл жерде ең алдымен сананы тазарту, рухани болмысымызды байыту жайы тұр. Сонда ғана таптаурын түсініктің іргесі сөгілуі мүмкін.

Гүлжан РАХМАН