Есімдері аталып, еңбектері ұлықталды
Есімдері аталып, еңбектері ұлықталды
Мүмкіндігі шектеулі, қиын жағдайға тап болған жандарға, аз қамтылған отбасыларға, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға бірінші болып көмек қолын созып, олардың мәселелері оң шешілуіне ықпал ететін мамандық иелерінің – әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні облысымызда да аталып өтті. Осымен байланысты өткен мерекелік шарада олардың есімдері аталып, еңбектері ұлықталды.
Облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерін кәсіптік мерекелерімен құттықтап: – Елімізде халықты әлеуметтік қорғаудың көп деңгейлі жүйесі қалыптасты. 2011 жылдың екінші жартыжылдығынан бастау алған «Жұмыспен қамту -2020» жол картасы бағдарламасы қазіргі таңда облыс аумағында да кеңінен жүзеге асырылуда. Бағдарлама аясында биыл 6 миллиард 700 миллион теңге қарастырылып, 14 мыңға жуық адамды жұмыспен қамту жоспарланды. Осы бағытта атқарылған жұмыстардың нәтижесінде үстіміздегі жылдың екінші тоқсанындағы жұмыссыздық деңгейі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 5, 2 пайыздан 5 пайызға, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 5, 2 пайыздан 4, 7 пайызға дейін төмендеді, – деп бұл тұрғыдағы жетістіктерге де кеңінен тоқталды. Жалпы облысымыздағы мүгедектер саны 40 мыңға (оның ішінде 18 жасқа дейінгілері 4, 5 мың) жуықтайды. Олар қамқорлыққа алынып, тиісінше әлеуметтік қызметтермен қамтылуда. Жыл басынан бері мүмкіндігі шектеулі жандардың тоғыз мыңнан астамы жеке оңалту бағдарламасының медициналық, үш мыңнан астамы әлеуметтік, 1100-і кәсіби бөліктері бойынша оңалту шараларына тартылған. Бірқатары 269 миллион теңгенің әлеуметтік құралдарымен қамтамасыз етіліпті. Тағы бір атап өтерлік жай, былтыр мүмкіндігі шектеулі жандар арасында ұйымдастырылған «Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз» республикалық фестивалінде облысымыз командалық есепте бірінші орынды жеңіп алса, бұл жеңісті жол биыл да жемісті жалғасын табуда. Ерқанат Нұрбапаұлы әлеуметтік жоба жеңімпазы А. Сарьян, Кореяның Инчхон қаласында өткен Азия паралимпиадасында жеңімпаз атанған З. Ғабидуллина, қола жүлде алған Нигора Нұрматова және жетінші орыннан көрінген Т.Аманбеков осы үдеден шыққанын айтып, салада көп жылдар бойы абыройлы қызмет етіп, кейінгі толқынға үлгі-өнеге болған сала ардагерлері мен қызметкерлеріне ризашылығын жеткізді. Саланың бірқатар үздік қызметкерлеріне облыс әкімінің Құрмет грамоталары мен алғыс хаттары, басқа да марапаттар осы басқосу үстінде табыс етілді. Жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол».