- Advertisement -

Әр өңірдің формасы бола ма?

98

- Advertisement -

Маусымдық мәселелердің бірі – мектеп формасы. Осыдан алты жыл бұрын бұл мәселеге нүкте қойылғандай-ақ еді. Білім және ғылым министрлігінің «Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту туралы» №26 бұйрығына біраз мектептер бағынды. Бой ұсынбағандары да бар. Сөйтіп, 2016 жылдан бері еліміздегі мектептер бірыңғай мектеп формасына көше бастаса, кей өңірлердің білім ошақтары әртүрлі форма ойлап тауып, оқушылар түрлі шалбарлар мен қысқа юбкалар, алабажақ кеудешелер де киіп келді.

Шыны керек, сол кездің өзінде-ақ министрліктің бұл шешіміне ата-аналар тарапынан қарсылық болған жоқ. Қайта әлеуметтік теңсіздік жойылатын болды деп қуанды. Бірі «Биыл киген киімді келесі жылы да киетін болсақ, сапалысын алайық» деп ұрынса, енді бірі «Бір балама сыймай қалса, екіншісі киер» деп үміттенді. Сөйтіп, үлгісі классикалық, қоңыр көк түсті киімді әр ата-ана өз таңдауымен алды. Бірақ бұл форманы өзгертіп, өзінікін жасап отырған мектептердің қарасы да азаймады. Сол «қайдан құлақ шығарғысы келетінін өздері білетін қазаншылардың» кесірінен бұл маңызды мәселе қоғамда әлі күнге талқылануда. Тамыз басталысымен формаға бас қатырған ата-аналардың қарасы көбейді. Себебі, тараздық кейбір мектептер өздері ойлап тапқан формаларын өзгерткісі жоқ.

«Шыны керек, біздің мектебімізде де өзіміздің бектілген оқу формамыз болды. Бірақ министрліктің бұйрығынан соң біз оны бірден тоқтата алмадық. Бір үйде 5-6 бала болуы мүмкін. Олар жылда сол киімдерді ауыстырып киетін болса, біз соған мүмкіндік бердік. Қашан осы қою көк түске ауысып кеткенше күттік. Яғни балада осы киім болса, соны киеді. Егер сатып алу мүмкіндігі болса онда бірыңғай мектеп формасын сатып алады. Осылайша біртіндеп осыған келдік. Биыл міне, мектебіміз толық бірыңғай формада болады деп ойлаймын. Оның біз үшін де, балалар үшін де, ата-ана үшін де көптеген артықшылықтары бар. Барлық облыс бойынша осыған көшсек, онда тіпті жақсы болар еді», – дейді Тараз қалалық №14 мектеп директорының орынбасары Мәулен Жаппасбаев.

Еліміздегі 7,5 мыңнан астам мектептің мың түрлі формамен жүргенін айтқан Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов: «Бұған дейін оқушылардың мектеп формасының түсі мен фасонын білім беру мекемелері анықтап, оны қамқоршылық кеңесімен бекітуші еді. Бұл ата-аналар үшін тиімсіз. Балалар бір мектептен келесі мектепке ауысқанда мектеп формасын ауыстыруына тура келуші еді. Жаңа тәртіп бұған нүкте қояды», – деді.

Бұл мәселе бойынша, облыстық білім басқармасына да хабарластық. Олар мектеп басшылығы тарапынан мұндай олқылықтарға жол берілмеуі керектігін алға тартып отыр. «Биылғы оқу жылында облыстағы барлық мектеп оқушылары бірыңғай мектеп формасын, яғни, қою көк түсті форма киеді. Ешкім ата-анаға «Осындай форма ал» демейді. Әр ата-ана баласына киімді өзі таңдайды. Ең бастысы, түсі мен стилі бірдей болуы керек. Ұлдарға арналған мектеп киімінің жиынтығында пиджак, жилет, шалбар, мерекелік ақ көйлек, күнделікті көйлек, тоқыма кеудеше, водолазка бар. Ережеге сай, ең кем дегенде көйлек, жилет пен шалбар болуы тиіс. Қыздарға арналған толық жиынтықта пиджак, жилет, белдемше, классикалық блузка, тоқыма кеудеше, сарафан, водолазка бар. Мектеп формаларын бір-бірінен ажырататын әр білім ошағының өз белгілері болады. Олар пиджакқа және жилетке тігіледі. Мектептер бұл киімдерді құжатта көрсетілген талаптарға сай етіп тігіп беретін мекемені өздері таңдайды», – дейді облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы Ару Датаева.

Ескеретін жағдай, бұл киімдерді балалар киетіндіктен матаның сапасына да мән беру керек. Мектеп формасының матасы ретінде жартылай жүн және мақта, киіске төзімді, антибактериалдық, антимикробтық және антистатикалық қасиеттері бар маталар қолданылады. Киімнің 75-85 пайызы табиғи маталардан тұруы керек. Оның қыртысын болдырмау мақсатында синтетикалық қоспалардың 15-25 пайызы бар маталар ұсынылады.

Әр мектеп, түсін өзгертпегенімен, түрін өзгертіп, өз дегендерін жасай беруге де болмайды. Әу баста, қалтаны қақпаудың, әлеуметтік теңсіздікті жоюдың амалымен жасалынған бірыңғай форманың артықшылығы да – осы. Мұны мектеп директорларының өз пайдаларына шешуіне енді жол берілмейді.

Гүлжан РАХМАН

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support