Денсаулық

Каспийден алтайға дейін Жастардың арманы – тұғыры берік тәуелсіздік

Каспийден алтайға дейін Жастардың арманы – тұғыры берік тәуелсіздік

Ағымдағы жылғы қазан айының 1-і күні жұмыс сапарымен Маңғыстау облысында болған кезінде Мемлекет басшысы өзі тұсауын кесіп, жолға аттандырған «Менің елім – Мәңгілік Ел: Каспийден Алтайға дейін» атты этнографиялық автоэкспедиция дүйсенбі, сейсенбі күндері облыс аумағында болды. Маңғыстаулық отансүйгіш жастардың бастамасымен құрылған, құрамындағы кәсіби көлік жүргізушілері, әкімші, медицина қызметкері, этнограф, блогер, журналистер мен фотосуретшілер мінген Қостанайдағы «Агромаш Холдинг» акционерлік қоғамының «СарыАрқаАвтоПром» кәсіпорнында құрастырылған үш бірдей Ssang Yong Nomad және екі Toyota Fortuer жүрдек машинасынан тұратын автоэкспедиция облыс орталығын аралауды «Достық» үйінің жұмысымен танысудан және этномәдени бірлестіктердің мүшелерімен кездесуден бастады. Бұған дейін Ақтау, Атырау, Орал, Ақтөбе, Қостанай, Петропавл, Көкшетау, Қарағанды, Павлодар, Өскемен, Семей, Талдықорған және Алматы қалаларының жұртшылығымен кездесіп, пікір алмасқан экспедиция мүшелері өздерінің құрметіне «Достық» үйінің алдында ұйымдастырылған мәдени іс-шараларды ризашылықпен тамашалады. Республикамызды мекендейтін ұлттар мен ұлыстардың халықтық билерін асқан шеберлікпен нақышына келтіре орындаған бишілердің өнеріне, ақ пейілдерімен дәм-тұздарын ұсынған этномәдени бірлестіктерінің ағажай көңілдеріне тәнтіліктерін жасыра алмады. Оны осы «Достық» үйінің конференц-залында өткен кездесу барысында экспедиция жетекшісі Евгений Рыбалко ашып айтты. «Өздеріңіз де қанық болуларыңыз керек, біздің экспедиция негізінен қазақстандықтарды, соның ішінде жастарды еліміздің көріктілігі мен бірегейлігі идеясының төңірегінде біріктіруге, жалпыға ортақ татулық пен келісім құндылықтары негізінде олардың отаншылдық сезімдерін оятуға ықпал ету мақсатында ұйымдастырылған болатын. Ал біз соның айшықты көрінісін Тараздың көпұлтты тұрғындарының тату-тәтті ынтымақтастығы мен ауызбіршілігінен көріп қуанып отырмыз. Халқымыздың, соның санатында жастарымыздың арман-тілектері бір арнада тоғысып, қайрат-жігерлері соны жүзеге асыруға жұмылдырылып отырғанда, еліміздің тәуелсіздігі әруақытта да тұғырлы болмақ», деді ол сөзінің қорытындысында.

Кездесуді ашып жүргізген облыстағы Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының басшысы Лариса Лысова ассамблея аясында құрылған 23 этномәдени бірлестіктің киелі Әулиеата өңіріндегі 80-нен астам ұлт пен ұлыстың тату-тәтті ғұмыр кешіп, еліміздің дамып-өркендеуіне дәнекер болып, сүбелі үлес қосып келе жатқандығына тоқталды. Ал «Нұр Отан» партиясының мүшесі, «Партияның 50 тұлғасы» жобасының қатысушысы, «Мерей» өнер студиясының бас директоры Светлана Бойко Тараз қаласы мен оның маңайындағы елді мекендердің тарихи жәдігерлерге мейлінше бай екендігін айтып, этнографиялық экспедиция мүшелерінің таңдау жасауына көптеген мүмкіндіктер бар екендігін атап көрсетті. Бұдан кейін еліміздің көк Туын желбіреткен экспедиция құрамындағы автокөліктер орталық «Достық» алаңынан бастап, Тараз қаласының негізгі көшелерін шерулеп өтті. Қарахан кесенесінде, облыстық мұражайда болып, басқа да тарихи, мәдени орындарды аралады. М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің М. Үркімбаев атындағы Жастар сарайында өткен студент жастармен кездесу сәтінде экспедиция мүшелері Қазақстанның туристік, білімдік және экономикалық ахуалын көрсететін фотокөрмелер мен таныстырымдық шаралар ұйымдастырды. Экспедицияның өңірлерге сапары барысынан түсірілген бейнефильм көрсетті. Экспедиция мүшелерінің бірі Бекболат Төлегенов тараздық жастарға өздерінің Қазақстанның тәуелсіздігін баянды ету қажеттігін, ұлан-байтақ кең жері мен қисапсыз байлығын бағалап, көздің қарашығындай қорғау керектігін осындай игілікті істерімен дәлелдегенді жөн санағандықтарын, алдағы уақытта Шымкент, Қызылорда, Ақтау, Астана қалаларында болатындықтарын, ал экспедиция аяқталғаннан кейін сапардан алған әсерлері туралы фильм түсіріп, түрлі-түсті фотокітап шығаратындықтарын жеткізді. Жергілікті жастар атынан сөз алған облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Еркебұлан Құралбаев бастамашылдығымен жастардың отансүйгіштік ұстанымына қозғау салған этнографиялық автоэкспедицияның бұдан арғы жұмыстарына сәттілік тіледі. Экспедиция сол күні Жуалы ауданында да болып, одан әрі көршілес Оңтүстік Қазақстан облысына сапар шекті.

Сапарғали Әлібай, «Ақ жол».