Денсаулық

Жерұйықтан жеткен ән мен жыр

Жерұйықтан жеткен ән мен жыр

 Алматылық өнерпаздар жамбылдықтарға апта бойы өз өнерлерін ұсынады

8 7 6 5 4 3

Іс-шараның салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған Алматы облысы әкімінің кеңесшісі Ахмет Кендірбекұлы: «Әр мыңжылдықта орта есеппен отыз жеті ұрпақ ауысады екен. Екі мың жылдан астам тарихы бар көне шаһардың шамамен жетпіс төртінші ұрпағына Жетісу жұртшылығы өзінің барлық өнерпаздарын әкеліп отыр. 

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай,  Алматы облысының Жамбыл облысындағы мәдениет күндері аясында Жетісу  өнерпаздары Тараз топырағын апта бойы ән мен күйдің құшағында тербейді. Асқақ Алатаудың ыстық ықыласын,  төл тарихын Тараз жеріне алып келген олар жергілікті жұртшылықтың назарына  алдымен көрмесін ұсынды.

Апталық барысында театрымыз қойылымдарын ұсынса, Сүйінбай атындағы облыстық филармония әннен шашу шашпақ. Ел мен елді табыстыруға да, салыстыруға да, жарыстыруға да болады. Бірақ біздің мақсат ол емес. Міндетіміз тәжірибе алмасу. Жәдігерге толы қасиетті мекенмен бізді әрдайым жалғап тұратын алтын көпір ол – Жамбыл Жабаев. Жамбыл жерінде дүниеге келген абыздың өмірінің басым бөлігі, белгілі бір парасы Жетісу жерінде өтті. Ортақ тұлғасы бар қос өңірдің табиғаты да, болмысы да, өнері де ұқсас. Біз тек мәдени тұрғыдан ғана емес, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы тұрғысынан да әріптес болуымыз керек. Мұстафа Кемал Түріктің өзі өнер адамдарын құрметтеу керектігін айтты емес пе? Біз де құрметтейік» деді ол өз сөзінде. Бұдан кейін сөз алған облыс әкімінің орынбасары Қалижан Әбдірайымов қос өңірдің рухани тұрғыдан ежелден араласып келе жатқанын сөз етіп, қонақтардың мәдени апталығы сәтті өтуіне тілектестігін білдірді. Ақын Гүлнұр Нұрасылова арнауын орындап, жырдан шашу шашты. Бұдан кейін біз Алматы облысының музейлері мен тігін шеберханаларының әкелген заттарымен, жәдігерлерімен таныстық. Музейлер астанасы деген бейресми атауы бар өңір біздің облысқа барын алып келіпті. Олардың көрмесінен этнографиялық аймақты да, пейзажды да, қолөнер шеберлерінің туындыларын да тамашаладық. Соңғы кезде бүкіләлемдік мәдени мұралар тізбесіне елімізден сегіз қалашық енген болса, соның бесеуі біздің облыстан, қалған үшеуі Алматы облысының қалашықтары. Осыдан барып-ақ көне мұралардың, жәдігерлердің тұрағы, жұмақ мекені қос облыс екенін байқауға, аңғаруға болады. Көрме барысында қойылған қазақ суретшілерінің дарабозы Әбілхан Қастеевтің туындылары өзіне еріксіз баурап алса, біздің дәуірімізге дейінгі кезеңдерді қамтитын Қойлық қалашығының мұралары да бір төбе. Ал Қапшағайдан келген мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қолынан шыққан ұлттық киімдер мен аяқ киімдердің емдік қасиеті бар екен. Түрлі киіз бұйымдарын пайдаланып тіккен шеберхана аяқ киімдерін киген бала майтабан болмайды деседі. «Балатай» қоғамдық бірлестігінің заттарының қасиеті де осы тектес. Жамбыл Жабаев атындағы әдеби мұражайда Амангелді Имановтың батырлық бейнесі көрініс тапқан картиналармен қатар ұлы ақынның мұралары топтасыпты. Сонымен бірге М. Тынышпаев атындағы тарихи өлкетану музейі мен Таңбалы қорық музейінің мұралары да көз тартады. Соңғысына ЮНЕСКО тізіміне енген мұралардың көзіндей таңбалы жартастар, петроглифтер, қызыл кітапқа енген байлықтар жинақталыпты. Олардың санатында қызғалдақ та бар. Сондай-ақ, Жаркенттегі ХІХ ғасырдан сыр шертетін ежелгі мешіттің де кескінін көрдік. Бүкіләлемдік мәдени мұралар тізбесіне енген Қойлық, Талкиіз қалашықтарынан табылған қыштан құйылған ыдыстар да ежелгі дәуірлерден хабар беріп тұр. Шағын статуялардың өзі жанды көрініс секілді. «Балық аулаудың құмары» атты туындыдан біз қармақ ұстап, еншісіне телмірген балықшының келбетін байқадық. Өңірдің әдемі табиғатынан сыр шертетін туындылар да өзіне қызықтырмай қоймайды. Хан тәңірі шыңының бейнесін, Көлсайдың келбетін, Шарын шатқалының ажарын, құпиясын картиналар арқылы аңғардық. Бесшатыр обалы қорымы, Қорымбай әулие кесенесі, Қабанбай батыр бейнелері де дәуірлердің картинасын көз алдыңызға әкеледі. Бір сөзбен айтқанда көрме арқылы біз Жетісу жерінің табиғатымен де, тарихымен де таныстық. Соңыра Алматы облыстық әкімдігі мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетов, облыс әкімдігі мәдениет мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаевтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Мәслихат барысында Рахмет Разбекұлына өңірдің мәдени ахуалына байланысты бірнеше сұрақтар қойып, жауаптар алдық. Цирк өнерінің дамуы, театрдың жанрлық қалыптасуы турасында қойған сауалдарымызға Р. Есдәулетов: «Бізде шынын айту керек, цирк өнері кенжелеп тұр. Рас, жекелей акробатикалық өнерді меңгерген орындаушылар баршылық. Бұл бағытта жұмыс жасаймыз. Ал театр мен амфитеатр мәселесіне қатысты жұмыстар жүргізудеміз. Әлбетте, жүз алпыс мың халқы бар талдықорғандықтар үшін де театрдың маңызы зор. Опера балет театрлары болашақтың еншісінде болғанымен, музыкалық бағытты қамтитын өнер ордасын салуды қолға алып жатқан жайымыз бар. Жалпы мәдени нысандардың көптеп бой көтеруіне облыс әкімі қолұшын берудей беріп келеді. Амфитеатр мәселесін де ойластырудамыз. Одан бөлек дәстүрлі өнер мектебіне баланатын Жетісу топырағында мардымды жұмыстар атқарылуда. Біздің өңір әлі-ақ мәдениетімен мақтана түсетін болады» деп жауап берді. Бұдан бөлек бүкіләлемдік Мәдени мұра тізіміне енген қалашықтардың болашақтары туралы қос өңірдің мәдениет саласының басшылары егжей-тегжей әңгіме өрбітті. Осы күні кешкісін шаһарлықтар Б. Римова атындағы драма театрдың актерлері қойған Иран Ғайыптың «Естайдың Қорланы» қойылымын режиссер Қуандық Қасымовтың қоюында тамашалады. М. Ахмановтың «Алдардың айласы» ертегісі де көрермендерін қуанышқа бөледі. Мәдениет күндері жалғасуда.

Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол». Суреттерді түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.