Денсаулық

Асқаровтың аманаты

Асқаровтың аманаты

«Сәменім ерім Ботбайым, Жанып тұрған оттайын. Қанша қалмақ келсе де, Жасқанып, жаудан қорықпаймын», - деп Бұқар жырау айтқан ғой. Сәмен батыр Дулаттың дүрегейі болғанда, араларын бір жас қана бөліп тұрған Райымбек батыр албанның айбары еді. Екеуі де қырық жыл бойы аттан түспей ел қорғаған ерен жүректі, арыстандай айбатты, «Елім» деп туған ерен тұлғалар болғанын тарихтан жақсы білеміз. 

Алашымның арыстары Дінмұхамед Қонаевпен бірге Асанбай аға Асқаровқа жала жабылып, абақтыда жатқанда бүкіл Меркі жұртының арызын жерге тастамай президент Асқар Ақаев ағамыздың бостандыққа шығуына жәрдемін тигізіп еді. Сол бір мазасыз күндерді басынан кешкен Асекең Алматыдағы өз үйі, өлең төсегіне келіп, Фатима жеңгейдің шайын елең-алаңсыз ішіп отырған бейбіт күндердің бірінде Арғынбай Бекбосынов ағамен бірге осынау елтұтқа кісіге сәлем бере барып едім. Сонда Асанбай аға маған «Көзқарас» атты кітабына қолтаңба жазып ұстатып тұрып: «Сейсен бауырым, қазір мен үшін қас қағым мезет қымбат. «Ұлы Тұранның ұлдары» деген кітап жазып жатырмын. Сен ұлтымыздың ұраны болған Сәмен батыр туралы жаз. Батыр туралы жиған-тергендерімді жеңешеңнен аларсың» деді кәдімгі бір ұзақ сапарға жиналған жолаушыдай тауаны таусыла сөйлеп. Арада көп уақыт өтпей ол кісі де шын дүниеге аттанды. Сол кісінің аманатымен Фатима жеңгей Меркідегі Сыпатай кесенесінің басына дүйім жұртты жинатып, батырға құран оқытып, ас берді. Сол жерде жеңгейден Асекеңнің Сәмен батыр туралы деректерін сұрадым. Сөйтсем ол кісі: «Оны Ақпейілов алып кеткен» деді. Бекер обалы не, Әшекең (марқұм) «Бабалар рухына тағзым» деген циклмен екі кітабын (бір шоғыр авторлардың жазғандарын пайдаланып) жарыққа шығарды. Кезінде «Райымбек батыр» деген роман кітап болып жарық көрген болатын (авторы Т.Жұртбаев ). Асанбай аға осындай әдеби-көркем шығарма жазылса деген ойын да айтқан еді сонда. Ә.Ақпейілов көрнекті жазушы емес, өзі көзі тірісінде: «Мен ауылдан шыққан трактористпін ғой. Менде жазушылық қайдан болсын» деп айтқаны әлі есімде. Ол «Ботбай» шежіресін де біз сияқты шежіре жазып жүргендерге жинатып, кейін оны кітап етіп бастырғанын білемін. Қалай десеңіз де – ол да еңбек қой. Сонымен Ә.Ақпейіловтың «Бабалар рухына тағзым» атты жинағын оқып шықтым. Өте қарадүрсін жазылған. Бәлкім сондықтан да болар қателіктер көп. Ботбайдың: Құдайғұл, Шағай, Бұйдас, Қоралас деген төрт баласы бар екені дүйім жұртқа мәлім. Десек те, кейінгі шежірешілер мен тарихшылар М.Тынышбаевтың «Шағайды» Шағатай деп жазғанына қарап Ботбайдың осы екінші ұлын «Шағатай» деп қателесіп жазып жүр. Мұхаметжан Тынышбаев Шыңғыс ханның Шағатай деген баласына ұқсатып: Шағайды – «Шағатай» деп қате жазып жібергені айдан анық. Атамыздың ныспысының Шағай екеніне дәлеліміз көп. Мәселен, шежіреде оны: «Алты арыс Шағай» деп атап кеткен. КСРО-ның 1932 жылғы картасында «Көпшағай көлі» деп жазылған. Расында тоғанды Шағай ұрпақтары бірігіп бойлаған ғой. Сондықтан оны «Көпшағай көлі» деп атағанын «Ақжар» ауылында тұратын Малдақасым қария да айтып еді. Ал «Капчагай» деген атауды Жетісуды билеген генерал Калпаковский шығарған. Ол қазақты орыстандыру мақсатымен Алматыны – «Верный», Талғарды – «Любовинск», Қаскелеңді – «Надеждинск» деп үш қызының атымен атағанын қайтесіз. Шағайдың Байкүшік, Күшпентай, Есенгелді деген үш ұлынан алты (арыс) ел тарайды. Олар: Байкүшіктен: Асан, Тайлақ, (келіншек ботбай) Күшпентайдан: Есенбай, Жанқойлық (жуан ботбай), Есенгелдіден: Анда, Қожай. Айту ләзім, Байкүшіктен тараған сегіз батырды «келіншек Ботбай» деп атаған. Сонда сегіз батырымыз кімдер: Сыпатай, Андас, Елеу, Дүзен, Алтай, Қарпық, Шайкөз, Шотпай, Қуатбек, Медетбек. «Жуан Ботбайда» да сегіз батыр бар. Тек қана Сәмен батырдың кіндігінен алты батыр. Олар: Қапсалан, Текебай, Байсерке, Диқанбай, Тойшыбек, Байсейіт. Сәмет інісі. Бұған Қозүй батырды, Өтеғұлұлы Көтентай батырды, Жиембет Шалабай батыр мен Жоламан батырды тағы қосыңыз. Тарихшылар жоңғармен болған шешуші шайқасты 1718 жыл мен 1758 жыл аралығына жатқызады. Бұл сол жаңағы біз айтқалы отырған 40 жыл аттан түспей ауыздықпен су ішіп, жауын жаттан қорғаған жаужүрек батырларымыздың «ереуіл атқа ер салмай егеулі найза қолға алмай ерлердің ісі бітер ме» деген қандыбалақ жорықтарына тура келмей ме. Соның ішінде «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атанған 1723 жылғы сұрапыл соғыс 300 жыл бойы жоңғардың бодандығында болған қазақ халқының ашу-ызасын, ата кегін оятты. Өйткені жоңғарлар Ұзынағашта қазақтарды пырдай етіп қырып, өлген адамдардың мәйітінен қабырға тұрғызды. Осыны көрген халық «Елім-айды» айтып, алғаш Жайсаң даласына, одан соң Қаратау арқылы Бәйдібек пен Домалақ ана жатқан Ақтасты мен Қошқаратаға асты. Әбіш Кекілбаев Семейде Абай Құнанбаевтың 125 жылдығында жасаған баяндамасында: «Жоңғармен шешуші соғыс Меркінің төр жағында яғни «Ойранды» шатқалындағы «Тұтқын сай» деген жерде болған» десе, тарихшыларымыз Аңырақай шайқасын алдыңғы орынға қояды да қалмақтардың сол Қордай асуы жағымен Моңғолияға қашқанын айтады. Сонда деймін- ау, «Ордабасыда» өткен үш жүздің жиынында Әбілхайыр ханды бас қолбасшы сайлап, қазақ қолының жоңғарға аттанғанын айнақатесіз айғақтап тұрған қазіргі Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты «Сұмқайты» мен «Әбілхайыр», «Жасақ» деген жерлерде үш жүздің қолын біріктіріп, тұңғыш рет жоңғарға жойқын соққы бергенін қалай ұмытамыз. Әбіш аға Кекілбаев Тараздың 2000 жылдығы атап өтілетін тұста облысқа келіп, осы тарихи орындарды өз көзімен көрмек болған еді. Сонда Тараз қаласында оны күтіп алуға жиналған топ Құланға бұрылмай тіке Аңырақайға өтіп кеткені де тарихшыларымыздың өз дегенін орындатуға тырысқан әбестігінен демеске лажымыз жоқ. Содан бері «шешуші соғыс» Аңырақай аталып жүргенін кімнен жасырамыз? Тарихшылар ең алдымен «Ойранды» мен «Аңырақай» шайқасының қайсысының шешуші шайқас екенін алдымен ажыратып алулары керек еді. Иә, бұл екі шайқастың да қазақ жерін жау қолынан азат етуге байланысты тарихтағы орны өте зор екені ешқандай дау туғызбайды. Дегенмен, Ә.Кекілбаев «Ойрандыдағы» шайқасты «шешуші шайқас» деп бекерге атамас еді ғой. Енді осы шайқастың стратегиясы мен тактикасына тереңірек тоқталып көрейікші. Жоңғарлардың бетін «Сұмқайтыда» қайтарған соң жау «Әбілхайыр» даласын тастап, осы «Ойранды» шатқалына қарай қашады. (Қазір де онда «Әбілхайыр» деген ауыл бар. Луговой жылқы зауытының төртінші бөлімшесі). Жаудың қалың нөпірін «Ойранды» шатқалында ботбайдың Сәмен батыр бастаған екі мың садақшысы бораған оқтың астына алып, ойсырата қырып, қарсы алады. Қазақ қолы бұл ұрысқа күн ілгері дайындалса керек, күні бүгінге дейін ірі-ірі қой тастар қойылған тосқауылдар әлі де бар. Ол айғақты аз десеңіз Сәмен батырдың туы тігілген ойық тас та «Ойрандыдан» екі-екі жарым шақырым жердегі «Әулиебұлақ» қонысында осы күнге дейін тапжылмай тұр. Осы тастың жанында Сәмен батырдың жасағында жүзбасы болып соғысып, ерлікпен қаза тапқан шағайдың Қожай руынан шыққан Тоғызақ батырдың қорымы да бар. Егер көнекөздер Сәменнің құшағына алты жігіт оп-оңай сиып кетеді десе, ал, Тоғызақ батырды қазанаттың өзі көтере алмаған соң ол үлекке мініп соғысқан екен. Сонымен, «Ойрандыда» болған шешуші шайқастың белгілері әлі күнге дейін сайрап жатыр. Жаудың бетін Сәмен жасағы қайтарған соң жоңғарлар осы шатқалмен қатар жатқан «Молалы» сайымен асуға өтпек болады. Сайдың өзінің аты айтып тұрғандай қалмақтар осы сайға талай сарбазын тастап, тағы кейін шегінуге мәжбүр болады. Ілгеріде осы «Молалы» сайын өздеріне өріс еткен «Большевик» колхозының қарт малшылары: «Сайдың іші толған мола. Моланы ашып қалсақ қолын кеудесіне қойып, қару- жарағымен тігінен жерленген қалмақ жауынгерін тауып алатынбыз» деуші еді. Онысы рас, Қалдан Серен әскерлері тас мүсінге табынбаушы ма еді. Сөйткен қалмақтар (бұл жерде жоңғарды қалмақ деген дұрыс) амалы қалмаған соң барлық күшін шатқалға жұмылдырып, қазақтың шебін бұзып өтіп, Ойранды шатқалымен жоғары қарай өрлей береді. Жақпар тасты шатқал «Ақсарай» деген жерге барғанда екіге бөлінеді. Оның сол жағындағы сай «Көтенүзбе» асуына алып баратын. Алайда қазақ қолы асуға баратын жолға да тосқауыл қойып тастаған екен. Жау асуға өте алмайтынын білген соң тұйық шатқалға (бұл Әбіш Кекілбаевтың айтқан «Тұтқын сайы») бұрылады. Шатқалдың басы асу бермес тұйық еді. Жау осы жерде қынадай болып қырылады. Алайда қазақтан барымталап алған малды айдап, жау жасағының алдында кетіп бара жатқан қонтайшының бәйбішесі қысылтаяң сәтте жол тауып кетеді де: «Анау қазақтың қалың жылқысының ішіндегі боз биені шыңғыртып тұрып ұстап алыңдар да шыңырау құзға айдап салыңдар, барлық жылқы содан тараған» дейді. Сөйтіп, боз биеге ілескен табын-табын жылқы құзға құлайды. Өлгені өліп өлмегені қақпатасты жарып, әрі өтеді. Осы жол күні бүгінге дейін «Қалмаққия» деп аталады. Қазақ қолынан қашқан қонтайшы әскері де осы жолмен «Қарақыстақ» даласына шығады. Қалдан Серен оң қолынан жараланып, «Қарақыстақта» алты ай қыстайды. Жарасы қағынып, «гангрена» болып, содан қаза болады. Қалмақтың қалған әскері қонтайшыны «Қарақыстаққа» жерлеп, көктем шыға еліне ауады. Міне, осы шешуші шайқас туралы шындықты газетке де, кітапқа да жаздық (автор С.Қ.). Қалмақтың ханы туралы археолог Карл Байпақовқа да айттым. Өкінішке қарай, осынау тарихи шындық жайлы оқиғаны да, қалмақтың ханы туралы деректі де біздің тарихшыларымыздың білгісі жоқ-ау, сірә, ешкім үндемейді. Енді әңгімеміздің арқауы Сәмен батыр Дәненұлы болған соң ол қатысқан шайқастарға тоқталып өтсем деймін. Хас батырдың батырлығы он төртке келген шағында байқалады. Алпамсадай, екі иығына екі кісі міңгендей, еңгезердей алып баланы сол кездің өзінде ешкім мүшел жасқа келген деп айта алмас еді. Сонда ғой Аягөз түбіндегі кейін «Еңірекей» деп аталып кеткен шайқасқа бала Сәменнің де қатысқаны. Өкініштісі бұл соғыста қазақтар жағы жеңіліп, ойраттар үстем болады. Осы шайқастан кейін арада он бір жыл өткенде Сәмен Аңырақай соғысына Райымбек, Хангелді батырлармен бірге тізе түйістіре ұрысқа қатысады. Қалмақтың жеті батырын жер жастандырады. Ал 40 жыл өткенде сол баяғы Аягөз маңында қалмақтарды тағы аяусыз қырады. «Қалдан Сереннің қазасы Қарасай батырдан болды» деп жазады Қазыбек бек Тауасарұлы. Бұдан кейін қазақ қолы (Шаш) Ташкент шаһарын жау қолынан азат етті. Сәмен Аңырақай шайқасынан жеңіспен оралғанда Төле би бабамыз оған: «Ботбай жасағының жауынгерлік ұраны бұрын «Ботбай» болса енді – «Ботбай- Сәмен болсын» деп ақ батасын береді. «Осы соғыста қалмақ Долаңқара (шын аты Хасару) шапырашты Наурызбайдың ағасы Құдайберген мен Сәмен батырды өлтірді» деп жазып еді Қазбек бек. Алайда өлген Сәменнің ағасы Сәмет екенін (Асқар Селеубаев) кейін жазды. Қазақ халқының басына түскен «Ақтабан шұбырынды» оқиғасынан кейінгі жылдары Қабанбай, Бөгенбай, Өтеген, Саңырақ, Төлек, Қойгелді, Қарабатырлардың терлігі де, тақымы да кепкен жоқ. Жолбарыс хан кезінде Сырдың теріскейі, Қаратау ұлы жүз иелігіне көшіп, Бұланты мен Бөленті шайқастары кезінде қазақ батырлары көк байрағымызды желбіретіп, Балхаш маңындағы Алакөлге дейін қуып, Ілені жағалата жауды жоңғар қақпасынан әрі қарай асырып жіберді. Осы шайқастардың бәрінде Сәмен батыр қол басқарып, қазақ жасағының алдыңғы шебінде атой салып жүрді. Сайрам ежелден Сәменнің ата қонысы десек те бұл қала қалмақтардан 1739 жылы босатылды. Тегі Ташкентті қалмақ қонтайшысының атынан қырғыз Көкім би де биледі ғой. 1756-1758 жылдары Қытай әскері жоңғарға қарсы көтерілгенде де Сәмен ботбай қолын басқарып, Аягөз түбіндегі «Мамырсуда» Абылай хан әскерімен бірге жоңғардың соңғы билеушісі Әмірсананың елден қуылуына, сөйтіп, уақытша қытай-қазақ шекарасы белгіленгенде де бірнеше жыл бойы қазақ шекарасын күзетті. Осы Аягөз қаласы түбінде Сәмен ауылы деген ауыл бар. Құрбанғали Халид оны «Мамырсу» деп жазса, Қойшығара Салғара оны «Айдынсу» депті. Иә, Сәмен ер 40 жыл жоңғармен соғысып атынан түспей жүргенде Шолаққорған, Созақ, Талас, Меркі, Іле, Аңырақай, Балқаш, Аягөзге дейінгі жерді тұтқиылдан келіп қырғыздар басып алды. Арқарлыда отырған Сәмен ауылының жылқысын айдап кетіп, батырдың Ергенші деген ұлы мен Мақпал деген қызын өлтіреді. Осы жойқын жорықтан соң ел ішінде: Қайда батыр Жауғашты? Ауылымызды жау басты. Ағайын деген қырғыздар, Жер мен малға жармасты. Сарыбағыштан құрықтай Есенқұл деген албасты. Сәмен батыр жоқ кезде Мақпал қызбен қармасты. Әтеке жырық қасқырша Жылқыны айдап ол қашты. Арқарлының өрінде, Іленің тоғай жерінде Қыз да болса Мақпалжан Адал малын айырып, Есенқұлмен сайысты, Қабырғасы қайысты. Сауыты жоқ, қалқансыз Мақпал ару мерт болды Кек алу бізге серт болды, Қыршын кетті ағасы – Сәмен ердің баласы, – деген жыр қалды (жазып алған Бақытяр Әбілдаев). Көп ұзамай Абылай хан бастаған қазақ қолы қырғыздарды ата жұртымыздан қуып шықты. Осы соғысқа Сәмен батыр да қатысады. Бірді айтып, бірге кетпейік, Сәмен Дәненұлы Алматы облысының Кербұлақ деген жерінде 1704 жылы дүниеге келіп, 1775 жылы өмірден өткен делінеді жазба деректерде. Қобыландының Тайбурылы, Алпамыстың Байшұбары болғаны сияқты Сәмен батырдың да шұбар айғыры болған. Жетісуда Романовтардың 300 жылдығына орай үлкен той болып, аламан бәйгеге екі жүз бес ат қосылады. Бас бәйгені қырғыздың Шабдан манабы тігеді. Ол бір қызды отауымен және жалшысымен бәйгеге қояды. Өзі бәйгеге қара қасқа аты мен ақ боз атын қосады. Сонда албаннан Шайбурыл, ыстыдан керат, шапыраштының қос қарасы, Омардың торайғыры, Абайылданың шұбар айғыры (бұл Сәмен батырдың шұбарының үшінші ұрпағы болатын) қосылады. Бәйгі аттары Күрті өзенінің шығыс жағындағы жазықтан жіберіледі. Бәйгеден тоғыз ат суырылып алға шығады. Жеті ат «Құрқұдыққа» жұбын жазбай жетеді. Олардан үш ат: шұбар ат, ақбоз ат, торы айғыр бөлініп, алға озады. Үлкен түс кезінде «Шымбұлақтың» жазығынан бір ат анық көрінеді. Тұлпардың үстіндегі Байсүгірдің: «Сәмен! Сәмен!» деген даусы естіледі. Бұл кезде «Қожай сайы» мен «Утастыдан» келген қалың ел шұбар аттың «Үшқоңырдағы» сөреге жақындап қалғанын көреді. Шұбар қара үзіп, бірінші келеді. Сонда Шабдан манап шыдай алмай: «Тоқтат!» деп айқай салады. Ат шабысын баяулатып, сөреден тәлтіректеп өтеді. Ат иесі Абайылда ойланбастан астындағы мініп тұрған құлақасқасын бауыздап, ішін жарып, өкпесін суырып алып шұбар атты ұшықтап жібереді. Түс ауарда ғана мәре сызығын ақ боз ат пен торы айғыр кесіп өтеді. Қазақтар жүрегі жарыла мәз-мәйрам болып бірінші бәйгені көріп жатқанда Шабдан аттарды сынаған сыншыны бәйгеге тіккен қызға жалшылыққа береді. Ертесіне қырғыз манабының сұғы өтіп кеткен шұбар ат көз тиіп, өледі. Шұбар атты ақ киізге орап көмеді. Бәйгеге тігілген қызды кейін жұрт: «Бәйге кемпір» деп атап кетіпті. Ал Сәмен батырдың бірінші мінген шұбары батырды талай шайқастан аман алып шыққан екен. Ел ішінде Сәменнің өжеттігі туралы аңызға айналған әңгімелер де көп-ақ. Батыр жасы он жетіге келгенде асау бураның жұлынын үзіп жіберіпті деген де сөз бар. Бірде Қордай тауының күнгей бетінде бір жаныс кісіге ас беріліп, ат шабады. Арқарлыда отырған Сәмен батыр осы бәйгеге өзінің күрең шұбарын даярлайды. Шу өзенінің бойындағы жазыққа екі жүздей үй тігіледі. Ол кезде аттар сыншы сарабынан өтеді екен. Үш күн бұрын сыншы: «Күреңнің қылыш жүзіндей қазысы бар екен. Өзі кәрі биенің құлыны, тұяғы жұқа, мынадай қиыршық тасты жолда бәйгеден келе қоймас» дейді. Сыншының сөзін естіп болған атбегі бәйге күреңді жығып, қарнына суық су құяды. Дененің суығы қазыны сорып тастасын дегені болса керек. Сол күні бәйге аттарын түнемелге айдайды. Атбегі күреңнің төрт тұяғын да елден алып келген шыбық тағамен арасына киіз салып тағалап тастайды. Бәйге жолына шығып кеткен аттардың түс ауа қарасы көріне бастайды. Осы тым алысқа жіберілген аламаннан Сәмен батырдың аты бірінші келеді. Сәмен батыр қайтыс болғанда оны Кербұлақ ауданына қарасты Сәмен ауылының қасындағы қорымға жерлейді. Осы жерде батырдың күмбезі тұр. Қызы Мақпал да, ұлы Тезекбай да, Жоламан батыр да осында жерленген. Кейін батырға арналып ескерткіш те орнатылды. Алматы мен Тараз қалаларынан көше аттары да берілді. Алайда қазақ елінің екінші идеологы атанған Әлмұқан аға Исақовтың: «Сәмен батырдың есімі мектептегі оқулыққа енгізілсе ғой» деген ұсынысы орындалмай келеді. Осыған қосарымыз: «Сәмен батыр туралы кинофильм түсіріліп, пьеса жазылса, ол өзге тілдерге аударылса нұр үстіне нұр болар еді деп ойлаймын. Жұрт секілді кітап жазбасам да Асанбай аға Асқаровтың аманатын орындауға бір тамшыдай болса да үлесімді қоссам деп едім, осы мақалам соған жәдігер бола алар ма екен.

Сейсен ҚОЖЕКЕ,

Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері.