- Advertisement -

Туризмді дамыту –тарихымызды таныту

82

- Advertisement -

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Жуалы ауданына жұмыс сапарымен барып, бірқатар нысандардың жай-күйімен танысып, құрылыстардың барысын тексерді.

Ең алдымен аймақ басшысы Теріс ауылындағы ескі мәдениет үйінің бос ғимаратын көрді. Бірнеше жыл жекеменшікте болып, қараусыз қалған нысан бүгінде тозығы жетіп, жөндеуге жарамсыз күйге түскен.

Бұған дейін бұл мәселені көтерген тұрғындардың өтінішін ескерген облыс әкімі ескі ғимаратты бұзып, орнына жаңа нысан салу қажеттігін атап өтті. Ол бойынша құжаттама жұмыстарын уақыт созбай пысықтау үшін аудан әкімдігіне нақты міндеттер жүктеді.

Бұдан соң іргедегі дүкенге тосыннан кірген Нұржан Нұржігітов азық-түлік бағаларын тексерді. Дүкен иесіне үстемеақыны талапқа сай 15 пайыздан асырмау керектігін ескертті.

Келесі кезекте облыс әкімі «Бақыт» шаруа қожалығына атбасын бұрды. Шаруашылық жетекшісі Қуанышбек Қалдыбеков «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 38,8 миллион теңге несиеге 31 бас «МонБильярд» асыл тұқымды мүйізді ірі қара малын алып келген. Чехиядан жеткізілген сиырлардың алғашқысы төлдеп, күндігіне 20 литрдей сүт беруде.

Шаруа қожалықтың іргесіндегі суармалы алқапқа егілген құлпынай да айтарлықтай жеміс беруде.

Бұл жұмыстарды оң бағалаған аймақ басшысы бір ауыл – бір бағытта жаппай еңбек етсе, тиімділік пен өнімділіктің артатынын қайталап айтты.

«Ақсай» каналындағы бетондау жұмыстарын мердігер «Еламан» ЖШС орындауда. Қазіргі таңда 3 шақырымдық бетон плиталары ауыстырылса, қалғаны 2 шақырымды құрайды. Канал арқылы 98 шаруа қожалық сумен қамтылады.

Нұржан Нұржігітов шаруаларға қажетті су көлемін жеткізу – басты міндет екеніне назар аудартып, жұмыстарды қыркүйек айына дейін аяқтауды тапсырды.

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Қайрат ауылындағы №2 Мыңбұлақ орта мектебінің күрделі жөндеу шараларымен танысып, мердігерге құрылысты сапалы орындауды әрі 20 тамызға дейін толығымен аяқтау керектігін ескертті. Тиісті салалық басқармалар мен аудан басшылығына қатаң бақылауда ұстауды міндеттеді.

Аудан орталығы саналатын Бауыржан Момышұлы ауылында 3 қабатты көппәтерлі үй жаңадан бой көтерген. 9 пәтерлі үйді аралап көрген облыс әкімі аумақтың көлемін ескеріп, мұндай тағы үш үй салу мүмкіндігіне көңіл бөлді. Соған сәйкес тартылып жатқан инженерлік желілердің, жылу қазандығының әлеуетін де кеңейту, құжаттарын реттеу бойынша жауаптыларға нақты тапсырмалар берді. Ол аудандағы тұрғын үй кезегінде тұрған бірқатар азаматтардың баспана мәселесін шешуге ықпал етпек.

Сондай-ақ Қоңыртөбе ауылының тұрғындары таза ауыз судың игілігін көретін күн алыс емес. Елді мекенге тартылып жатқан ауыз су жүйесінің құрылысы осы жылдың аяғына дейін аяқталады деп күтілуде.

Жалпы, аудандағы 49 елді мекеннің 31-і таза ауыз сумен қамтылған десек, қалған 18 ауылдың тұрғындары 2025 жылға дейін тіршілік нәріне түгелдей қолы жететін болады.

Аймақ басшысы Боралдай ауылдық округіндегі «Алтынай» шаруа қожалығына да барды. Егін жинау ісіне қызу кіріскен шаруа қожалық әр гектарынан орташа есеппен 18 центнерден өнім алуда. Күздік бидайдан түсетін өнім көлемі де бұдан аз болмайды деп күтілуде.

Айта кетейік, биыл аудан бойынша 38 мың гектарға масақты дәнді дақылдар себілсе, бүгінде оның 15 мың гектарға  жуығы жиналып үлгерген. Орташа өнім гектарына – 20,8 центнер. Дәнді дақылдарды ору жұмыстарына жалпы 100-ге жуық комбайн жұмылдырылған.

Нұржан Нұржігітовтің Жуалы ауданындағы жұмыс сапары Ақтасты ауылында түйінделді. Шағын елді мекендегі мектептің жағдайы алаңдатарлық күйде. Жеке тұрғын үйге ыңғайластырылған білім ошағы ғимаратының тозығы жеткен. Осыған сәйкес ауылдағы жеке кәсіпкер салған жаңа ғимаратты бастауыш мектеп ретінде пайдаға жарату мүмкіндігі қарастырылуда.

Облыс әкімі нысанды аралап көріп, құжаттарын реттеу, бағалау жұмыстарын жүзеге асыру бойынша жауаптыларға жан-жақты зерделеу жүргізу, тиісті шаралар қабылдауға қатысты нақты тапсырмалар жүктеді.

Нұржан Молдиярұлы Жуалы ауданына жұмыс сапары барысында Теріс ауылының маңындағы «Баркуаб» археологиялық қалашығына барып, қазба жұмыстарының барысымен танысты.

Тарихи қалашықтағы қазба жұмыстары 2018 жылы басталған. Оған дейін мұнда тек барлау экспедициялары жүргізілген. Бүгінде қалашықтың құпиясын ашу мақсатында да бірқатар жұмыстар атқарылуда.

Бұл ретте «Арк ғылыми ұйымы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ескендірбек Төребеков 2018-2019 жылдар аралығында біздің дәуірімізге дейінгі II ғасыр – біздің дәуіріміздің V ғасыры, біздің эрамызға дейінгі VI-XIII ғасырларға жататын 3000-нан астам артефактілер табылғанын жеткізді. Сонымен қатар аталған елді мекеннен керамикалық ыдыстар, керамика фрагменттері, ұн тартқыштар және тасты диірмендер табылған. Археологиялық жұмыстар облыстық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен жүргізілуде.

Аймақ басшысы артефактілермен танысып, қазба жұмыстар мен атқарылған бөліктерді аралап көрді.

Мұнда аса бүлінбеген қабырғалар, күмбез түріндегі төбелер, кең дәліздер және шағын бөлмелер барынша сақталған. Қазба жұмыстары барысында астыңғы қабатынан 12 метрлік құдық табылған. Бірнеше бидай сақтайтын қамбаның орындары анықталған. Сондай-ақ бұл тарихи орыннан көмір қалдықтары да кездеседі.

Нұржан Нұржігітов көшпелі ата-бабаларымыздың ежелгі және ерекше өркениеті әлем тарихында үлкен маңызға ие екенін айтып, бұл аталған қалашық аумағындағы қазба жұмыстары барысында тағы бір дәлелденіп отырғанын атап өтті. Осы бағытта қазба жұмыстарын жемісті жалғастыру үшін биыл тағы облыстық бюджеттен тиісті қаражат қаралатынын айтты.

– Біз тарихи жәдігерлерімізді жаңғыртуға тиіспіз. Рухани құндылықтарымызды, өткеннің өнегесін ұрпақ бойына сіңіру маңызды. Тарихымызды таныту арқылы туризмді дамытуға да күш салу керек, – деді облыс әкімі.

Айта кетейік, «Баркуаб» археологиялық қалашығы Жамбыл облысының киелі жерлерінің географиясына енетін Қазақстанның оңтүстігіндегі Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағының бойындағы негізгі туристік нысандар тізіміне кірген.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Жуалы ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support