Денсаулық

Әкеге тартып туған ұл

Әкеге тартып туған ұл

Мал дәрігері Мізрапша Құрманқұлов туралы бір үзік сырҚАЗАҚТЫҢ АМАНДЫҚ-САУЛЫҚ СҰРАСУЫ «МАЛ-ЖАН АМАН БАДАН» БАСТАЛАДЫ. ӨЙТКЕНІ, МАЛ ҚАЗАҚТЫҢ НЕГІЗГІ КҮНКӨРІС КӨЗІ БОЛҒАН. ЖЕСЕ – АЗЫҚ, ІШСЕ – СУСЫН, КИСЕ– КИІМ, МІНСЕ– КӨЛІК ТӨРТ ТҮЛІКТІҢ ӨРІСІ МЕН ЖАЙЫЛЫМ ЖАҒДАЙЫН ОЙЛАСТЫРҒАН ҚАЗАҚ ОЛАРДЫ ӘРТҮРЛІ ІНДЕТТЕН ҚОРҒАП, ЕМ-ДОМЫН ДА ӨЗДЕРІ ЖАСАҒАН. БІЗДІҢ КЕЙІПКЕРІМІЗ МІЗРАПША ҚҰРМАНҚҰЛҰЛЫ –МАЛДЫҢ ӘРТҮРЛІ АУРУЫНЫҢ ЕМІН ЖАҚСЫ БІЛЕТІН МАЛ ДӘРІГЕРІ БОЛҒАН КІСІ.

...Ауылдық кеңес төрағасы Құрманқұл Жұмашев пен оның жары Фатиманың отбасында Мізрапшадан бұрын үш қыз бар-тын. Соңғысы Күлтай дүниеге келгенде келіндері шатасып, Құрманқұлдан «старшын жәке, ұлды болдыңыз» деп сүйінші сұраған екен. Хабар жаңсақ болып шығып, туылған нәресте қыз екені анықталған. «Осыдан «аузы күйген» Құрманқұл селсебет Мізрапша туылғанда келіндеріне сенбей шақалақты өзі барып көріп, кіндігін өзі кескен екен» деген сөз бар ел арасында. Ауыл молдасы Райқұл кітапқа қарап, «Мізрапша» деп қойыпты нәрестенің атын. Арпа ішінде бір бидай – Мізрапшаның дүниеге келгеніне 7 күн болғанда, яғни 1937 жылдың 27 тамызында әкесі, ауылдық кеңес төрағасы Құрманқұл Жұмашев «халық жауы» деген жаламен «итжеккенге» айдалып кете барған. Оған себеп – Құрманқұлдың қазақтың игі жақсы беткеұстарларымен аралас-құралас болғандығы. Құрманқұл өңірде кеңес өкіметі орнағаннан 1937 жылы айдалып кеткенге дейін жергілікті билікті басқарыпты. Бұл үйдің алғашқы қонағы, қоғам қайраткері, қазақ кеңес әдебиетінің классигі Сәкен Сейфуллин болған екен. Ұлы тұлғаның өмірдерегінде «1918 жылы 4 маусымда Ақмоладағы ақтар төңкерісінен кейін Сейфуллин тұтқындалып, 1919 жылы 5 қаңтарда Петропавл түрмесіне жіберілген болатын. Ол 47 күн бойы (24 қаңтар – 12 наурыз) атаман Анненковтың «азап вагонында» небір қорлықты көріп, 3 сәуірде Омбыдағы Колчак түрмесінен қашып шыққан. Шілдеде туған ауылына жеткен С.Сейфуллин мұнда да тыныштық бермеген соң, 2 айдан кейін Әулиеатаға қашуға мәжбүр болды» деген мәлімет бар. Әулиеатаға жасырын жеткен Сәкенді сол кездегі уездік атқару комитетінің төрағасы, замандас-сыйласы Қабылбек Сарымолдаевтан «сұрап алған» Құрманқұл Жасөркенде (ол кезде Діңгек) жайлауға киіз үй тігіп, 3 күн қонақ етіпті. «Кейін басыма бәле болады-ау» деп ойламағаны-ау, ойласа да қазақтың қайсар ұлы үшін бәйгеге басын тіккен сияқты. Құрманқұлдың шаңырағында болып, оның шапағатын көрген кісінің бірі – Қазақ мемлекеттік университетінің ректоры, Қазақ КСР-нің Мәдениет, Сыртқы істер министрі, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, КСРО-ның Үндістандағы консулы болған қоғам қайраткері Төлеген Тәжібаев. 1928-1931 жылдары Әулиеата өңірінде өкілетті қызмет атқарған Т.Тәжібаев «Жасөркен» ұжымшарының атын қойып, өмірлік серігі, асыл жары Әзизаны осындағы Құрманқұл селсебеттің үйіне келін етіп түсіріп, ол кісі беташар тойын жасап берген екен. Бірге туғаның жасамайтын жақсылық. Төлеген Құрманқұлдың үйінде тұрса, онымен бірге келген досы, кейін белгілі қоғам қайраткері, 1965-1970 жылдары облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Бименде Сәдуақасов сол ауылдағы Зәуірбек Жүнісбеков деген кісінің үйінде тұрған екен. Қазақ КСР Сыртқы істер министрі лауазымындағы Төлеген Тәжібаев 1955 жылы жұмыс сапарымен Жамбыл облысында болғанда арнайы Жасөркен ауылына атбасын бұрып, Құрманқұл ағасына сәлем беріп, құрмет көрсетіпті. Бірінші хатшы Бименде Сәдуақасов та 1966 жылы Құрманқұл ақсақалмен арнайы кездесіп, жай-жағдайын сұрап, сұхбат құрғанын айтады көзін көргендер. Тағы бір танымал қоғам қайраткері, 1922-1937 жылдары Қазақ АКСР Орталық атқару комитетінің жауапты хатшысы болған Жанайдар Сәдуақасов 1934 жылы Әулиеата уезінде жұмыс сапарымен болғанда, уезд басшылары мәртебелі қонақты Құрманқұлдың үйінде күткен екен. Қазақтың «би болмасаң би болма, би түсетін үй бол» қағидасына сай сенім көрсетілген Құрманқұл Таластың жағасына киіз үй тігіп тастап, қонаққа құрмет көрсетіпті. Аса сезімталдығы әрі қазақи көрегенділігі ғой, отанасы Фатиманың жүрегі айнып жүргенін байқап қалған Жанайдар Сәдуақасов «ұрпақ сабақтастырғалы жүр екенсіз, көрімдігін бере кетейін» деп апамызға ақша ұсыныпты. «Берген жомарт емес, алған – жомарт» дейді кеңпейіл қазақ ырымдап. Сол жолы апамыз «майкөт қыз» Күлтай әпкемізге жүкті екен. Бұл оқиғаларды неге айтып отырмыз? Текті адам тегін болмайтынын, кейіпкеріміз Мізрапша ақсақалдың шыққан жері жақсы екенін аңғарту үшін. Ұлы Отан соғысы кезінде балалығын соғыс ұрлаған ұрпақтың жағдайлары ауыр болғаны белгілі. Ал әкесі «халық жауы» атанып айдалып кеткен Мізрапшаның тағдыры тіпті қиын еді. Күлән, Күлшарипа, Күлтай атты үш қыз және әкесінің түрі-түсін де білмейтін Мізрапшамен тағдыр талқысында қалған Фатима ананың көрмегені жоқ. «Халық жауының» отбасы қудалауға түсіп, қыздары мектептен шығарылған ана алғашында төркінін паналаған. Қазақта «ерден кетсе де, елден кетпеген» деген теңеу көгенкөздерін өзгеге телміртпеген аналарға арналып айтылған. Күйеуі тірі, жаламен айдалып кеткен Фатима ана балаларын ертіп ерінің ауылына қайта оралды. Баспанасыз, көршінің қорасында да тұруға тура келген кездер болған. Бәріне төзді. Қолын көсеу, шашын сыпырғы етіп жүріп, балаларын асырап-бақты. Жақсы күндерден күдерін үзген жоқ. Ақыры ол күнге де жетті-ау. Әкесі Құрманқұл 1946 жылы наурызда Амурдағы Комсомол қаласынан айдаудан оралған сәтін сол кезде 2-сыныпта оқып жүрген Мізрапша ақсақал былай әңгімелейді: – Мектепте сабақта отырғанбыз, класқа кіріп келген мұғаліміміз Рахымжан Қарауылов ағай «Мізрапша, сен үйіңе қайта бер, әкең келіпті» дегенде сең соққандай орнымнан тұра алсамшы. Артынша тез есімді жиып, үйге қарай құстай ұштым. Үйге жақындаған сайын жүрегім лүпілдей соғып, көңілім көкке көтерілгендей. Әшейінде көлігі барлары түгілі жаяу адамдардың өзі айналып өтетін біздің үйдің алды әртүрлі көлікке толы. Сол заманның ең мықты көліктері. Арасында ер-тұрманы келіскен аттар да көп. Әкеге деген сағыныш алабұртқан көңілге тұсау болған жоқ, көп кісі отырған бөлмеге қойдым да кеттім. «Туғалы жүзін көрмеген әкемді танымай қалып масқара боламын ба» деген қорқыныш та бар көңілде. Жоқ, олай болған жоқ. Мен әкемді бірден таныдым. Төрде өзін қаумалаған көпшіліктің ортасында төбедей болып отырған таутұлға адамға жақындай бергенде жүрісім өз-өзінен баяулағаны. Ол кісі мені алдына алып, маңдайымнан бір иіскеді де, қолыма бір түйір дәм ұстатып, тұрғызып жіберді. Тәтті ме, тоқаш па, есімде жоқ. Қуаныштан жүрегім жарылардай болып келген көңілім су сепкендей басылды. Мен «әкем аймалап өбіп, еркелететін шығар» деп ойлағанмын. Кейін түсіндім ғой, әкем мені сол кезден-ақ жасымауға, мойымауға тәрбиелеген екен ғой. Сондай тәрбиенің әсерінен болуы керек, үй шаруасына мығым Мізрапша 1956 жылы көрші Жалпақтөбе ауылындағы Чкалов атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін «Жасөркен» колхозына жұмысшы болып кірген. Сол кездегі қалыптасқан тәртіп бойынша ЖОО-ға немесе орта-арнаулы оқу орнына түсу үшін екі жылдық еңбек өтілі керек. Сол тәртіп бойынша екі жылдан кейін Жамбыл зоотехникалық-малдәрігерлік техникумына оқуға түскен Мізрапша 1961 жылы веттехник мамандығын алып шығып, жолдамамен Семей облысының Мақаншы ауданына тартқан. Осындағы 2 жылдық ветеринарлық қызметте тәжірибе жүзінде мамандықтың қыр-сырына қанығып, елге оралды. Туған жерге туын тігуді мақсат еткен азаматтың одан кейінгі өмірі мен қызметі Жасөркенде өтті. Алғашқы бес жылда ветеринар, қой және тауарлы-сүт фермаларының меңгерушісі болып қызмет атқарған Мізрапша 1969 жылдан зейнеткерлікке шыққанға дейінгі табаны күректей 28 жылда аға мал дәрігері лауазымында жұмыс істепті. Бұл жауапты қызметтің орта-арнаулы білімді маман Мізрапша Құрманқұловқа сеніп тапсырылуының өзіндік сыры бар. Үлкен ізденіспен жұмыс істеген іскер маман біліктілігі жөнінен жоғары білімді маманнан асып түспесе, кем болған жоқ. Кадрдың қадірін білетін басшылар Мізрапшаның біліктілігін лайықты бағалай білді. – Мал басын өз төлі есебінен өсіру үшін тууға қабілетті саулықтар мен сиырларды сақтау басты мақсат болды ғой барлық жерде. Сондайда, әсіресе туыт кезінде, ауырған аналық басқа ем-доммен қатар күрделі оталар жасауға тура келген кездер болған шығар? – деген сұрағымызға Мізрапша аға: – Оған сөз бар ма, – деп жауап берді. – Бірінші тума тұсақтар мен тайыншалардың талайының төлін медицинадағыдай кесар тілігін жасау арқылы аман алып қалдық қой. Келесі науқанда сол қой да, сиыр да төл берген мысалдар көп, – деп жауап берді жайбарақат. Бұл – білікті маманның сөзі. Мізрапша «медицина адамды емдейді, ветеринария адамзатты емдейді» қағидасын қатаң ұстанды. Ол қой отарларында, сиыр табынында, жылқы үйірінде мал ауруының қандай да бір түрі байқала қалса, сол індеттің тамырына балта шаппай тынбайтын. Керек десеңіз, аурудың ошағын түгел жоюға бар. Есесіне көп шығынға жол берілмейді. Адамдарды аурудан қорғап қалады. Саналы ғұмырының 41 жылын қоғам малын сақтау мен емдеуге арнаған білікті маман Мізрапша Құрманқұловтың еңбегі лайықты бағаланып, ол кеңестік кезеңде «Еңбек ардагері» медалін омырауға тақса, тәуелсіз Қазақстан тұсында оның қатарына «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне – 30 жыл», «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін» медальдары қосылған. Әр кездерде, әртүрлі деңгейдегі басшылықтан алған Мақтау қағаздары мен Алғыс хаттар да баршылық. Қызметкер Мізрапша Құрманқұлұлының еңбек жолы туралы айтарымыз осы. Отағасы Мізрапша ағаның өмір жолы да жастарға өнеге боларлықтай. София Зарипқызы екеуі шаңырақ көтеріп, отау құрғаннан бергі 60 жылға жуық уақыт ішінде тату-тәтті жұбайлық ғұмыр кешіп, жеті перзентке өмір сыйлады. Шаттық ұялаған шаңырақты «балалы үй – базарға» айналдырған сол 7 ұл-қызды тәрбиелеп өсіріп, білім алуларына жағдай жасап, ұлды ұяға қондырып, қызды қияға ұшырған Мізрапша мен София – бақытты жандар. «Қанаты бүтін сұңқар жоқ, тұяғы бүтін тұлпар жоқ», бүгінде сол жетеудің екеуі жер қойнауында жатыр. Полиция майоры Бақытжан – 35, мектеп мұғалімі Айнұр 25 жасында жол апатынан қаза тапқан. Алланың ісіне адамның шарасы жоқ. Шүкіршілігі сол, орнында бар оңалып, Бақытжаннан қалған 3 немересі өсіп жетілді. Еркебұланы – әскери қызметкер, Айжан – жоғары білімді дәрігер-гинеколог, Марғұлан – елордадағы әпкесі бітірген медицина академиясының студенті. Мізрапша мен Софияның өзге балалары да өмірде өз орындарын тауып, жүрек қалауымен таңдаған қызметтерін атқарып жатыр. Атасының қызы Зәуре – жеке кәсіпкер, Ғалия – білікті медбике, Зульфия мен Жасұлан– жоғары білімді мұғалімдер, кенже ұл Сабыржан – облыстық күзет басқармасында. Полиция лейтенанты. Қара шаңырақ иесі Сабыржан мен Жансая келін қариялардың жағдайларын жасап отыр. Олар да балаларына үй тірлігінде көмекші. Жалпы, Мізрапша мен Софияның ұл-қыздарынан 15 немересі бар. Бір-екеуінен шөбере де сүйіп отыр. Ата-ана үшін балаларының бәрі бірдей. Немерелер де солай. Сонда да болса, қолдағы бала мен келін бір табан жақын, немерелер– тәтті. Оны қариялардың 2 жасқа енді толатын Мансұрға өбектеуінен аңғару қиын емес. Отанасы София жеңгей – осы әулетке «бақкелін» болған жан. Ол енесін көрген жоқ. Ал қайындары Мұхамеджан мен Кенжетайды өзі үйлендіріп, отаулап шығарған. Балаларының анасы, Құдай қосқан қосағы Фатима дүниеден озғаннан кейін қайта төсек жаңғыртуды ойына да алмаған Құрманқұл атасы осы келінінің қолында болған. Ол кісі төрелеп барып, 82 жасында осы келіннің қолынан аттанды бақиға. София атасына, үйленгенге дейін қайындарына қамқор бола жүріп, перзенттерін дүниеге әкеле жүріп өндірістік жұмыстан да қол үзген жоқ. Кеңшарда бағбандар қатарында жеміс-жидек күтімімен айналысты. Үлгілі, үздік қызметі мен жемісті жұмысы үшін звено жетекшісі болды. Күн жемісі – жүзім мен алма өсірудегі жоғары жетістіктері үшін одақтық «Садоводство» журналында мақталған София ғой бұл. Ана болуды еңбекпен ұштастыра жүріп, еліміздің демографиялық дамуына үлес қосқан София Зарипқызы – бірінші және екінші дәрежелі «Ана Даңқы» ордендері мен «Күміс алқа» ілмесінің иегері. Өндірістік жетістіктері үшін озат бағбан омырауына «Он бірінші бесжылдықтың озаты», «Социалистік жарыстың жеңімпазы» төсбелгілерін де таққан. Еңбегімен ел құрметіне бөленген, бүгінде 85 деген асуды бағындырған Мізрапша Құрманқұлов туралы айтпағымыз осы еді.

 Болат ЖАППАРҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі.

Жамбыл ауданы,

Жасөркен ауылы.