Жетпіс бесінші қабат немесе ғибрат
Жетпіс бесінші қабат немесе ғибрат
Ол мемлекетте тәртіп өте қатал. «Әке, көке» дегенге ешкім көнбейді. Содан амалы таусылған үш жолаушы жетпіс бесінші қабатқа баспалдақпен көтерілуге тура келеді. Үшеуі көңілді жету үшін 25 қабаттан бөліп алыпты. Алғашқы жиырма бес қабатты алған жолаушы жас жігіт екен. Неше түрлі күлдіргі, қызықты әңгімелер айтып, олар жиырма бес қабатқа жақсы көңілді жетіпті. Онан соңғы кісі елу жасқа кеп қалған орта жастағы кісі болса керек. Ол өзінің жасына лайық салиқалы, сабырлы сөздер айтып, жолаушылар елу қабат жолды артта қалдырыпты. Енді жиырма бес қабат қалады. Үшінші жолаушы жасы жетпістен асқан, қариялыққа бет алған кісі екен. Ол кісі жетпіс бесінші қабатқа дейін қайдағы бір көңілсіз, қорқынышты әңгімелер айтып, жолаушылардың еңсесі әбден түсіп кетсе керек. Әйтеуір, межелеген қабатқа діңкелері құрып, сіркелері су көтермей, түннің жарымында әрең жетіпті ғой. Жастау жолаушының бірі: «Көке-ау, қорқынышы әңгімелер айтып, көңіл күйіміз түсіп кетті ғой. Көңілді, жақсы әңгімеңіз жоқ па?» деп сұрапты. Сонда әлгі жетпістен асқан ақсақал: «Уа, жігіттер, жаңағы мен айтқан қорқынышты әңгімелер ештеңе емес. Сендерге одан да қорқынышты жағдайды айтайын ба?» депті. «Айтыңыз, ақсақал, айтыңыз. Ақыр көңілді әңгімеңіз жоқ екен. Айта беріңіз» депті. Сонда қария: «Жігіттер, біз өліп-талып жетпіс бесінші қабатқа шыққанымызбен, бөлмемізге кіре алмаймыз. Кілт төменгі бірінші қабатта қалып кетті» депті. Екі жігіт еңселері түсіп, отыра кетіпті. Сол айтқандай, бұл дүниеде ештеңені ойламай, түкке көңіл аудармай жүре береді екенбіз. Біреуді ренжітіп, біреуді балағаттап көңілін қалдырған сәттеріміз қаншама? Бірақ Жаратушы дайындаған жәннат сыйға тек ізгі амал, жақсы қасиеттермен жететініміз анық. Сондықтан Алланың парыздарына көңіл бөлсек, ізгі амал,сауапты істерді көп жасасақ, бізді жәннаттың есігінен кіргізетін кілт сол екен, ағайын! Ал әйтпесе, біздің жағдайымыздың жетпіс бесінші қабатта кілтсіз қалған жолаушылардан айырмашылығы болмайды екен. Бұл жағын да ойлана жүріңіздер, жақсылар!