Денсаулық

Алты айда 390,7 миллиард теңгенің өнімі өндірілген

Алты айда 390,7 миллиард теңгенің өнімі өндірілген

Бұрын облыста ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамыса, тәуелсіздік жылдарында өндіріс те кеңінен қанат жайды. Бұл біріншіден, мыңдаған жамбылдықтарды жұмыспен қамтуға, екіншіден мемлекет қазынасына салықтан қыруар қаржы түсуіне оң әсер етуде. Облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы өткен алты айда атқарылған жұмыстың қорытындысын шығарып, екінші жарты жылдықтың алғашқы айында атқарылған жұмыстың көрсеткішін саралауда. Басқарманың өнеркәсіп және қазақстандық қамтуды дамыту бөлімінің басшысы Талғат Базарбайұлы ШАЛДАРБЕКОВПЕН әңгімеміз алты айда өнім өндірудегі атқарылған жұмысқа арналады. width= – Талғат Базарбайұлы, өткен алты айда өндірілген өнім көлемі қалай болды, былтырғыға қарағанда ілгерілеушілік бар ма?

– Алдымен жылдан жылға өнім өндіру көлемі артып келе жатқанын еске сала кетейін. Биылғы қаңтар-маусым айларында облыс өнеркәсіп кәсіпорындарымен 390,7 миллиард теңгеге өнім өндірілді. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 108,1 пайыз. Мәселен, тау-кен өндіру өнеркәсібі саласында өндірілген өнім көлемі 46,7 миллиард теңгені немесе өткен жылмен салыстырғанда 100,6 пайызды құрады. Бұл саланың жалпы өндірілген өндірістік өнім көлемінде үлес салмағы 11,9 пайызды құрайды. Өңдеу өнеркәсібі саласында өнім көлемі 277,9 миллиард теңгені құрады немесе өткен жылмен салыстырғанда нақты көлем индексі 105,9 пайыз. Бұл саланың жалпы өндірілген өндірістік өнім көлемінде үлес салмағы 71,1 пайыз. – Қай саланың жұмысын айрықша айтар едіңіз? – Өңдеу өнеркәсібі құрылымында мына салалар ең көп үлеске ие: химия өнеркәсібі – 33,8, металлургия өнеркәсібі – 10,8, тамақ өнімдері өндірісі – 12,8, өзге де металл емес минералдық өнімдер өндірісі 6,1, пайыз. Ал мұнай өнімдерін өндіру – 1,2, машина жасау – 1,6, фармацевтика – 2, дайын металл бұйымдарын өндіру – 1,1, жеңіл өнеркәсіп – 0,6 пайыз, осы салалар ең аз үлеске ие. – Енді химия өнеркәсібі саласының жұмысын біршама тарқатып айтсаңыз? – 2022 жылдың қаңтар-маусымында химия өндірісінің көлемі – 132,1 миллиард теңге болды. Өткен жылдың тиісті кезеңінде 88,9 миллиард теңге болғанын еске алсақ, іргелі салада ілгерілеушілік бар екеніне көз жеткіземіз. Өңдеуші өнеркәсіп құрылымындағы саланың үлесі – 47,5 пайыз. Бұл салада «Қазфосфат» ЖШС ЖЖФЗ және Минералды тыңайтқыштар, «Talas Investment Company» ЖШС филиалдары, шағын кәсіпорындар бар. «Қазфосфат» ЖШС компаниясының филиалдары сары фосфор және оның қосындыларын, фосфорлы және азотты минералды тыңайтқыштар өндіруге мамандандырылса, «Talas Investment Company» ЖШС – натрий цианиді мен аммоний сульфатын өндіреді. Сала кәсіпорындарының тұрақты жұмысының арқасында өсім қамтамасыз етілді. Алты айда сары фосфор 43,1 мың тонна, натрий триполифосфаты – 10 мың тонна, фосфорлы тыңайтқыштар – 102 мың тонна, азот тыңайтқыштары – 20,5 мың тонна, натрий цианиді – 7 342 тонна өндірілді. Былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда қай өнім түрі болмасын, артпаса кемімеген. – Облыста металлургия өнеркәсібі де өркендеп жатқанын білеміз, осы жайлы да тарқатып айтсаңыз? – Дұрыс айтасыз, қаңтар-маусым айларында металлургия өнеркәсібінде 42,1 миллиард теңгеге өнім өндірілді, өңдеу өнеркәсіп құрылымындағы үлесі – 15,2 пайызды құрады. Саланың негізгі кәсіпорындары – ферроқорытпалар өндірісі бойынша «Тараз металлургиялық зауыты» ЖШС, бағалы металдар қатарына жататын, алтын және күміс өндіретін «АК Алтыналмас» және «Golden Compass Capital» акционерлік қоғамдары, болат құю бұйымдарын өндіретін «Запчасть» акционерлік қоғамдары. Ферроқорытпа өндірісінің 17 пайызға төмендеуінің негізгі себебі – «Тараз металлургиялық зауыты» ЖШС былтырғы 25 желтоқсаннан биылғы 25 ақпан аралығында екі пештің біреуі күрделі жөндеуге байланысты тоқтап тұруынан. Алты айда заттай мәнде өндірілгені – ферросиликомарганец – 15 250 тонна, ал 2021 жылы 18372 тонна өндірген еді. Ал алтын 1133,2 килограмм өндірілді. Былтыр алты айда 1077,7 килограмм өндірген. – Азық-түлік өнімі туралы не айтасыз? – Былтыр тиісті мерзімде 36,5 миллиард теңгенің азық-түлік өнімі өндірілсе, биылға қаңтар-маусым айларында 50,2 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, нақты индекс көлемі 106,5 пайызды құрады. Өңдеу өнеркәсіп құрылымындағы үлесі – 18,1 пайыз. Саладағы негізгі кәсіпорындар – «Тараз қант зауыты», «Меркі қант зауыты», «Бурненская молочная компания», «Меркі ірімшік зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен сүт, макарон және кондитерлік өнімдер өндіретін шағын кәсіпорындар. 2022 жылғы қаңтар-маусымда заттай мәнде өндірілгені қант – 95,2 мың тонна, ірімшік және сүзбе – 1214 тонна. – Құрылыс индустриясының жайы қалай? – Салада 2022 жылдың қаңтар-маусымында 24,0 миллиард теңгеге өнім өндіріліп, нақты көрсеткіш индексі 103, 6 пайызды құрады. Өңдеу өнеркәсіп құрылымындағы үлесі – 8,6 пайыз. Портландцемент өндіру бойынша «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» ЖШС, құрылыс гипсін және оның құрылғыларын өндіретін «Жамбылгипс» АҚ, темірбетон бұйымдарын, бетоннан жасалған құрылыс құрастырмалы құрылымдарын өндіретін «Ғимарат Темірбетон» ЖШС, «Жамбылхимстрой» ЖШС тағы басқа құрылымдар негізгі кәсіпорындарының қатарына жатады. Саланың өндіріс көлемінің ұлғаюы немесе азаюы тапсырыс берушілердің сұранысына, құрылыс монтаж жұмыстарының маусымдық сипатына байланысты екенін атап өтсем деймін. Өткен алты айда заттай мәнде өндірілгені: портландцемент – 737,3, құрылыс гипсі – 115,9, тауарлы бетон – 33,5 мың тонна. – Басқа да өнім өндіретін салалар туралы да қысқашы мәлімет бере кетсеңіз? – Мұнай өңдеу өнімдерін өндіруге келсек – 2022 жылдың қаңтар-маусымында 4,8 миллиард теңгеге өнім өндіріліп, нақты индекс көрсеткіші – 114,2 пайызды құрады. Өңдеу өнеркәсіп құрылымындағы үлесі – 1,7 пайыз. Сала мұнай отынын, авиациялық бензин, мазут шығаратын «Амангелдинский ГПЗ» ЖШС-ның Жамбыл және Талас филиалдарымен ұсынылған. Машина жасау туралы айтар болсам, алты айда 6,4 миллиард теңгеге өнім өндіріліп, нақты көлем индексі 120,1 пайызды құрады. Өңдеу өнеркәсіп құрылымындағы үлесі – 2,3 пайыз. Саладағы өнім көлемі «ЖамбылРемСервис» ЖШС, «Қамқор Локомотив» ЖШС филиалдарында (Шу локомотив жөндеу зауыты және Тараз локомотив жөндеу депосы) жөндеу жұмыстарына көрсетілетін қызметтер есебінен қамтамасыз етілді. Дайын металл бұйымдарын өндіруде 4,4 миллиард теңгеге өнім өндірілді. Салада екі кәсіпорын жұмыс істейді: «ЖЗМК Имсталькон» ЖШС және «Металлоконструкция және резервуарлар зауыты» ЖШС. 4038 тонна металл құрылғыларын өндірген. Облыста былғары аяқ киім өндірісі, тоқыма бұйымдары, киім өндірісі дамығанын айта кеткеніміз артық болмас. Саланың негізгі кәсіпорны – «ТаразКожОбувь» ЖШС, оның қызметі тері бұйымдарын өндіруге және былғары аяқ киімнің кең ассортиментін тігуге негізделген. Мұнда да көлемінің ұлғаюы немесе азаюы тапсырыс пен сұранысқа байланысты. Жарты жылда заттай мәнде 94,4 мың жұп аяқ киім өндірілген. Аумақтық кесімде, өнеркәсіп өндірісінің көлемі Жамбыл – 104,6, Қордай – 102, Сарысу – 102,9, Талас – 101,4, Шу – 100,2, Байзақ – 100,3 және Меркі ауданында 101,7 пайызға артқан. Алайда Жуалы, Т.Рысқұлов және Мойынқұм ауданының кәсіпорындары 2021 жылдың қаңтар-маусым айларының деңгейіне жетпеді. Т.Рысқұлов ауданында шағын кәсіпорындар өнім көлемін төмендетсе, Жуалы ауданында «Бурненская молочная компания» ЖШС-ында сүт өндірісі – 12,7, ірімшік пен сүзбе өндірісі – 36,8, Мойынқұм ауданында цемент өндірісі 5,4 пайызға құлдыраған. Сұхбат соңында Тараз қаласының кәсіпорындарымен 2022 жылдың қаңтар-маусымында 238,3 миллиард теңгеге өнім өндіріліп, 2021 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты индекс көрсеткіш 108,5 пайыз болғанын газет оқырмандарының есіне сала кетейін. Облыс орталығының жалпы өнеркәсіптегі үлесі – 61 пайыз. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Амангелді ӘБІЛ.