- Advertisement -

«Ауламды су алып жатыр!»

56

- Advertisement -

Редакцияға қаланың байырғы тұрғыны Бекасыл Үсіпбек арызын айтып келді. Өзі тұратын Күләш Байсейітова көшесіндегі №36 үйдің ауласын су басып кеткеніне шағымданды. Бұл жағдай соңғы 4-5 жылда жиі қайталанады екен. «Жаз келсе, су астында қалатын болдық. «109» бірыңғай диспетчерлік қызметінен бастап қалалық әкімдікке қарасты бірқатар мекемеге хабарласқаныммен, ешбірінен нақты көмек болмады. Айтатындары сол, «бізге қатысты емес!» деген сылтау. Қайда, кімге жүгінетінімді білмеген соң амалсыз «Aq jol» газетінен көмек сұрап келдім», деді Б.Үсіпбек ақсақал. Айтуынша үйінің жанынан өтетін арықтағы ағын су құбырдың бітеліп қалуынан тиісті бағытына өтпей, үйдің ауласына жайылады екен.

 – Ауламды су алып жатыр. Үйімнің жанындағы «Бөбек» ана мен баланы емдеу мекемесі алдындағы арықтағы су 25 метрлік құбырдан өтеді. Көше тұрғындары осы арықтан үй іргесіндегі бақшасын суарады. Сол құрғыр құбырдың бітеліп қалғанына біраз жыл болды. Бұрын көршіміз екеуміз ұзын арматурамен шұқылап-тазалап, суды сәл-пәл жүргізетінбіз. Қазір су мүлдем өтпей қалып, ауланы қойып үйге де кіріп жатыр, – деген тұрғын сөзінің дәлелі ретінде су басқан ауласының суреттері мен бейнежазбасын көрсетті. Қоғамдық негізде жұмыс істейтін көше комитетінің басшысына хабарласқан. Қария кісі бұл мәселені шеше алмаймын деген соң «109» жәрдем қызметіне қоңырау шалған. «Олар әкімшіліктің тиісті бөлімдеріне, ирригацияға, «Жасыл-Тараз» мекемесіне де хабарласқан, ондағылар «еш қатысымыз жоқ, жекеменшіктікі» деп жауап берген көрінеді. «Енді қайда хабарласам?» деген сауалыма, ол жағын білмейміз деген жауап алдым», деді шағымданушы азамат.

Бекасыл Үсіпбектің үш жарым жастағы немересі бір апта бойы ауырған. «Енді бала емес пе, су кешіп қояды. Әйтеуір емдеп, балабақшаға бердік. Тағы бір немерем қазір ауруханада жатыр. Осыдан кейін мұны қалай аяқсыз қалдырамын, менің отбасым неге зардап шегуі керек деймін? Өзімізде бақша жоқ, суармаймыз. Мен балаларды жіберіп, арықтың басынан келетін суды жаптырып қоямын, бірақ тұрғындар қайта ашып тастайды. Содан қатты ағынмен келіп жатқан су көтеріліп, біздің ауланы басып қалады. Көршілердің бақшасына су керек екенін түсінемін, қайсысымен айқайласып жатамын? Сонда бұл жарамсыз болып қалған 25 метрлік құбыр ешкімге қарамай ма? Қалада бір қожайыны болу керек қой. Оны кезінде кім төсегенін білетін де адам жоқ», дейді ашынған қала тұрғыны. «Күнде осы. Елге су жетпей жатқанда біз су қоршауында қалдық. Үй, қора-жайдың іргесі, ауладағының бәрі шіріп кетті, талдар да шіріп жатыр. Бір көмек беріңіздерші!», дейді ол.

Біз өз тарапымыздан шағым иесінің өтінішін қабылдап, тиісті орындарға жеткізуге уәде еттік. Содан мақаланы дайындау барысында елімізге белгілі «Шаншар» әзіл-сықақ театрының осыдан төрт жыл бұрынғы «Жүзбе-жүз» деп аталатын қойылымы еске түсіп кеткені бар емес пе?! «Тука» лақап атымен белгілі әзілкеш Нұржан Төлендиевтің кейіпкері біздің оқырманның оқиғасын сол кезде-ақ айнытпай келтіргендей екен. Онда біз сияқты бір журналист-жүргізуші: «Ауылдың гүлденуіне, көркеюіне, өркендеуіне басты жауапты, ауыл шаруашылығы министрінің құдасының құдасының бөлесінің жиені, лауазымды кісі Еремет Кереметович» деп қонағын әспеттеп таныстырған телестудияға бір келіншек тікелей қоңырау шалып: «Алло, мен пәленше деген облыстан телефон соғып тұрмын. Мына бізді су алып кетті, сол 4 бала-шағаммен шатырдың үстінде отырмыз қазір. Мына Еремет ағамыз қандай көмек береді бізге?» демей ме. Сонда студияның «лауазымды» қонағы: «Маған айта ма? Мен не істеймін? Не ғой, көмек болғанда… Дарияның жағасында отырып жүзіп үйренбейсіңдер ме? Көмек болғанда сен бүйтсей, қайық сатып алсай, қайық… «Ашпыз!»… Аш болсаң, балық аулап же… неғыл дейсің маған. Онда мен жұмыстың бәрін тастап, аяғыма боти киіп алып барайын саған. Сендер де қызықсыңдар бар ғой! Су алып кететін жерге үй салмай, қыр жерге салмайсыңдар ма! Жер құрып қалды ма? Барайын онда, барып жүзу үйретейін бәріңе, жүрейін дарияның жағасында боти киіп алып…» деп күйдіретіні бар ғой! Мына мәселеде де шырылдап жүріп ешкімнен көмек ала алмаған қала тұрғынының тура «Шаншардың» қойылымындағыдай «жаны ашымастың жанында басың ауырмасынның» күйін кешіп жүргені бізді қатты қынжылтты.

Дегенмен әзіл әзілімен ғой, ал мына жағдайда Б.Үсіпбектің жанайқайы облыс орталығындағы халық үніне құлақ асатын тиісті тұлғалардың құлағына жетер деп сенеміз. «Еститін мемлекеттің» жауапты қызметкерлері Байсейітова көшесіне «боти киіп барады ма», кимей барады ма, әйтеуір барып көрсе, мынадай қымбатшылық бүйірден қысып тұрғанда, бір отбасын материалдық шығынға батырып жатқан «иесі жоқ» құбырдың мәселесін шешіп берсе, құба-құп болар еді! Бұл мәселе редакцияның жіті бақылауында болады.

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support