- Advertisement -

Жұмысына салғырт қараған басшылар жазасыз қалмайды

128

- Advertisement -

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов өңірде 6 айда атқарылған жұмыстың нәтижесімен танысып, алдағы бағытты бағдарлап алу мақсатында кеңейтілген отырыс өткізіп, оған барлық ауданның әкімдері мен басқарма басшылары түгел қатысты. Белгіленген индикатордың орындалу барысы бағамдалып, тиісті дәрежеде жұмыс көрсеткішіне қол жеткізе алмай отырған бірқатар аудан әкімдері мен басқарма басшылары өңір басшысының қатаң сынына ілікті.

Жиында ең алдымен облыс әкімінің жаңадан тағайындалған штаттан тыс кеңесшілері таныстырылды. Бұдан былай балалар және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша «Сенімен Болашақ» РҚБ облыстық филиалының төрағасы Дәурен Бағжанов, ал әйелдер істері мәселелері бойынша Тараз қалалық мәслихатының депутаты Әмина Қайназарова облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі қызметін атқаратын болады.

Жиынды бірінші болып облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекованың есебі тыңдалды. Ол қаңтар- маусым айларындағы облыстың әлеуметтік- экономикалық даму қорытындыларымен қатар ұлттық жобалардың жүзеге асырылу барысын да баяндады. Бірінші тоқсанның қорытындысымен облыстың жалпы өңірлік өнімі 463,1 миллиард теңгені құрап, 5 пайызға артқанын айтқан ол орындалмай қалу қаупі бар индикаторларға да тоқталды.

– Жамбыл, Қордай, Сарысу, Талас аудандары есебінен ауыл шаруашылығы саласына тартылған инвестиция көлемі 27,7 пайызға, Байзақ, Сарысу аудандары мен Тараз қаласы есебінен тамақ өнімдерін өндірудегі негізгі капиталға салынған инвестициялар 43 пайызға төмендеген.

Бұған қоса, ет өндірісінің қысқаруы Меркі және Т.Рысқұлов аудандарында, сүт Жуалы, Меркіде, жұмыртқа

Жамбылда, жылқы саны Қордай мен Таразда, ІҚМ саны Қордай, Т.Рысқұлов, Таразда, құс саны Жамбыл ауданы мен Тараз қаласында байқалады.

Аталған аудандар тарапынан тиісті жұмыстар атқарылмаған жағдайда, жалпы жоспарланған облыс көрсеткіштеріне қол жеткізу мүмкін болмайтыны анық.

Бұл өз кезегінде бекітілген жұмыс орнының ашылмау қауіпін тудырады, – деді басқарма басшысы. Сондай-ақ Мойынқұм, Талас, Жуалы, Қордай аудандарында негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі төмендеген. Ал Байзақ, Жуалы, Қордай, Мойынқұм, Сарысу және Шу аудандары сауда айналымын азайтуға жол берген. Өнеркәсіп өнімінің көлемі Жуалы, Мойынқұм, Т.Рысқұлов аудандары төмен орындаған болса, инвестиция көлемін Жуалы, Қордай, Мойынқұм, Талас аудандары, құрылыс көлемін Меркі, Мойынқұм аудандары төмен деңгейде қалыптастырып отыр екен. Сондай-ақ басқармалармен жасалған талдау нәтижесінде инвестиция тарту бағытында Жуалы, Мойынқұм, Талас, Қордай аудандарымен көрсеткіштердің аз деңгейде қалыптасуы болжамданса, Мойынқұм мен Сарысу аудандарымен құрылыс көлемінің өткен жылдың тиісті кезеңінен төмен орындау күтілуде.

Жиында ауыл шаруашылығы басқармасының жұмысы сын тезіне ілікті. Жартыжылдық қорытындысына сай көрсеткіші төмен көңіл көншітпейтін индикаторлар бойынша басқарма басшысы Ербол Жиенқұловты жауапқа тартты.

– Жұмысқа талдау жасау керек. Өкінішке қарай, басқарма тарапынан ол жұмыс жоқ. Жауаптың бәрі жалтарма. Сегіз көрсеткіш бойынша жоспар орындалмау қаупі бар. Субсидия көлемін бір жылдың ішінде екі есе ұлғайттық. Сол қаражат қайда? Басқарма тарапынан аудандармен жұмыс жоқ. Басқарма қайда қарап отыр? Сіздердің тараптан жүйелі жұмыс көріп тұрған жоқпын, – деді Нұржан Молдиярұлы.

Аппараттың кеңейтілген отырысында облыс әкімінің орынбасарлары Рүстем Дәулет, Нұржан Календеров, Еркін Үйсімбаев және облыс әкімі аппаратының басшысы Мәди Мәтен баяндама жасап, есеп берді. Олардың әрқайсысы өздері басшылық ететін салалар бойынша атқарылған жұмыстарға және болжамды шаруаларға тоқталып өтті.

Баяндама жасаған Нұржан Календеров: «Бүгінгі күнге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру мәселесі өзекті болып отыр. Бұл орайда бірқатар тиісті шаралар қабылдануда.

Дегенмен бұл бағыттағы жұмыстар Тараз қаласы мен аудан әкімдіктері тарапынан тиісті деңгейде орындалмай отыр. Атап айтқанда, Тараз қаласы мен аудан әкімдіктеріне сауда нүктелерінде әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларына қатысты баға үстемесін 15 пайыздан асырған жағдайда, тиісті шаралар қабылдау туралы тапсырма берілген.

Алайда Талас, Меркі аудандарында бұл бағытта мүлдем жұмыс жүргізілмеген. Отандық тауар өндірушілер мен дүкендер арасындағы тікелей жеткізу бойынша келісімшартқа отыру туралы тапсырма сапасыз орындалған.

Жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесінде Сарысу ауданында – 9, Т.Рысқұлов ауданында – 16, Жамбыл ауданында 11 отандық тауар өндірушілермен дүкендер арасындағы тікелей жеткізілу бойынша жасалған келісімшарттар заң талаптарына сәйкес емес тек статистикалық мәлімет үшін формальді түрде жасалғаны анықталды», – деді.

Өз кезегінде облыс әкімі Нұржан Нұржігітов жұмысына салғырт қараған аудан әкімдері мен басқарма басшыларынан түсініктеме алып, тәртіптік жаза қолдануды тапсырды.

– Бағаны тұрақтандыру мәселесіне байланысты, инфляция деңгейі көп болғаны үшін Премьер-Министрдің хаттамалық тапсырмасына сәйкес Нұржан Календеров тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Дәл сол сияқты, менің бұйрығыммен тиісті мамандар, аудан әкімдерінің орынбасарлары да жауапқа тартылған болатын. Енді қай ауданның әкімі жұмыс істемейді, соны тәртіптік жауапкершілікке тартамыз. Нұржан Сәбитұлы, жаңа сіз Талас және Меркі аудандарын айтып кеттіңіз. Премьер-Министр қаншама рет селекторлық жиын өткізді, қаншама рет айтты, бірақ соны орындамай отыр. Біз тиесілі жұмыс көріп тұрған жоқпыз. Кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы басқармасы және аудандардан ол жұмыстарды көріп тұрған жоқпыз.

Меркі ауданы әкімінен түсініктеме аласыз, ресми түрде ескерту бересіз. Сондай-ақ жұмыспен қамту басқармасының басшысы Еркін Келесовке ресми түрде ауызша ескерту жасаймын. Жұмыс істеп жатқаныңызға екі ай болды, бірақ нәтиже көріп тұрған жоқпын. Өйткені сіз бұл салада аудандық деңгейде ұзақ жыл жұмыс істедіңіз. Яғни, істі ширатып алып кетуіңіз керек еді. Бірақ олай болмады. Бір ай уақыт беремін, егер жағдай түзелмесе, қатаң жаза қолдануға тура келеді, – деді облыс басшысы.

Келесі кезекте облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев баяндама жасады. Атқарылған жұмыстармен қатар, Еркін Құлымбайұлы шешімін күткен мәселелерге де тоқталды.

– Білім саласындағы қоғамды алаңдатып жүрген мәселелердің бірі – «Жалпыға бірдей міндетті білім қоры» бойынша қаралған қаражатты ұлғайту, яғни 32 500 теңгеден 50 000 теңгеге көтеру мәселесі. Биылғы жылы жалпыға бірдей міндетті білім қоры есебінен 47 601 оқушыны әлеуметтік қолдауға 4,7 миллиард теңге бөлінді. Ата-аналардың талаптары бойынша берілетін қаражатты 50 мыңға дейін көтеру қосымша жергілікті бюджеттен 833 миллион теңгені қажет етеді. Білім саласында басқа да қажеттіліктің жоғары болуына байланысты Тараз қаласы мен аудандарға республикалық «Мектепке жол» акциясы аясында өңірдегі ірі кәсіпкерлер мен мердігерлер тарапынан ата-аналармен хабарласа отырып, жетпеген қажеттілікті қамтамасыз етуі қажет, – деді ол.

Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары облыста 258,2 мыңнан астам жас бар болса, олардың 25,6 мыңы жұмыссыз, «NEET» санатындағы жас ретінде танылғанын айтады. «Өзіңіздің тапсырмаңызға сәйкес бұл санаттағы жастардың аты-жөні мен мекенжайлары әлі де толық анықталмай, тапсырмаға немқұрайлық танытылып отыр. Аталған жұмыстар Тараз қаласы, Байзақ, Жамбыл, Сарысу аудандарында тиісті деңгейде жүргізіліп жатқан жоқ», – деді.

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов білім беру мен жастар мәселесіне ерекше көңіл бөліп, бұл тұрғыда басқарма және аудан әкімдіктері тарапынан барлық қолдау болуы керектігін ескертті. Әсіресе жастардың еркін жұмыс істеуі үшін оңтайлы жағдай жасалуы қажеттігін ерекше айтты. Аудан әкімдерінің жастар саясаты мәселесіне немқұрайлы қарайтынын, бұл өз кезегінде түрлі өкінішті жағдайларға әкеліп соқтыруы мүмкіндігін ескертті.

– Қаңтар оқиғасы көп нәрсені көрсетті. Өздеріңіз білесіздер, ол жерде барлығы дерлік жастар жүрді. Сіздер мына қарым-қатынастарыңызбен қалайша жастарды қоғамға пайдалы тіршілікке тартасыздар?

Мен қазір тиісті басқармаға тапсырма бердім, қай ауданның жастарына қанша қаражат керек, соны анықтайды, индикаторды мен өзім бекітіп беремін. Сол қаражатты сіздер бөліп бересіздер. Ол мүмкін 20 миллион болар, мүмкін 30 миллион болар. Жастар не сұрайды, қай бағытта жұмыс істейміз дейді, біз соны қамтамасыз етуіміз керек, – деді Нұржан Нұржігітов.

Облыс аппаратының кеңейтілген отырысында өңірдің даму көрсеткіштеріне қатысты көптеген мәселе қаралды. Олардың әрқайсысы бойынша хаттамалық тапсырмалар жүктелді. Сондай-ақ әр аудан мен басқармалардың жұмысы ай сайын кеңейтілген отырыс барысында жүйелі түрде қаралатын болып бекітілді.

Жиын соңында өзге де мәселелер хабарланды. Олардың қатарында облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Садубаев «Рухани жаңғыру» жобалық офисі таратылып, оның қызметкерлері «Өңірлік коммуникациялар қызметі» мекемесінің құрамына біріктірілгенін жеткізді.

Облыс әкімі жиынның қорытындысы бойынша тиісті шешімдер қабылданып, олардың тұрақты назарда болатынын айтты.

Маржан РАҚАЙ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support