Денсаулық

Киіктің иесі мен киесі бар

Киіктің иесі мен киесі бар

Биыл киік туралы жаз бойы көп әңгіме айтылды. Сонау жылдардан бері талай қырғын-сүргінді көрген, қазақпен тағдырлас табиғат байлығының қазаққа пайдасы болмаса, зияны тиген емес. Қолдан жасаған ашаршылық зобалаң жылдары халқымыздың аман қалуына да осы киіктің септігі тиді. Одан бері кеңес заманында халықтың күнкөрісіне көмегі болғанын білеміз. Өз бетімен ешқандай өкімет көмегінсіз жазда Сарыарқаның сайын даласын мекендеп, қыста оңтүстіктің құмына кіріп өсіп-өніп келеді. 

1970 жылдардың ортасында 4-5 облыстан осы ақбөкендердің етін дайындатып, килограмын 1 рубльден сатқызды. Қалтасы көтермейтін отбасылар мен ата-анасы жырақта тұратын студенттер осы ақбөкеннің етін таласа-тармаса сатып алатын. Сол кезде Тараз қаласында студент ағаларымызға келіп жүріп, осы жағдайды көзіммен көретінмін. Көктемде солтүстікке қарай жылжып, Бетпақдаланың елсіз жеріне жетіп төлдеп, күзде ауа райы салқын түсе оңтүстікке қайтатын. Қадағалап бағып жүрген малшысы жоқ, бір мезгілде лақтарынан бөлініп, күз айында ірілерінен лақтары 1 ай бұрын жылы жаққа жететін. Жаздай лағы еміп, күйі төмен болған аналықтары лақтарынан соң жылы жаққа жетуші еді. Осы жағдайды жылда көріп әкелерімізден сұрайтынбыз. Колхоз-совхоздарда тамыз айының басында «қозы бөлу» науқаны басталады. Бөлінген қозыларды бөлек отар жасап, мамандар малшы іздеп сабылып шапқылайтын. Әкем киік жайлы «Бұл Қарынбай атамыздың малы. Жаратушы Алламыз жер бетіндегі пенденің қиналған кезде нәсібі бол деген шығар» деуші еді. Өз бетімен адам баласының көмегінсіз өсіп-өніп келе жатқан, адам баласынан басқа да жауы көп дала тағысына 1987 жылдан бастап қауіп басталды. Киіктің соры–мүйізі болды. Ертеде аталарымыз киіктің бір пар мүйізін Қытайға апарған адам боталы түйе немесе құлынды бие мініп қайтады деуші еді. Мүйізді не кәдеге жаратады екен деген сұрағымызға, адамның денсаулығына пайдалы дәрі жасайды деп айтатын. Мүйіз саудасы басталып, Қазақстанда мүйіз қабылдайтын «Айгүл», «Синэгория», «Росток» деген кооперативтер құрылды. Мүйіз сатып алушыларды көлікпен, қаржымен қамтамасыз етіп отырды. Ескі қара мүйіздің құны 1 рубль, орташа мүйіздің құны 3 рубль, жаңа қаны көрініп тұрған мүйізді 5 рубльден қабылдап жатты. Мүйіз бағасы күн сайын көтеріле берді. Арнайы кооператив қабылдаушысынан басқа да пысықайлар ауылдағы жастарды айналдырып 50 килограмм мүйізге ( 6 мүйіз – 1 кг) І «Урал» мотоциклін, 40 килограмм мүйізге «Планета» мотоциклін несиеге беріп, мүйіз кесуді ұйымдастырды. Құйынша жүйткіп Бетпақдаланы қан сасытып жүрген мүйіз кесушілерге тоқтам салатын жағдай болмады. Осы жағдайды пайдаланған браконьерлердің саны күннен күнге арта түсті. Әр совхоздан мүйіз ауруымен ауырған жастар 10-15 мотоциклмен шығып, ақбөкен текесінің мүйізін кесіп, етін далаға лақтырып қарға-құзғынға жем қылды. Мен 1989 жылы Мойынқұм ауданындағы 1 миллион гектар жері бар ерекше қорғалатын «Андасай» қаумалына қорықшы болып жұмысқа орналастым. Кейін директор болдым. Күздің алғашқы айларында солтүстік облыстардың мүйіз кескіштерінен қуғын көрген бейшара ақбөкендерді бұл жақта да құныққан, ақша үшін ешнәрседен тайынбайтын қаныпезерлер күтіп алып қынадай қырды. Мидай далада іштері кеуіп теңкиіп-теңкиіп өліп жатқан текелерді көргенде жылағың келеді. Оқ-дәрісі таусылған браконьерлер текені бөліп алып болдыртып тірідей мүйізін кеседі. Мүйізі кесіліп, екі көзіне қан құйылып қасына келгенінше көлік даусының қайдан шыққанын аңғармай, жақындағанда тұра қашып сексеуілге соғысып құлап жатқан текелерді көргенде ет-жүрегіміз езілді. Қорықшылардың көліктерінде жанармай тапшы болды. Кейде жанындағы қорабын алып тастаған екі аяқты «Урал» мотоциклінің құйын сияқты шаңын көріп қаласың. Оның «Газ-66», «Газ-53» «Уаз» көліктеріне жеткізбейтінін біліп алған браконьерлер жақындап келіп үстіңнен асыра мылтық атып, әрекет жасаған кездері де болды. 1992-1993 жылдары Мәскеуден келген орталық комитеттің фототілшісі Евгений Петрович Грабилинмен мидай далада адам көрінбейтін шұқыр қазып апталап жатып, мотоциклмен мүйіз кескіштерді суретке түсіріп үлгердік. Осы дәлелді оқиғалар 1992 жылы орталық комитеттің Мәскеуден шығатын «Рабочая трибуна» газетіне, 1993 жылы «Труд» газетіне жарияланды. Бірақ киікке келер қауіпті тоқтату мүмкін болмады. Осылай Қарынбай атамыздың малы күннен күнге азая берді. Еліміз егемендік алып, кеңес өкіметі ыдырап, колхоз-совхоздағы мал-мүлік талан-таражға түсе бастады. Осындай аласапыран кезеңді пайдаланған браконьерлер одан сайын есірді. Киіктердің басына төнген зауал тек Жамбыл облысы өңірінде ғана емес, Батыс Қазақстанда, Ақтөбе, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жезқазған облыстарында қызу жүріп жатты. Қазақстандағы 36 миллион қоймен араласып жатқан 3-4 миллион ақбөкеннен 30 мың шақтысы ғана қалды. Үкіметтің 1999 жылдың 19 сәуіріндегі қаулысымен киіктерді аулауға тыйым салынғанымен, браконьерлік мүйіз кесу тоқтаған жоқ. Осыған ашынған халық киіктердің тұқымын сақтап қалу туралы ашық түрде жаза бастады. Егемендігіміздің еңсесі көтеріліп, жағдай дұрыстала бастаған кезде өкімет киіктерді қорғауды қолға алды. Заңды күшейтті, киікке салынатын айыппұлды көбейтті. Аумақтық инспекция, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармаларына нақты-нақты тапсырмалар берілді. «Охотзоопром» құрылды. Оларға шетелдік табиғат жанашырларының қолдауымен қаржы көмегі шешіліп, киіктер қорғала бастады. Браконьерлер шетінен ұсталып, айғақтық заттары тәркіленді. Өздері жазаға тартылды. Мүйіз кесіп, етін сатып дәндегендер соңғы жылдары ешнәрседен тайынбай инспекторларды жазым ете бастады. Осы жағдайды естіп, көріп отырған Президент Қ.Тоқаевтың 2019 жылы 2 қыркүйекте, 2020 жылы 1 қыркүйекте табиғатты қорғау туралы Жолдауы жарияланды. Құқық қорғау саласына заңды қатайту туралы тапсырмалар берді. Экология министрі Серікқали Брекешев 80 мың киікті атуға рұқсат беріп халықты шулатты. 80 мың киікті аулау үшін салық төлеушілерден 700-800 миллион теңге қарастырылуы мүмкін дейді. Осындай шуды Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев бір-ақ ауыз сөзбен тоқтатты. Халық риза болды. Мен де сол халықтың біреуімін. 52 жыл үзіліссіз еңбек етіп, 33 жыл өмірімді табиғатты қорғау саласына арнап келемін. Әлі де киікті сақтап қалудың жолы табылады. 36 миллион қоймен араласып жайылып, өсіп-өніп келген 4 миллионға жуық киікке орын табылғанда, 800 мың киікке орын табылмағаны адам сенгісіз жағдай емес пе? Батыс Қазақстандағы саны көбейген киіктерді салқын түскен кезде Бетпақдалаға шығарудың жолын іздеуіміз керек. Жазда Қарағанды, Торғай, Ұлытау облысы жерлерін мекендесе, қыс-қыстауы дайын. Ұшы-қиыры жоқ үш көкшенің құмы киіктің қыстауы болып келген. Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарының құмы киіктің қыстауы болады. Батыс Қазақстандағы киіктер санының көбеюінен солтүстік Бетпақдалаға өте алмай жүр. Бетпақдаладағы бұлақ көздерін ашып, жерасты қысымымен ағып тұратын артезиан құдықтарын қазу керек. Сарысу, Арқадағы Қарасу, Атасу, Шу өзендері, Балқаш көлі ақбөкендердің су ішетін жерлері болған. Басқа да майда көлшіктер мен бұлақтар арқылы мәселені шешуді ойлайық. Енді 3-4 миллионға жеткенше киіктерге тиіспегеніміз жөн. Киіктің өсуіне үлес қосып, аянбай еңбектеніп жүрген «Охотзоопром» инспекторларына халық болып көмектесуіміз керек.  

 Ерназарбек ЖАНТАЕВ,

Жамбыл облысы әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы табиғатты қорғау кеңесінің төрағасы