Ойланатын, ойландыратын жағдай...
Ойланатын, ойландыратын жағдай...
Өзіңіз ойлап көріңізші! «Жүрегің сонша жалынсыз ба айнам, Тұнжырап келдің тағы үнсіз қайдан. Жеңісі – бақыт, жеңіліс – қайғы, Махаббат деген қарусыз майдан» деген жолдарды атасы алты жасар немере қызына арнай ма? «Жалғанның жақұт лағылын сұрап, Азапқа жүрсің тағы бір шыдап. Махаббат – майдан, жүрек – жауынгер, Жауынгерді көр тағы бір сынап» деген шумақты алты жасар немересі атасына арнап айта алады ма? Осы көрініс көзімізге өте оғаш көрінді. Тағы бір мәселе бар. Дәл осы әнді бір жолы Досхан Жолжақсынов ағамыз өзінің жұбайы Қаракөз Сүлейменова ханымның мерейтойына арнап, той төрінде шырқаған болатын. Сол өте керемет әсерлі, сәтті шықты. Риза болдық, тебіреніп, толғанып тыңдадық. Әннің де мағынасына қарай айтылатын орны болуы керек емес пе? «Ән айтсаң, жаныңды жеп айтасың» деген. Бірақ қандай әнді қай жерде, кіммен орындауымыз керектігін түсінсек екен. Ең бастысы, жақсы ән – тәрбие құралы. Сол тәрбие құралымызды тәрбиесіз бағытқа бұрмасақ екен. Ән – жүректерді тәрбиелеуші дүние. Бұл жерде тәрбие қайда қалып тұр? Керісінше, ата мен немере қосылып айтатын әндер де жеткілікті емес пе?! «Айналайын, немерем, Кеңейді ғой керегем. Әттең, қолдан келмейді, Айды алып берер ем, Аман сау бол немерем!» деген тамаша мәтінді әндер бар ғой. Егер сол атасы мен немересі осындай мағынадағы ән айтса, сол тойдағы көрініс өте әсерлі шықпаспа еді. Өмірде әр нәрсенің орны, шегі болу керек. Ол ән тойда айтыла салғанымен, көзге өте оғаш көрінді. Тәрбиеге айрықша мән берген абзал. Қазіргі таңда кейбір отбасыларда әкені сыйламау да белең алып барады. Байқап жүрміз, кейде дастарқан басында әкесінен жоғары отыра салатын баланы да көріп қаламыз. Күйеуінен жоғары қақшиып қақ төрде отырып алатын апаларымыз да бар. Бұл жерде қазақтың «үлкенге құрмет, кішіге ізет» деген өз тәрбиесі, жолы, жоралғысы қайда? Қай дастарқан болса да, төрінде отағасын немесе ең құрметті қонақ жасы үлкен кісі отырады. Онан соң жасына, құрметіне қарай жайғаса береді. Сол үлкендер бата беріп, дәм ауыз тимей қалғандары асқа қол салмайды. Бұл – жақсы тәрбие. Ауылдан шыққан көп бала осы жақсы тәрбиемен өсті. Қазақ «Баланы бастан» немесе «Тәрбие тал бесіктен» деп бекер айтпайды. Бір жас келіншек үш айлық нәрестесін көтеріп, Әулие қартқа барыпты. «Ата, осы баламды басынан жақсылап тәрбиелейін деп едік. Не ақыл айтасыз» депті. Сонда Әулие қарт: «Айналайын, бұл балаңыздың тәрбиесінен үш айға кешігіп жатыр екенсіз» депті. Егер жаңа туған нәрестенің тәрбиесінен үш айға кешігетін болсақ, онда есейген баланың тәрбиесінде қаншама кешігулер болып жатыр десеңізші?! Оның үстіне ақыл айтар атасы жоғарыда біз сөз еткендей, немересімен «Жарқ ете қалшы найзағай болып» деп бірге ән айтып тұрса... Ойланатын, ойландыратын жағдай.
Есет ДОСАЛЫ