Денсаулық

Төлемесеңіз, өкпелемеңіз...

Төлемесеңіз, өкпелемеңіз...

ТАРАЗДА ЖЫЛУ БЕРІЛГЕЛІ ЕКІНШІ АПТАНЫҢ ЖҮЗІ БОЛДЫ. Кейбіреулер «тэц-тегілер отынды үнемдеп, суды дұрыс ысытпай ма қайдам, үйіміз жылымай тұр» деп тыжырынатыны бар. Бірақ, олар саусақпен санарлықтай ғана. Тұтынушылар тұрақты түрде бірқалыпты жылумен қамтамасыз етіле ме? Жылыту маусымына дайындық қалай болды? «Алмақтың да салмағы бар», тұтынушылар тарапынан пайдаланылған қызметке төлем жайы қалай екен? Осы сұрақтарға Тараз қаласын жылумен қамтамасыз ететін негізгі екі ірі кәсіпорын – «Таразэнергоорталығы» АҚ президенті Мырзахан Бұрханов пен «Жамбыл-Жылу» МКК директоры Жұмабек Бөлекбаевтан нақты әрі қысқаша жауап беруді сұраған едік. М. Бұрханов: Біз бұл маусымға тиянақты дайындалдық. Кәсіпорында қазандықтар мен қондырғыларға 8,8 миллион теңгеге – күрделі, 106 миллион теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондықтан «тұрақты әрі бірқалыпты жылу беріледі» деп сеніммен айта аламын. Біз қаладағы мектептер, балабақшалар, ауруханалар мен емханалар, балалар және қарттар үйлері сынды әлеуметтік нысандарға жылу беруді қазан айының басында-ақ бастап кеткенбіз. Қазір 880 көппәтерлі және 185 жеке үйлер жылумен, 684 көппәтерлі үй ыстық сумен толық қамтамасыз етіліп отыр. Біздің қызметімізді пайдаланушы заңды тұлғалар қатарында 31 денсаулық сақтау мекемелері, 62 мектеп пен балабақша және 2 әлеуметтік мекеме бар. Жеке тұтынушылардың қыс айларынан қалған қарыздары толық жабылған. Қазан айында жиналуға тиіс 57,7 миллион теңге қаржыдан жылыту маусымы қарсаңында 12,3 миллион теңгесін жинап үлгердік. Төлем әлі жүргізіліп жатыр. Қордаланған 27,6 миллион теңге қарыздары үшін 408 тұтынушы жылу мен ыстық су жүйесінен ажыратылған. Қарыздары 61,8 миллион теңгені құраған 860 тұтынушы сотқа берілді. Сот шешімімен 556 тұтынушыдан 43,4 миллион теңге өндірілді, 18,4 миллион теңге қарызы үшін 304 тұтынушыға сот шешімі шығарылып, орындалуда. Біздің мұндай шараларға лажсыздан баратынымызды тұтынушылар дұрыс түсінулері керек. Ж. Бөлекбаев: Біз Тараз қаласы бойынша 13 денсаулық сақтау, 31 білім беру, 3 әлеуметтік қорғау мекемелеріне, 191 тұрғын үй нысандарына, оның ішінде 122 көпқабатты және 69 жеке үйлерге жылу береміз. Қала аумағындағы 36 қазандықтың 31-і табиғи газбен, 5-еуі көмірмен жұмыс істейді. Жылыту науқаны қарсаңында ағымдағы жөндеу, сынақтан өткізу жұмыстары жүйелі әрі уақтылы атқарылған. Инвестициялық бағдарламаға сәйкес мекеменің өз қаржысы есебінен РК-1, №33 орта мектеп және ГП №6 қазандықтарына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Ал, Н. Тілендиев атындағы мектеп-интернат пен облыстық ана мен баланы аялау орталығы қазандықтарына жүргізілген қайта жаңғырту жұмыстарына қаржы республикалық бюджеттен бөлінген. Тараз қаласындағы Өтеген батыр көшесі бойындағы №6 орта мектепке іргелес және Театральная көшесінде онкодиспансер аумағында салынып жатқан 2 қазандық құрылысына да республикалық бюджеттен 533,950 миллион теңге бөлінген. Бізде пайдаланылған қызмет үшін тұрғындар қарызы – 5,2 миллион теңге. Қарыздар әртүрлі жолдармен өндіріліп жатыр. – Сіздерде коммуналдық қызмет бағасы қандай? – Бізде негізінен жылу өндіру үшін табиғи газ пайдаланылады. Көп бөлігі көрші мемлекеттен алынатын болғандықтан газ бағасы тұрақты деп сеніммен айту қиындау. Қыс қысып кеп бергенде отын көп жағылады. Ондайда біздің тауарымыздың, яғни жылудың өзіндік құны өрлеп кететін кездері бар. Соған қарамастан біз тұтынушылар жағдайына қарап қызмет бағасын көтермеуге тырысамыз. Тұтынушылар да осыған түсіністікпен қарап, пайдаланылған қызмет ақысын уақтылы төлеп тұруы тиіс.

Болат Жаппарұлы, «Ақ жол».