Әдебиет

Сарқылмас сағыныш...

Сарқылмас сағыныш...

Шамшырақ

Жаз күніндей жайдары жан шуағы, Ұлы Ыбырай – білімнің шамшырағы. Қапастағы қараңғы қазақ жұртын, Оятып намыстарын қамшылады.   Оятып ұйқысынан алты Алашты, Сенімін бағдаршам ғып алға басты. «Өнер-білім бар жұрттан» өнеге алып, Ең алғаш Торғайдан ол мектеп ашты.   Атырабын Торғайдың түлеткендей, Айдала, тақыр жерге гүл еккендей. Кірісті оқытуға аш қасқырдай, Жатса да кесір заман тілекке ермей.   Қиындық кездессе де алдан қандай, Жанталасты ұстаздық жолдан таймай, Білімнің шұғыласын шаша берді, Жарқырап қараңғыда жанған шамдай.   Қан жүгіртіп қазақтың даласына, Нәр құйған жас ұрпақтың санасына. Төккен тер, еткен еңбек еш кетпестен, Айналды алты Алаштың данасына.   Тербетіп тәрбиенің тал бесігін, Әліпби мен білімнің ашты есігін. Қабырғалы қазақтың тарихында, Алғашқы ұстаз деген қалды есімің!   Ұстаздар – ұлы адамдар Ұстаздар – ұлағатты ұлы адамдар, Кеудеде білім нәрін құрағандар. Анасындай аялап шәкірттерін, Әкесіндей қатал боп сынағандар.   Ұстаз-ана ақкөңіл, аялы адам, Бар білгенін біздерден аямаған. Сіздерден өнеге алған жас өрендер, Ешқашан жамандыққа таямаған.   Күз айы ырыс толы берекемен, Ұстазым, сізді мәңгі жыр етем мен. Шаттанып шын жүректен құттықтаймын, Ардақты ұстаздарды мерекемен!   Ақиық (М.Мақатаевқа арнау) Тянь-Шаньменен Хантәңірдің ортасы, Мұқа атамның туып-өскен ордасы. Дәл осындай жерұйықта туған жан, Ақиқат қой осал ақын болмасы.   Қанатынан қанды жыр сорғалаған, Тағдырынан отты өлең олжалаған. Қарапайым күн кешкен қайран ақын, Айналарын аңызға болжамаған.   Сұм тағдыр сыртын беріп сызданады, Жүректе жазылмайтын із қалады. Сыпырып Тәңіртауда томағасын, Атанды ол Алатаудың мұзбалағы.   Жыр жазды тебірентіп, толғандырып, Езілтіп есті адамды егілдіріп. Мәңгілік музасына мұңын шақты, Жазылмайтын дертінің емін біліп.   Күйдірген өрт өлеңнің жалыны ішін, Қазақы қара өлеңнің бағымысың. Өзіңмен әлде бірге әкеттің бе, Ел-жұртыңның сарқылмас сағынышын.   Көтерген ғасыр жүгін, заман жүгін, Жолыңа жайып еді далам гүлін. Сезбедік тіршілікте қадіріңді, Артуда ақын аға бағаң бүгін.   Көз салып арлы ақынның наласына, Тұз септі соқыр қоғам жарасына. Мәңгілік мекеніне аттанды ақын, Қалдырып аманатын Алашына!    

 Аян ШОРАЕВ,

Тараз қаласы Абай атындағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете

оқытатын дарынды балаларға арналған

мектептің 8-сынып оқушысы