Денсаулық

Қозыбасы мен хантау

Қозыбасы мен хантау

Қазақ хандарының алғаш ту тіккен мекені

Жуырда өткен Астана қаласының активімен кездесу барысында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев –келесі жылы Қазақ мемлекеттілігінің 550 жылдығы атап өтілетіндігін мәлімдеді. «Керей мен Жәнібек 1465 жылы алғашқы хандықты құрды, қазақтың мемлекеттілігінің тарихы сол кезден бастау алады. Бәлкім ол бүгінгі шекарасындағы, бүкіл әлемге осынша танымал әрі беделді, осы ұғымның қазіргі мағынасындағыдай мемлекет болмаған да шығар. Бірақ бұлай деп сол кезеңдегі басқа да барлық мемлекеттер туралы да айтуға болады. Ең маңыздысы, сол кезде оған негіз қаланды, біз – бабаларымыздың ұлы істерінің жалғастырушыларымыз» деді Мемлекет басшысы. Бұл қуанышты хабар жүрегі елім деп соққан әрбір азаматтың көңілін тасытып, мақтаныш сезімін маздатты. Олай болса, бұл Ұлы той Қазақ хандығы құрылған біздің жерімізде – Мойынқұм өңірінде, Шудың бойында бастау алуы тиіс. Ежелден халқымыздың ұйысып, ел болған, қазақтың сахарасы атанған қасиетті Мойынқұмның төл тарихы сонау бағзы заманнан бастау алып, адамзат баласының даму тарихымен ұштасып жатыр. Көне тарихқа үңілсек, Талас пен Шу өзендерінің аңғарлары ерте заманнан адам баласының тұрағы –мекені болғандығын айғақтайтын белгілерге көптеп жолығамыз. Шу бойындағы Хантауда үлкен аумақты алып жатқан қорымдардан табылған адам сүйектерінің сақталуы мен қойылу реті өте ерте заманның белгісі екендігін айқындады. Атақты тарихшы-ғалым Мұхаметжан Тынышбайұлы 1925 жылы Ташкент қаласында «Қырғыз мемлекеттік баспасының шығыс бөлімшесінде» басылып шыққан өзінің «Қазақ шежіресі» кітабындағы «Үш жүздің таралуы» атты бөлімінде Ұлы жүз бірлестігі Жетісу жерінде, Шу және Талас, Сыр, Іле өзендерінің кең алқаптарында өте көне заманнан қалыптасқан, деп тұжырымдайды XIII ғасыр – Шыңғыс ханның бүкіл әлемді жайпап, жаулап алу әрекетімен дүниежүзі елдерінің тарихына мәңгіге жазылып қалды. Шыңғыс ханның жер қайыстырған қалың қолы бейқам жатқан қазақ сахарасын да қанға бөктірді. Міне, осы кезден бастап үлкен аймаққа Шыңғыс ханның үстемдігі орнады. Ол көзі тірісінде өзінің басып алған елдерін төрт баласына бөліп берген. Сонда Мойынқұм үлкен баласы Жошыға беріліп, осы «Жошы үлесі» аймағына айналған. XV ғасырдың ортасында Бетпақдалаға жақын Таңбалыжар деген жерде, Сарысу өзенінің бойында Әбілқайырдан бөлінген рулар бас қосып, «Жеке ел боламыз» деген шешімге келеді. Ғұлама Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарихи Рашиди» кітабында Қазақ хандығының құрылған жері –Шу бойы мен Қозыбасыда деп айтылады. Міне, осы 1465-1466 жылдары қазақтың алғашқы хандары – Керей мен Жәнібектің қазақ хандығының туын қадаған жері осы Мойынқұмның төріндегі – Хантау. Атақты ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан бұл мәліметті одан ары дәлелдей түседі де, хан ордасын Созақ шаһарына апарып тігеді. Дегенмен де, хан шатыры бір ғана жерде тұрақтап қалмай, сол көшершілік заманның ыңғайы мен жылдың әр мезгіліндегі табиғат жағдайына қарап, көшіп-қонып жүруі де заңдылық емес пе? Бұл өлкеде әлі ғалымдардың талай зерттейтін, дәлелдейтін ашылмаған тарих сырлары жатыр. Бір Хантаудың өзінде ашылмаған қанша сыр бар, оны зерттеу – болашақтың ісі. Қалай болғанда да ғалымдардың келетін ортақ пікірі сол- қазақ хандығының алғашқы құрушылары Керей мен Жәнібек сұлтандар да, құрылған жері осы Мойынқұмның жерінде Шу өзенінің бойы екендігін ешкім жоққа шығармайды. Осы тұжырым Тәуелсіздік жылдары жазылған «Қазақстан тарихы» энциклопедиялық жинағында да нақтылап берілген («Қазақстан тарихы», Алматы, «Атамұра» 2008,300-бет). XVI ғасырда Жәнібектің баласы Қасым қазақ хандығының аумағын кеңейтіп, хандықты қуатты мемлекетке айналдырды. Абылай хан XVIII ғасырда қазақ хандығының шекарасын қалпына келтіріп, үш жүздің басын біріктірді, қуатын арттырып, іргелі мемлекетке айналдырды. Ал ХІХ ғасырдың басында Шу,Талас өзендерінің бойында қоныстанған отырықшы елді Қоқан хандығы басып алды. Сол ғасырдың орта шенінде казіргі Мойынқұм, Сарысу аудандарының қоныстанған жерлерінде 16 мыңдай қожалықтар болған екен. Олардың басым бөлігі малдың жайымен көшіп-қонып жүрсе, біразы егіншілікпен айналысып, соны азық еткен. Қоқандықтардың тәуелділігіне түскен қазақтар бірқатар салықтар төледі: малшылар-зекет, жер иеленушілер-харадж төлеп, қосымша қызметтер көрсетті. Шексіз салық, қанау мен тонау және қырып-жою қазақтардың Қоқан мен Хиуа салық жинаушылары мен шенеуніктеріне қарсы шығуына әкелді. 1858 жылдың наурызында Әулиеата, Шымкент, Меркі жерлерінде наразылық толқулары қарулы көтеріліске ұласты. 1860 жылы күзде қазақтар мен қоқандықтар бірігіп, Жетісу өңірін орыс отрядтарынан босатуға тырысты, Қоқан хандығы орыс бекінісі Верныйға қарсы 12 мыңдық әскер аттандырды, оған қазақтар мен қырғыздар қосылды. Бұл жорық Ұзынағашта қазақтар мен қоқандықтардың үлкен жеңілісімен аяқталды. 1864 жылдың 4 маусымында генерал Черняев басқарған орыс әскері Әулиеатаны таңғы сағат 6-да Тектұрмастың басында тұрып зеңбіректен атқылады. 1865 жылдан бастап қазақ даласы Ресейдің ішкі колониясына айналды. Қазақ даласын бағындыруға Ресей жүз жылдай уақыт жұмсаса, Орта Азияны бағындыруға үш-ақ жыл уақыт жіберді. Ал 1867 жылы патшаның жарлығы бойынша қазақ жерін әкімшілік басқарудың уақытша Ережесі жарияланды. Сол жылы жарияланған «Жетісу және Сырдария облыстарын басқарудың уақытша Ережесіне» байланысты Шу өзенінің сол жақ жағалауындағы ел Әулиеата уезіне бағындырылды. Бұл уезд Сырдария губерниясына қарайтын Шудың оң жағалауы Пішпек уезіне қарайтын болды.1869 жылы патшаның жарлығымен жерсіз орыстарды Жетісу бойынан Шу бойына көшіріп, қоныстандыра бастады. 1881 жылы «Қырғыз даласына село тұрғындарын көшіру туралы Ереже шыққаннан соң, бұл одан сайын күшейе түсті. 1905 жылы Столыпин реакциясы кең етек ала бастаған кезде Шу өзенінің бойында бірнеше орыс селолары:Троицк (Новотроицк), Ильинское (Бірлік), Воскресеньск (Ленин селосы), Гуляевка (Фурмановка), Алексеевка және Балқаш көлінің шығысынан Бурылбайтал сияқты селолар ірге көтерді. Жиырмасыншы ғасырдың басы мен он тоғызыншы ғасырдың аяғында бұл жерлерде патшалық Ресейдің жергілікті әкімшілік ұйымдары жұмыс істеп тұрды. Патшалық Ресей «Столыпин реакциясы» аталған сұрқия саясаты арқылы қазақ жерін отарлаудың небір қитұрқы әдістерін тауып алып, өз туған жерінен қазақты ығыстырудың жолдарын ойлап тапты. Сөйтіп, қазақ сахарасына орыстар мен немістерді қаптатып алып келді. Бұл өңірде ел қорғаған – Биназар, Ақша, Ағыбай сынды батырлар мен Балуан Шолақ, Иманжүсіп сынды сал-серілермен қатар Қылышбай шешен, жыршы Бектас, әрі ақын, әрі әнші Кенжеқожа, Жидебай, Сауытбек, Ләтипа сияқты ел еркелері болған өнерпаздардың да көптеп шығуы – Мойынқұмның керемет табиғатына байланысты болса керек. Қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғасы, суырыпсалма ақын Иса Байзақовтың «Құралай сұлу» поэмасы, Сауытбек ақын жырлаған «Ақбөпе» мен Балуан Шолақтың «Ғалия» әндерінің шығу тарихы да осы Мойынқұм жерімен тығыз байланысты. Исі қазақ жұртының мақтан ететін ұлы жырауы, заманының Гомері атанған Жамбыл Жабаев атамыздың қасиетті Мойынқұм жерінде Жамбыл тауының етегінде дүниеге келуі, осы Шу өзенінің төменгі бойында сол заманда Жәкеңмен замандас қазақ қобызының атасы атанған Ықылас Дүкенұлының, Хантаудың шығысында ұлы ақынның шәкірті Кенен Әзірбаевтың өмір сүруі кездейсоқтық болмаса керек. Мұның бәрі ұлы адамдардың ұлы жерде өмірге келетіндігінде емес пе? Патша үкіметінің 1916 жылғы 25 маусымда шыққан жарлығына сай 19 бен 43 жас аралығындағы барлық бұратана ер адамдарды тыл жұмыстары мен әскер үшін қорғаныс құрылыстарын салу, қара жұмысқа алу туралы жарлығы шыққаны белгілі. Міне, осы тұста бүкіл қазақ даласындағы толқулар Мойынқұмға да келіп жетті. Ресей империясы Бірінші дүниежүзілік соғыстағы адам шығынын отар елдер арқылы жабуға шешім қабылдады. Еңбекке жарамды ер адамдарды әскерге алу,шұрайлы жерлерді орыс қоныс аударушыларына тартып алып беру, тоқырап тұрған қазақ елінің шаруашылығын одан сайын күйрете түсті.Тыл жұмысына алу қазақ және Орта Азияның басқа да елдерінің Ресей отаршылығына қарсы қуатты қозғалысының басталуына себеп болды. Қозғалыс стихиялы түрде басталып, 1916 жылғы шілденің аяғы мен тамыз айының басында барлық Қазақстанды қамтыған көтеріліске ұласты. Көтерілістің ең ірі аудандарының бірі Жетісу аймағы болды. Бұл жақта басталған халық көтерілісі Шу өзені бойын жайлаған елдерді де қамтыды. Көтеріліске Жетісуда Бекболат Әшкеев, Ұзақ Саурықов, Жәмеңке Мәмбетов, Тоқаш Бокин, Серікбай Қанаевтар басшылық етсе, Шу бойына орнаған елдерде Ақкөз Қосанов бастаған халық көтерілісі Меркі, Мойынқұм, Шу аудандарында үлкен толқуға ұласты. Бұл көтеріліс 1916 жылы қазанда басылып қалды. Оған қатысқан 347 адам өлім жазасына кесіліп, 178 адам каторгалық жұмысқа жіберіліп,129 адам қамауға алынды. Патшаның жазалаушы әскерлері тек қана көтерілісшілерді ғана емес, бейбіт халықты да айуандықпен жазалап отырды. 300 мыңға жуық қазақ-қырғыздар туған жерлерін тастап, Қытайға ауып кетті. Осы көтерілісшілер арасында мойынқұмдықтар да көп болды. 1930 жылғы 5-13 ақпан аралығында болған, тарихта «Созақ-Сарысу көтерілісі» деген атпен енген халық көтерілісінің бір ұшы Мойынқұм жерін қамтығанын біреу білсе, біреу білмес. Қазақстан Өлкелік Партия Комитетінің басшысы болған Федор Голощекиннің «Қазақстанда кіші қазан төңкерісін» жүргізу саясаты Қазақстанның бүкіл аумағын зар илетті. Соның ішінде әсіресе, малмен күн көруші дала халқына салған лаңының ауыртпалығын айтып жеткізу мүмкін емес. Қақаған қаһарлы қаңтарда қазақтың қолындағы малын сыпырып алып, әр үй басына қыс ішінде тері, жүн, мақта салықтарын салып, малдарының жүнін қырықтыруға, түйелерін күзетуге, иттерін атқызып, терісін тапсыруға мәжбүрледі. Осындай шектен шыққан жөнсіз басыну қазақ елін қатты ашындырды.1929-30 жылдар арасында Қазақстан бойынша ірілі-ұсақты 30 халық көтерілісі тіркелген. Солардың ішіндегі айтулысының бірі – Созақ-Сарысу көтерілісі болды. Бар болғаны 8 күнге созылған бұл көтеріліске 5000-дай адам қатысты, олардың барлығы да аяусыз жазаланды. 1930 жылдың наурызында Голощекин Сталинге жазған хатында «Ақпанда біз 3 ірі көтеріліске тап болдық. Біріншіден, Сырдария округінің Созақ, Сарысу аудандарында... Біздің жағымыздан 50-ге тарта адам өлді, олардың жағынан 400-ден астам адам шығын болды» деп мәлімдеген. Осы шығын болды деп көрсетілген адамдар ішінде бірнеше мойынқұмдық та бар. Атап айтқанда, қазақ елінің мақтаны болған өзі сері, өзі балуан, өзі батыр ұланбелдік Иманжүсіп Құтпанов пен Сарысудың серісі Сапалай Исатаев екеуі бір күнде атылған. Мұрағаттық құжаттар мен аудан тарихын зерттеушілердің жазбаларынан байқағанымыздай, Мойынқұм жеріндегі аса ірі саяси оқиғалардың бірі – осы өңірге 1928 жылдың күзінде орталықтан Ораз Жандосов бастаған коммунистердің келуі. Жалпы алғанда қазіргі Мойынқұм ауданының негізін құрайтын шаруашылықтардың басым бөлігі сол жылдары құрылды. Ал 1939 жылдың 14 қазанында облыстың құрылуына байланысты бұрынғы Мойынқұм ауданының аумағында орталығы Бірлік ауылы болып, Көктерек ауданы құрылды, ол Шу ауданының құрамынан бөлініп шықты. Шүкір, бүгінде еліміз азат. Тәуелсіздіктің тәтті дәмін сезініп келе жатқанымызға 23 жылдың жүзі болды. Діліміз оянды, дініміз қайта жаңғырды. Тіліміз мемлекеттік мәртебе алды. Шекарамыз шегенделіп, мемлекеттік рәміздеріміз айшықталды. Аз жылда Арқа төсінен ажарлы Астана салып, ЕҚЫҰ сияқты беделді ұйымдарға басшылық еттік. Халықаралық қауымдастық рейтингінде жоғары көрсеткішке қол жеткіздік. Мұның бәрі Елбасымыз, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сара саясатының жарқын жемісі. Қалыптасып орныққан, дамудың даңғыл жолына түскен Отанымыз осындай өрлеу жағдайында Қазақ мемлекеттілігінің 550 жылдық тойын кең көлемде атап өткелі жатыр. Бұл да Мемлекет басшысының тарихқа құрметі мен көрегенділігін айғақтайтын бастама. Ендеше, той дүбірі Қазақ хандығы құрылған біздің өңірден бастау аларына кәміл сенеміз.