Денсаулық

Акт залы – асхана, сыныбы – спорт зал

Акт залы – асхана, сыныбы – спорт зал

Қордайдағы Қаракемер аталатын ауыл халқының базынасын тыңдап қайтқан едік. Ауылдағылар балаларының заман талабына сай білім алулары үшін ауылдағы №14 Ә.Нүсіпбаев атындағы орта мектептің қазіргі ахуалы мүшкіл күйде екенін айтады. Жағдайды естіген соң, оны арнайы барып көрмекке бел будық. Бардық, көрдік. Бір қарағанда қос қабаттан тұратын ауласы гүлге оранып, тап-тұйнақтай болып тұрған білім ошағында мін бар деп айтпайсың. Бірақ... width=

Бақсақ, бар мәселе мектептің ішкі сыныптары мен залдарында болып тұр. Осыдан 54 жыл бұрын 300 орынға арналып салынған білім ошағы, расында, бүгінгі заманның талабы тұрмақ, өткен онжылдықтың да сұранысына сай емес. – Балаларымыз мынадай мектепте оқып жатқанына, шынымызды айтсақ, намысымыз келеді. Еліміздің дамып, өңіріміздің өркендеп жатқанын, түрлі дәрежеде техника мен технология қарыштап, елдер Марстан мекен салып жатқанда, біз мұнда дені дұрыс мектепке жете алмай жүргеніміз, өте өкінішті. Өздеріңіз білесіздер, өткен екі жылда Қордай ауданына мемлекеттік, облыстық бюджеттен сан мыңдаған қаржы бөлінді. Оған жол мен газ тартылды, Масаншы сынды ауылдарға қос-қостап үлкен мектептер салынды. Бірақ қаншама уақыттан бері дабыл қағып, ауданды былай қойғанда, облыс әкіміне дейін сұраныс хат жазып, өтініш жасап жүрген біздің тілегімізге назар аударылмай отыр, – дейді ауыл тұрғыны Қуат Абдрахимов. Айтса, айтқандай-ақ! Спорт сабағын сыныптарда өтуге тура келеді Ең бірінші кезекте мектептің спорт залына бас сұқтық. Оның талапқа сай келмейтінін спорт мамандары айтпай-ақ, былайғы кез келген адамның көзіне ұрып тұр. «Оқушыларымыз осы залда жаттығып жүр. Соның өзінде жетістіктері жаман емес. Егер оларға тиісті жағдай жасалса, болашақ спорт саңлақтары шығары анық. Бүгінде залдың тар болуына байланысты өкінішке қарай, оқушыларымыз да кең көсіліп ойнай алмайды. Қалжыңдап, біздің ұран «Аут! Сетка! Потолок!» дейтін болдық. Былайша айтқанда, балалардың мысын басып, басқа мектептерге барғанда өздерін төменшіктетіп тұруға итермелеп жатырмыз», дейді ауыл тұрғындары. Спорт залдың тарлығы, әсіресе қыс мезгілінде қиындық туғызады екен. Өйткені дене шынықтырумен айналысуы тиіс балалардың барлығы мұнда еш сыймайды. Сол себепті, спорт сабағын мұғалімдер сынып кабинеттерінде өткізуге мәжбүр. Акт залы ма, асхана ма? Жалпы, білім беру мекемелерінің талаптары, олардың оқушыларға жағдай жасауы туралы сөз болғанда ең бірінші кезекте айтылатын мәселенің бірі – олардың ыстық тамақпен қамтылуы. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов те бұл мәселеге ерекше көңіл бөліп, аудан, ауылдарды аралау барысында нақты тапсырмалар берген болатын. Жуық арада журналистермен болған арнайы брифинг барысында да мектептердегі ыстық тамақпен қамтуда кемшіліктер бар екені айтылды. «Мектеп асханаларындағы ас сапасы да басты бақылауда болуы тиіс. Мен Тараз қаласы мен аудандардағы жұмыс сапарларымның барысында оқу орындарының асханаларындағы ас сапасы мен мәзірін арнайы тексеріп жүрмін. Кемшіліктер жоқ емес! Соған сәйкес, тиісті тұлғаларға нақты міндеттер жүктелді. Бұған бейжай қарауға болмайды. Дені сау ұрпақ – жарқын болашағымыздың кепілі. Ал олардың денсаулығының дұрыс қалыптасуы үшін тұтынатын ас мәзірінде ағзаларына қажетті дәрумендер толық болуы шарт. Осыны естен шығармаған дұрыс» деген болатын Нұржан Молдиярұлы. Облыс басшысы асханаларда балаларға берілетін ас мәзірі, оның құрамы туралы айтып, талап қойып жатса, Қаракемердегі мектепте сол асхананың өзі жоқ болып шықты. Сонда бұл мектеп оқушыларды ыстық тамақпен қамту көрсеткішін қалайша орындайды дейсіз ғой?! Бұл жерде көмекке акт залы «келеді». Яғни, оқушылар мәдени-көпшілік шарасын өткізуі тиіс акт залы асханаға айнала салады. Бірде акт залы, енді бірде асхана болатын бөлменің өзі заманауи мектептердің анша-мұнша сыныптарынан кішкентай болмаса, кең емес. Демек, бұл жерде облыс әкімі айтқан ағзаға қажетті дәрумені бар ас туралы сөз қозғаудың өзі артық. Технология сабағын теориямен ғана өтеді Бүгінде жастарды түрлі техникалық мамандықтарға баулу, кәсіп үйрету елдегі күн тәртібінен түспей тұрған тақырып. Олай болуы заңды да. Ал балалардың мектеп қабырғасынан сол салаға қызығушылығын арттырып, алғашқы дәрістерін меңгеретін сәті – бұрынғы еңбек, қазіргі технология сабағы. Ендеше, бұл пәнге қосымша ретінде қарағанды қойып, үлкен мән берілуі тиіс. Ал Қаракемердің мектебі, өкінішке қарай, тіпті қосымша сабақ ретінде де оқушыларды қамтуы мүмкін емес екен. Қабинеттің көлемі екі аттамдық жер. Ал онда оқушылар ұстап көріп, қолдануы тиіс балға, егеу сынды сан түрлі құрал-жабдық жоқ. Оны балалар тек суреттен қарап, танысады. Сонда, тәжірибе түрінде өтуі тиіс бұл пән де тек теория жүзінде жүргізіліп жатыр. «Мына көріп тұрғандарыңыз еңбек сабағы кабинеті. Бір аттасаң мына шетіне, екі аттасаң арғы шетіне бір-ақ шығасың. Балаларға «балға – анау, кемпірауыз – мынау» деп суретке қарап сабақ өтеді. Мына заманда күлкілі емес пе бұл? Ұят нәрсе!», дейді ауыл тұрғындары. Мектеп директоры не дейді? Ауыл тұрғындарының жанайқайына мектеп әкімшілігі қандай жауап берер екен деп, мектеп директоры Гүлмира Самақованы сөзге тарттық. Ол аталған кемшіліктің барлығын жоққа шығармайды. – Ауылда жаңа мектеп салу мәселесі осыдан 10 жыл бұрын көтерілген болатын. Ол кездегі сұраныс 2011 жылы 200 орынға арналған жапсарлас ғимарат салумен шешілген. Ал биыл мектепке 830 оқушы келеді деп жоспарланып отыр. Яғни, орын тапшылығы мәселесі туындайды. Ауыл тұрғындары айтып отырғандай, мәселе бар. Оқу залы қазіргі заман талабына сай емес, кітаптарды сақтайтын арнайы бөлме жоқ. Жаңа модификация кабинеттері тапшы. Ұлдар мен қыздарға технология кабинеттері ыңғайластырылып жасалынған, құралдары кеңес заманынан қалған. Сыйымдылығы 500 оқушыға арналған ғимаратта 800-ден аса бала оқып жатыр. Ауыл ақсақалдары, тұрғындары, мектептің қамқоршылық кеңесі, ата-аналары бар, жалпы саны 2000-нан аса азамат заман талабына сай жаңа мектеп салып беруді өтініп Президенттен бастап, облыс басшысы, аудан әкіміне дейін хат жолдаған болатын, – дейді мектеп басшысы. Осы аралықта әңгімеге ауыл тұрғындары араласты. Олар жазылған хатқа келген жауапқа ашулы. Мәселені келіп, тексеріп, жағдайдың шын мәнінде қалай екенін бағамдаудың орнына, білім басқармасы мен аудан әкімдігіне дейін қолдарында бар деректер мен статистикалық мәліметтерге сүйене отырып, бұл мектепте орын тапшылығы жоқ, бәрі қалыпты деген жауап қайтарған. Сонда тұрғындар мәселені ойдан құрап, жоқ проблеманы шешу үшін шырылдап жүр ме?! Әкім неге екі сөйледі? Ауыл тұрғындарының мәселесімен танысып, олардың базынасын тыңдап жүргенімізді естісе керек, мектепке іле-шала ауыл әкімі Рашид Елшібекұлы келді. Келген бойда бұл мектепте анау айтқан мәселе жоқ, даурығу орынсыз екенін айтты ол. Сондай-ақ мектеп директоры мектеп 500 орынға арналған және онда 800-ден аса оқушы оқиды деген дерек келтірсе, ауыл әкімі 630 орындық мектеп және онда 724 бала бар деді. Қызық болғанда, ауыл әкімі даярлық сыныбына келетін оқушыларды тізімге қоспады. Оларды неге қатарға қоспай отырғанын сұрасақ, «олар бастауыш болып саналады» деген жауап қатты. «Жүре берсең, көре бересің» деген осы екен ғой! – Құжаттарға байланысты бұл 630 орындық мектеп. Біз құжаттарға сүйенеміз, біздегі әкімдіктегі құжаттарға сәйкес, ғимарат 630 орындық. Қазақстанның мектептерге қатысты нормативі бар. Яғни, бала саны екі есе асып жатса немесе ғимарат апатты жағдайда болса, онда мектеп салынады... Бұдан да жаман ауыл мектептері бар Қазақстанда, – деген ауыл әкімі іле-шала пікірін өзгертті. «Стандартқа келмейді. Балалардың ыстық тамақ ішетін орны жоқ. Спорт залымыз кіші. Болған нәрсе солай болып тұр ғой. Енді біз қалай қыламыз?» дейді ол. Бірде кемшіліктің бар екенін, енді бірде онда тұрған ештеңе жоқ екенін айтқан ауыл басшысының екіұдай пікірі бізге түсініксіз болып қалғаны рас. Сөз соңы Сонымен... Қаракемерліктердің мектептің мәселесін айтып, жоғарыдан қолдау, көмек сұрайтынындай бар. Болашақ иелері – бүгінгі балаға тиісті жағдай жасамай, олардан ел үшін еселі қайтарым сұраудың өзі ұят. Ендеше, әлеуеті мықты ауданның халқы ескерусіз, естусіз қалмас деген ойымыз бар. Қайткенде де, олар мемлекетке алақан жайып жұмыс немесе жәрдемақы сұрап отырған жоқ.

 Маржан РАҚАЙ

Қордай ауданы.