Денсаулық

Зербұлақтың құрылысы қашан бітеді?

Зербұлақтың құрылысы қашан бітеді?

Кеңес үкіметі тұсында Тараздық тұрғындар Комсомол көліне жиі баратын. Кейін көлдің атауы өзгергенімен жөндеу жұмыстарын жүргізуге ниеттілер табылмады. Тек «Жасыл ел – Тараз» серіктестігіне жыл сайын жергілікті әкімдіктен қаражат бөлінген соң, көлдің жиегі абаттандырылып, күл-қоқысы тазартылатын. Десек те, жаз шыға тұрғындар шаһар орталығындағы «Зербұлақ» көлінің аумағын демалыс аймағына айналдыру туралы ұсыныстарын еміс-еміс айта жүретін. Енді қайтсін, шіліңгір шілденің ми қайнатар ыстығында шомылуға қолайлы жер таппаған жұрт кейде сол жағажайға барып бір сүңгіп қайтуды ойласа керек. Бірақ кейінгі жылдары жасанды көл суының тазалығына көңіл бөлінбеген соң, көпшілік қала шетіндегі өзендерді жағалай бастады.

Сонымен былтыр ғана «South holiday» серіктестігі көптің көкейінде жүрген мәселеге нүкте қойып, 1,5 миллиард теңгеге тараздықтарға жайлы демалыс аймағын ашып беруді қолға алған-ды. Осы жағымды жаңалықты естіген қала халқы, әсіресе, жағалауға жақын үйлердің тұрғындары риза болысқан. Себебі көлдің көз тартатын тамаша жағажайында қайықтар мен катамарандарды жалға беретін орын, пирспен қамтылған орталық аллея және жақын маңнан спорт алаңшалары салынады деген ақпар тарады. Бұдан бөлек, балаларға арналған ойын алаңдары және қарттардың бір сәт демалуына қолайлы орындар қарастырылатыны туралы жұрт естіген. Араға жыл салып, біз де «заманауи Зербұлақтың» қазіргі жайын бақылап қайтуды жөн керген едік. Әрине, жобаның тек 2023 жылдың екінші тоқсанында толығымен аяқталатынын білген соң, таңғаларлық дүние көрмейтінімізді іштей білдік. Содан сырты сыммен қоршалған жағажайдың оңтүстік бөлігінде құмырсқаша еңбек етіп жүрген жұмысшыларды көріп, ә дегеннен сол маңға беттедік. Жолай, көлдің лайы тазаланып, тегістелгенін батыс бөлігіне брусчатка төселгенін бірден байқадық. Сол маңнан серіктестіктің директоры Бекнұр Кәрімбаев пен участок басшысы Алмаз Әлімбаевты да жолықтырдық. Жөнімізді айтып, лезде құрылыс барысы туралы әңгімеге көштік. Басшылардың айтуынша, алғашында компания бірқатар кедергілерге тап келіп, тіпті, жұмысты уақытша тоқтатуға мәжбүр болған. Соған қарамастан бастаған істі аяқтауға бел байлаған соң, дәл қазір мұнда жұмыс қарқынды жүргізіліп жатқан көрінеді. – Өзіміз Жамбыл жерінің тумасы болған соң, қаланың қақ ортасындағы көрікті аймақты көркейту туралы ой келді. Содан орталық шомылу алаңын реттеп, саябағын жөнге келтіріп, аквапарк пен балалар ойын-сауық кешенін салсақ деген ой сап ете қалды. Былтыр жобамызды дайындап, ұсынғанымызда жергілікті әкімдік қолдады. Содан жұмысты бастап кеттік. Бұрыннан мал, егін шаруашылығымен қатар айналысып, Алматы қаласында тұрғын үйлер салып жүргенбіз. Енді сол кәсібімізден түскен қаржыны жаңалауға «құйып» жатырмыз. Қазір жұмыстың 30 пайызын аяқтасақ, күзге дейін жоспарды 50 пайызға жеткізуді көздеп отырмыз. Сөйтіп, келер жылы жобамызды толық орындап, саябақты пайдалануға берсек деген мақсатымыз бар. Иә, ауқымды шаруаны қолға алмай тұрып, жағалауды білікті мамандарға көрсетіп, талдап, зерделегенбіз. Несін жасырамыз соның өзінде алғашқыда іске кіріскенде бізге таңсық дүниелер аз болмады. Қазір еңбек ете жүріп, тәжірибе жинаудамыз. Себебі демалыс аймағын салу – үй салу емес. Мұндағы жұмыс өте күрделі. Әр метр, сантиметрін өлшеп, судың деңгейін анықтау да оңай шаруа емес. Мұның жобасымен нағыз білікті мамандар айналысуда. Жоба жоспарын Алматыдағы «Арх-синтез» деген тәжірибелі компания жасады. Алғашқыда жобаға бас-аяғы 1,5 миллиард теңге кетеді деп есептегенбіз. Қазір 750 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсасақ, құрылыс аяқталғанға дейін шамамен 2 миллиард теңгеден асып түсе ме деп ойлап отырмыз. Себебі құрылыс заттары қымбаттап, кейде кешеуілдеп жеткен тұстары да болды. Мәселен, Ресейден ағаштар алатын едік. Қазір ондағы ахуалды білесіздер. Бізде ағаштар өте қымбат екен. Соған қарамастан келер жылы қалай да жоспарлы жұмысты аяқтап, ел игілігіне беруді жоспарлап отырмыз. Мейлінше, жаз мезгіліне үлгеруге тырысып бағамыз, – дейді компания директоры Бекнұр Әмірұлы. Көлдің батпағын тазартып, тегістеуге шамамен 1 жылға жуық уақыт кеткен. Шамамен тереңдігі 60 сантиметрден асатын батпақты шығаруға жұмылдырылған техникалар батпаққа батып, жұмысшылар әуре-сарсаңға түскен. Сондай-ақ көлдің оңтүстік-батысындағы жолды көтеріп, жүгіру алаңын салу үшін 6 мың камаз топырақ кеткен екен. Бұдан бөлек 7000 шаршыметр аумаққа брусчатка төселсе, пирстың орны, катамаран зонасы және көл жағасының тастары қалануда. Жарық, су мәселелері де қолға алынған. Серіктестік басшылығы осы күзде мектепке баратын балаларға орталық аллеяны ашып беруді көздеп отыр. Ол үшін алдымен жағалаудың солтүстігіне тағы бір мәрте газон егіп, 11 сортты 1000 түп ағашты өздігінен суаратын қондырғыларды орнатпақ. Компания аттракциондарды Қытай, Түркиядан алдырса, қалған құрылысқа қажетті заттардың барлығын отандық өндірушілерден алып отыр. Құрылысты жүргізіп жатқан азаматтар да алыс аймақтың емес, өзіміздің жамбылдық ағайындар. Әрине, Зербұлақ көлі 1983 жылы жөндеуден өткен соң, қараусыз қалып, су лайлана бастаған. Енді сол кемшілікті тағы қайталамауды ойлаған серіктестік басшылығы білікті мамандармен кеңесіп, көлдің астын «геомембрана» деп аталатын, резеңке төсенішпен бекітуді көздеп отыр. Төсеніштің үсті таспен жабылса, шомылатын аймаққа құм төселеді. Бірі білсе, бірі білмейтін шығар, бірақ Зербұлақ көліне су сол маңдағы ұңғымалардан келеді. Жасанды көл деген бейресми атау да осыдан шыққан. Себебі, ағын су сай-саланы кезіп, Зербұлаққа дейін бактерия жинап келуі бек мүмкін ғой. Сол үшін де Кеңес заманында-ақ таудың суы Зербұлақты айналып өтіп, Үшбұлаққа құйған. Тиісінше жасанды көлдің суы да каналға құйылған. Бекнұр Кәрімбаевтың айтуынша, Кеңес үкіметі тұсында салынған 9 ұңғыманың әрқайсысы 100 метр тереңдікте жатқан көрінеді. Сәйкесінше, судың тазалығына ешкім күмән келтіре алмайды. Әрі ұңғымалардың сапасы да тәуір екен. –Ұңғымалардың насостарын ауыстырып қойдық. Мұнда балық, балдыр деген атымен болмайды. Су өздігінен тазаланып тұрады. Құрылысқа кіріскеннен-ақ жақын маңдағы тұрғындар келіп алғысын жаудырып жатыр. Қазір төрт бригадада 45 адам жұмыс істеуде. Олардың еңбекақысы айына шамамен 200 мың теңгеден асады. Құрылыс жобасын әбден пісіріп, тіпті, осы маңдағы плитаны салған Кислинский деген кісімен де қауыштық. Жұмысты таза әрі мұқият атқарудамыз. Ертеңгі күні көлдің шомылатын аймағына қаладан 150 шақырым қашық жатқан ауылдан әкелген ақ құмды төсейміз. Балалар мен ересектер шомылатын аумақты бөлек қоршаймыз. Суға түсетін аймақты әркез тазартып, тазалыққа көңіл бөлеміз. Әрине, ел-жұрт келмей қала ма, деген күмән әлі де сейілмеді. Бірақ мәселе ақша тауып, байып кетуде емес қой. Бұйырғанын көреміз. Ел келмей жатса, өзіміз шомыла береміз. Қалай десек те осы міндетті мойнымызға алған соң, аяқтауға ықылас білдіріп отырмыз. Құрылыс аяқталса, жақын маңдағы тұрғындарға, қарт кісілерге жеңілдіктерін қарастырып, демалыс аймағына кіруді де барынша қолжетімді етеміз деген жоспар бар, – дейді Бекнұр Әмірұлы. Бұрындары жағажайда адам суға кетіпті дегенді ара-тұра еститінбіз. Неге десең, көлдің жағасы ашық болған соң, су көрмеген ойын баласы да аңдамай түсіп кетуі мүмкін ғой. Абырой болғанда осы көлдің батыс бөлігінде құтқарушылар жұмыс істеп, талай адамды ажалдан арашалап қалған. Енді көлдің аумағы қоршалатынын естіп, көңіліміз басылғандай болды. Алайда, кәсіпкер кіріс кіргізуді ойламаса, несі кәсіпкер? Дегенмен, серіктестік басшылығы ауқымды жобаны қолға алған күннен бастап, «ертең ел келмей қалмай ма» деп, алаңдағанын жасырмады. Әлі де күдік сейілмегенін айтуда. Қалай дегенде де жергілікті халықпен жақсы тіл табысқан серіктестік басшылығы енді осы істі қалай да абыройлы атқарып береміз деп бекініп отыр. Ендеше, келер жылы қала тұрғындарына, әсіресе балалардың демалуына таптырмайтын Зербұлақта қауышайық, ағайын!

 Сәндібек ПІРЕНОВ