Денсаулық

Жетісу (ақ өлең)

Жетісу (ақ өлең)

Тарихы терең, табиғаты ғажайып,

топырағынан кие кетпеген, жемісі жерге төгіліп, қысы-жазы көктеген, тауларының басын мәңгі қар басқан, арасында барыстары маң басқан, қарағайы қаптаған, самырсыны самсаған, орманы бақ боп біткен, сулары құт боп аққан, баулары алмалы, тастары таңбалы, шатқалы шақпақ жартасты, жазирасы жасыл бақшалы, жайлауы жұпар аңқыған, көлдері желмен толқыған, тұлпарларының тұяғы тас тілген, таңында бұлбұлдың әні естілген, қиясына қыран қонған, батырларының есімі ұлы майданда ұран болған, қасқайып қамал болған, арпалысып аман қалған, төсіне астана шаһар тұрғызған, бірінен бірі маңдайлы тұлғаларды туғызған, төрткүл дүниенің түбінен төріне өкіл сыйғызған, абат гүлге малынған, қорғандарынан бегзадалары алтын киімімен табылған, асты қала, үсті қала, тұрғындары мейірбан, дастарханы ақ пейіліндей жайылған, ұлдары азаткер, қыздары қайраткер, ақындары мұзбалақ, әншілері айқабақ, бесігі құтты, босағасы мықты, сәйгүліктері баптаулы, салт-дәстүрі сақтаулы, жасампаз рухы заманына жарасқан, көркемдігі жағынан жаһани жауһарлармен таласқан, елдікті өсиеттеген, кеңдікті қасиеттеген қайырлы қоныс, нұрлы өңір, қайран дархан Жетісу!

Күләш АХМЕТОВА,  ақын, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Жамбыл облысының Құрметті азаматы.