Барлық мәселелер кешенді түрде шешілуі тиіс

53

Республикалық және жергілікті жобалардың мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, ауылдардағы мәселелерді кешенді түрде шешуге күш салу керек. Тараз қаласы және аудан әкімдері мен басқарма басшылары қатысқан кеңесте Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов осылай деді.

Басқосуда экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова алдағы жылға арналған бюджет, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы, «Асарлатып үй салу», тұрғындардың тұрмыстық табысын арттыру пилоттық жобаларының орындалу барысы туралы баяндады.

Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру бойынша пилоттық жобасы қазіргі таңда 14 ауылдық окрукте іске асуда десек, ағымдағы жылы тағы 10 ауылдық округке қаржы бөлу қарастырылуда.

Облыс әкімі «Ауыл – ел бесігі» жобасының талаптарына сәйкес ағымдағы жылы пилоттық жоба негізінде жүзеге асқалы отырған 10 ауылдық округтегі елді мекендерді кешенді дамыту мақсатында 2023 жылдың бюджетіне берілген өтінімдерді қайта қарап, қаржыны сол ауылдарға бағыттау керектігіне назар аудартты.

– Біз бұл жобалардың мүмкіндігін әр ауылда тиімді пайдалануға тиіспіз. Жергілікті тұрғындардың тұрмысын жақсартуға, ауылдағы әлеуметтік мәселелерді де қатар шешу барынша көңіл бөлу керек. Барлық жұмыстардың кешенді түрде орындалуы маңызды. Ол үшін пилоттық жобаға енген округтердегі өзекті мәселелерді талдап, шешу бойынша ұсыныстар әзірлеңіздер. Ауыз су, газ тарту, әлеуметтік нысандармен қамту бойынша жобалық-сметалық құжаттарды тезірек дайындауға көңіл бөліңіздер, – деген Нұржан Нұржігітов аудандар мен басқармаларға бірлесіп жұмыс жүргізуді тапсырды.

Айта кетейік, ағымдағы жылға тапсырылған өтінімдерге сәйкес, барлық 24 ауылдық округтегі 37 ауылдық елді мекенде жалпы 9 565,1 миллион теңгеге 63 жоба іске асырылуда.

Аймақ басшысы жобалар бойынша ЖСҚ әзірлеп, бюджетке өтінім берудегі белсенділігі төмен аудандардан жауаптар алды.

– Біз жұмысқа деген мұндай көзқараспен тұрғындардың жағдайын жақсартып, мәселелерді шешуде қандайда бір нәтижеге жете алмаймыз, – деді облыс әкімі.

Жиында «Асарлатып үй салу» жобасының орындалу жайы да талқыланды.

Биыл бұл жоба бойынша баспанаға мұқтаждарға 121 үй салып беру жоспарланған десек, оның бүгінге дейін 18-і пайдалануға берілген.

Аудан әкімдері жыл соңына дейін қалған барлық үйлер толығымен тапсырылады деп сендірді.

– «Асарлатып үй салу жобасының» түпкі мақсатын ұмытпаңыздар! Ол – жергілікті тұрғындарды ауылдастары үшін жаңа үйдің құрылысына жұмылдырып, бірлікке, қайырымдылыққа, мейірімділікке үндеуге негізделген.

Кейбір аудандарда ескі, бос үйлерді сатып алып, жөндеуден өткізіп жатқандар бар. Оны да игі іс ретінде атап өтуге болады. Демеушілер есебінен атқарылатын бұл жұмыстарды да құптаймыз. Дегенмен ата-бабаларымыздың ізгі дәстүрін жаңғыртқан жобаның басты тәрбиелік мәні – кейінгі ұрпаққа үлгі болуы тиіс, – деді Нұржан Нұржігітов.

Жиын қорытындысымен аудан әкімдері мен басқарма басшыларына нақты міндеттер жүктелді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Comments are closed.