Шәмші мен Мұхтардың Шерханға жазбасы

225

«Аңсаған бақытым сияқтанып,

Ай туып келеді қияқтанып,

Жол жаққа қараймын,

Сен жоқсың, арайлым», – деген өлең жолдары қазақ еліне кеңінен танымал, жанына жақын өлеңдердің бірі. Сондықтан да оны жасы үлкен де, кіші де жатқа біледі. Өткен ғасырда жазылған бұл ән туралы неге сөз қозғалды дерсіз? Оның тарихын тергеп, өлеңді кім жазды деп жаңалық ашар жайымыз жоқ. Тек бұл әннің авторлары өлең жарыққа шыққанда өздері құрметтейтін біріне аға, біріне іні болған Шерхан Мұртазаға бір ауыз сөзі бар хат жазыпты. Сол хат Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының қоржынына түсті.

Шерағамыз құжатқа, әсіресе, хаттарына аса ұқыпты болған жан. Оның арасынан сонау соғыс жылдарынан кейінгі бала кезінде жазысқан хаттарынан бастап, күні кеше дүниеден өткенге дейін жолданған жазбалары, өзінің күнделіктері, бәрі-бәрі қаттап жинақталған. Сол құжаттарды зерделей отырып, сарғайған бір жапырақ қағазға көзім түсті. Астында таныс қолтаңба. Мұндай қолтаңбаны, марқұм Әлібек Әмзеұлының қағаздарын жинақтағанда алғаш көрген болатынмын. Ол Шәмші Қалдаяқовтың нота дәптерінен көшірме еді. Ол туралы ағамыз мақала да жазып, газет бетіне берді. Кейініректе, кітап материалдарына қосуға да дайындаған. Сондай қолтаңбаны тек қызыл сиямен жазылған түрін Шерағаның құжаттарынан тағы көріп отырмын. Онда жоғарыда айтқан өлеңнің

жазу машинкасымен терілген мәтіні берілсе, төменгі оң жақ шетінде былай жазылыпты: «Аса қадірлі Шерханға әннің авторы Шәмшіден жолдама. Артындағы анекдоттары әнге закуска ретінде. Адал ниеттен ұсынушы – Ш.Қалдаяқов. 21.ІІІ. 67 ж. Шымкент». Яғни дәл сол қазақ вальсінің королі Шәмшінің жазуы. Бір-бірімен әзілдесіп, сыйласып жүрген бауырмалдық лебі бір ауыз жазбаларынан сезіледі.

Осы қағаздың сол жақ төменгі бұрышында: «Аяулы аға Шәкеңе деген ыстық көңілімізді осы ән білдірсін. Жеңгей екеуіңіз шай ішіп болған соң, ара-тұра ыңылдап оңтүстіктің көңілді көктемін еске түсіріп тұрғайсыздар. Өмірлеріңіз көктемдей көңілді, әндей әсем болсын! Аумин! М.Шаханов, 21.ІІІ. 67 ж.», – делініпті. Яғни, сол кездегі «Лениншіл жас» газетінің журналисі, Шерхан Мұртазаның оңтүстіктен Алматыға шақыртқан жас дарынды ақыны Мұхтар Шахановтың жазбасы. Бұл кезде Мұхтар ағамыз небәрі 25 жаста екен. Сол кезден бері тура 55 жыл өтіп, биыл Мұхтар ақын 80 жылдық мерейтойын тойлауда.

Әрине, оңтүстіктің қос дарыны бұл бір жапырақ қағазды жолдарда оның ертеңгі күні тарихи құжатқа, архивтің бай мұрасына айналарын сезбеген де болар. Дегенмен, биылғы мерейлі жылы бұл жазбаның анықталып отырғаны да бекер болмасы анық. Тіпті, Шерағамыздың өзі шәкіртінің мерейлі жасы кең көлемде тойланбай қалғанына ренішін білдіргендей болды. Әлі де болса, ағалық қамқорлығын көкте жүріп-ақ ескерткендей дерсіз.

Назым ҚОЖАМАРОВА,

облыстық Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының бөлім меңгерушісі.

Comments are closed.