- Advertisement -

Ұлтқа — ырыс, елге — құт

61

- Advertisement -

1994 жыл. Шерағаң – республикалық «Қазақстан» телерадио корпорациясының президентi. Сол кезде мынадай бiр үрдiс бар едi. Әр тоқсанда (әрбiр үш айда) бүкiл облыс әкiмдерi мен күллi республикалық мекемелердiң басшылары арнайы жиынға шақырылатын және бұл жиынды Қазақстан Президентi Н.Назарбаевтың өзi өткiзетiн.

Осы дәстүрлi жиында Шерағаңның атына Елбасы қатты сын айтты. Сөзiнiң ұзын-ырғасы мынаған сайды: Өскемендегi орыс ағайындар дәл қазiр «Қазақстан» телерадио корпорациясының жұмысына қатты наразы. Өйткенi қазақша хабарлар күрт көбейiп кеткен де, орысша хабарлар мүлде азайған. Бұ қалай? «Ресейге кетемiз, Ресейге көшемiз!» деген сөздер де осындайдан кейiн өрбитiнiн неге ескермеймiз? Бiздiң мемлекеттiк саясатымызға құлықсыз қарап, таразының басын тең ұстауға мойны жар бермесе, онда бiз де Шерхан Мұртазаның орнына басқа адам, басқа кадр қарастырамыз және тағысын тағылар.

Үзiлiс кезiнде Шерағаңды iздедiм. Өйткенi сынның бiр ұшы Қазақ радиосына да тиiп жатты (ол кезде мен Қазақ радиосының бас директоры едiм). Шерағаң Президенттiк аппараттың жауапты қызметкерiн былай шығарып, жекiп тұр екен:

– Шындыққа жанаспайтын мұндай деректi Президентке кiм бередi? Әрине, сендер бересiңдер! Түймедейдi түйедей етiп көрсетiп! Әйтпесе, қазақша хабарлар орысша хабарларға қарағанда сәл ғана басым. Бұл жерде аттан салатындай ештеңе жо қ . «Қазақстанда қазақша көбейiп кеттi» деген не сұмдық?! Қазақстанға қазақша ешуақытта көптiк етпейдi! Қарағым-ау, сен ағылшындардың «Бiздiң Англияда ағылшынша көбейiп кеттi!» дегенiн естiдiң бе? Не болмаса, өзбектердiң, француздардың? Естiген емессiң және естiмейсiң де!..

Шерағаңның күйiнетiндей де жөнi бар едi. Егер жаңылыспасам, дәл сол кезде электронды ақпарат құралдары (Қазақстандiкi бар, Ресейдiкi бар) тәулiгiне республикамызда қазақ тiлiнде – 9 сағат, орыс тiлiнде 180 сағат хабар таратып жатқан болатын.

Не керек, Шерағаңның үзiлiстен кейiн жарыссөзге шығатыны белгiлi болды. Шерағаңа:

– Кiшiрейе салыңыз, тiптi кешiрiм сұрай салыңыз! Қатты айтпаса, қатаң сынамаса, оның несi Президент?! «Өте орынды сынадыңыз, ендi бұл сыннан тиiстi қорытынды шығарып, кемшiлiктерiмiздi түзеуге бар күш- жiгерiмiздi жұмылдырамыз» дей салыңыз!» дегендер де табылды, сонымен бiрге:

– Жарыссөзге шықпай-ақ қойыңыз, жағдайды ушықтырып аласыз. Бұл жерде үндемеген, үндемей құтылған абзал, – деушiлер де болды.

Сонымен, Шерағаң жарыссөзге шықты. Кiшiрейген де жоқ, кешiрiм сұраған да жоқ. Себебi…

«Өз зиялыларына қырғидай тиген өкiметтен мен ешуақытта кешiрiм сұрамаймын!» Бұл – Жүсiпбек Аймауытовтың сөзi. Ақтық сөзi. 1931 жылы дар алдында айтқан сөзi. Егер Жүсiпбек Аймауытов өз әрiптестерi секiлдi кешiрiм сұрай салса («кешiрiм сұраудың» нәтижесiнде Жүсiпбектiң жанындағы тоғыз адам аман қалған), тiрi қалатыны күмәнсiз едi. Ж.Аймауытов кешiрiм сұрауды қажетсiз деп тапқан. Неге? Бiз ұлтымызды сүйгенiмiз үшiн ешкiмнен кешiрiм сұрамауымыз керек! Алладан да, адамнан да! Егер кешiрiм сұрадық па, онда бiз ешуақытта ұлт бола алмаймыз. Құнсызданамыз, арзандаймыз. Керiсiнше, ұлтын сүйе алмағандар, ұлтын сүйе бiлмейтiндер сұрасын кешiрiмдi! Бұл – Жүсiпбек Аймауытов ұстанған принцип. Шамамен, Шерағаң да осы принциптi ұстанды. Өйткенi таразыға түскен мәселе – ұлттық мүдде, ұлттық тiл туралы едi. Ал Шерағаң ұлттық мүдденi, ұлттық тiлдi, ұлттық мәселенi ешуақытта саудаға салған емес!

Шерағаң сөзiн сабырлы бастады. Қазақ радиосында да, «Қазақстан» телеарнасында да қазақша хабарлардың орысша хабарларға қарағанда сәл басымдау екендiгiн айта келiп, оның себептерiн санамалап шықты. Мәселен, Қазақ радиосын тек Қазақстандағы қазақтар ғана емес, сонау Қытай мен Ресейдегi қазақтардың да, Өзбекстан мен Қарақалпақстандағы қазақтардың да тыңдайтынына тоқталды. «Қазақстан» телеарнасындағы хабарлар орысша хабарлардан сәл басым түсiп жатса, оның балаларға арналған қазақша хабарларды көбейту зәрулiгiнен туындап отырғанын алға тартты. «Срыбных басқарып отырған «Казахстанская правда» газетi қыр соңымызға түсiп алды, – дедi сонымен бiрге Шерағаң, – «Қазақстан» телерадио корпорациясы туралы күн аралата бiр мақала басады. Мақалаларының бәрi – «жаптым жала, жақтым күйе». «Қазақша хабарлар күрт көбейiп, орысша хабарлар мүлде азайды» деген өтiрiк деректi өрттей қаулатып жүрген де – осы газет!».

Осыдан соң, Шерағаң күндей күркiреп, найзағайдай шатырлады:

– Телерадио дегенiмiз не? Ол – уыз! Уызында жарымаған, уызға жарымай өскен бала не болады? Оны бәрiңiз де бiлесiздер! Қазiргi күннiң балалары теледидарды емiп өседi. Балаларға арналған қазақша хабарларды көбейткенiмiз де сондықтан! Қазақтың радиосы мен Қазақтың мемлекеттiк телеарнасында «қазақша көбейiп кеттi…» деген не сұмдық?! Президенттiң айналасындағы азаматтарға айтарым, шатаспаңдар олай! Өзгенi де шатастырмаңдар!

Бұдан кейiн көзәйнегi жалтырап Елбасыға қарады:

– Аса мәртебелi Президент мырза! Жаңа Сiз өте қатты айттыңыз. Сiздiң сөзiңiз маған ауыр тидi… Алпыстан асқан жасым бар, осы уақытқа дейiн ешкiмнен қызмет сұраған емеспiн! Осы қызметке жiберген де – Өздерiңiз! Мен – жазушы адаммын. Менiң қаруым – қолымдағы қаламым! Бәлкiм, қызметiмдi тартып аларсыздар, бiрақ менiң қолымдағы қаламымды ешкiм де тартып ала алмайды!

Әлi күнге дейiн есiмде, Шерағаңнан кейiн 15 адам сөйледi. Кiлең марқасқалар! Қазақтың жақсы менен жайсаңдары! Бiрақ солардың бiрде- бiреуi (қанша дегенмен, ұлттың мүддесi таразыға түсiп жатқан жоқ па?!) «Шерхан Мұртазаның сөзiнiң жаны бар. Ескеру керек екен…» деген жадағай жәрдем, жаяу қолпашқа жарамады.

Ә, айтпақшы, Олжас Сүлейменов пiкiр бiлдiрген едi ғой. Ол не дедi? Олжекең былай дедi:

– Срыбных ауырып қалып, бүгiнгi жиынға келе алмады. Шерхан Мұртазаның ортамызда жоқ адамды сыртынан сынауы, сыртынан ғайбат сөз айтуы адамгершiлiкке жатпайды! Срыбных – менiң досым! Ол – турашыл, мемлекеттiң мүддесiн күйттеп жүрген адал азамат!

Ал ендi мемлекеттiң, яки Қазақстанның «мүддесiн күйттейтiн сол турашыл, адал азамат» қайда қазiр? «Әйт, шу, қарақұйрық» деп, баяғыда бала-шағасын алып Ресейге кетiп қалған. Бiржола! Естуiмiзше, Мәскеуде тұрады. Бiр кездерi Қазақстанда тұрғанын, Қазақстанның азаматы болғанын ұмытып та кеткен…

Ләйла ше? Ләйла Бекетова? Жоғарыдағы жиыннан соң көп ұзамай- ақ Шерағаң қызметтен шеттетiлiп, оның орнына Ләйла Бекетова келген болатын.

Қазiр Ләйла Бекетова Женевада (Швейцарияда) тұрады. Күйеуi В.В.Храпунов – Швейцарияның ең бай адамдарының бiрi. Қазақстанның қыруар байлығы мен қаржысын жымқырған ерлi-зайыптыларды бiздiң билiк сотқа тарта алмай әлек. Жақында ғана тергеушiлер анықтады, күйеуi Храпунов Алматының әкiмi болып тұрған кезiнде Ләйла Бекетованың тек қарақан басының(!) бiр Алматының өзiнде(!) 4 коттеджi, 9 үйi, 50-ге жуық жер телiмi болыпты!..

Әмірхан МЕҢДЕКЕ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support