Денсаулық

Меркіден шыққан майталман

Меркіден шыққан майталман

Қазақ ұлттық аграрлық университетінің профессоры, техника ғылымдарының докторы, кафедра меңгерушісі Нұхтар Әлтайұлы Үмбетәлиев туралы сыр-толғау

Оның осы бір ойы да, қыры да құйқалы әрі құнарлы Жылыбұлаққа келген сайын тынысы кеңейіп, тұла бойының тұтасып тұратын қыр­тысы мен тыртысы, жылуы мол аялы алақанның табы тигендей жазылып-ақ кетеді. Туған топы­рақтың құдретін қойсаңшы. Ал, алыста жүр­генінде ет-жүрегіне етене жақын болып кеткен, бір-бірімен біте қайнасып жататын Меркісі мен Жамбылын да жанынан шығара алмайды.

Иә, Нұхтар Үмбетәлиев үйдегі жеті баланың сүт кенжесі еді. Ағалары Дүйсен, Тоқтар, әпкелері Дәкен, Күлтан, Майкон, Таугүлдер оған есейіңкіреп қалғандарын көрсетіп, еркелетіп жүретін. Сол кездің өзінде-ақ Ұлы Отан соғысының ардагері, Құрметті колхозшы атанған әкесі Әлтай мен ардақты ана – шешесі Зәбихан да оған қабырғасын қайыстырар салмақ салғылары келмейтін. Шынашақтай ғана құр сүлдеріне қарамай, алған бетінен қайтпайтын қайсарлығы бар. Белін бекем буған ісін бітірмейінше тынбайтын. Дегеніне жетпей қоймайтын оның осы бірбеткейлік қылықтары көпшіліктің есіне жазушы Бердібек Соқпақбаевтың Қожасын еріксіз түсіретін. Өзі де солай болды. Көнекөздер «Адам болар баланы талабынан танисың» деп бекер айтпайды екен. Құлындай құлдыраңдаған Нұхтар неге екенін спорт десе ішкен асын жерге қоятын. Ауыл балаларынан қалыспай ертеден қара кешке дейін далақтап доп қуатын. Ептілігі соншалық, ешкімге де есесін жібере қоймайтын. Танауын тартып қойып, намыстың отын жани білетін. Үйдегі ағалары мен әпкелеріне қарағанда оның бітімі мен болмысы барған сайын ерекшелене түсті. Сава атындағы орта мектептің орыс сыныбында оқыды. Сабағы жағынан да сан соғып қалған жері жоқ. Күрделі пәндер саналатын математика, физика, химиядан алдына жан салмайтын, нағыз жүйріктің өзі болып шықты. Орысша оқуға барғандықтан ба, осы тілден мүдіріп те, кідіріп те қалған кездері аз болмады. «Басқа түскен баспақшыл» демей ме. Бұл жағынан «шыбық тимес, шыңқ етер» атанудан арланды. Таудай талап арқалап жүргенін қатарластарына қарап-ақ жақсы сезінді. Қиналса да қыр бермеуге тырысты. Оның осы көңіл-күйін, психологиялық хал-ахуалын жазбай таныған ұстаздары Людмила Ивановна Зуберева мен Нина Петровна Маргелова оны қолтығынан демеп жіберуге жанашырлық жағдайында қарады. Екеуі бірлесе алма-кезек ақыл-кеңестерін айтып, көмектерін көрсетіп отырды. Нұхтар Әлтайұлы сергек сезімталдығының арқасында жақсы мамандықтың «жалына» сол бір өндір шағында-ақ жармасып, соның соңына түсіпті. Ол кезеңде ұзақ-сонар жазғы демалыстарында ауыл балалары шаруашылықтың шаш-етектен болып жататын сан-салалы жұмыстарынан шет қалмайтын. Әркім шамасы келетін шаруаға шарқ ұрып атсалысып жататын. Оның тигізер пайдасы да көп еді. Бір жағы әке-шешелері үшін азын-аулақ табыс көзі болса, екінші жағынан өзі үшін еңбектің шыңдалу мектебі болып табылатын. Ондай шаруадан Нұхтар да қағыс қала алмады. Мектеп бітіргеннен кейін сол уақыттағы одақтың орталығы Мәскеуде немесе шетелдердің бірінде оқысам деген арманы болатын. Ол арманы уақытша қиял-ғажайып ертегі екен. Шаруашылықтың науқандық жұмыстарына араласқалы бері ол механизаторлар мен жүргізушілерге көмекшілік көрсетуге асығатын болып алды. Онысының құндақтаулы құпиясы да жоқ емес. Көз алдында көлбең қағып жүретін алуан түрлі техникаларға деген ырық бермес құштарлығы мен аса ынтызарлықпен аңсар көңілі ауып тұратынды шығарды. Техника атаулының тетіктерін «бес саусағымдай біліп алсам» деген ой мазасын ала берді. Оның реті сабақты инедей сәтімен келіп жатты. Мектепті үздік бітіргеннен кейін ойында пісіп-жетілген ұйғарымы бойынша тиісті құжаттарын Қазақ ауылшаруашылық институтының «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» факультетіне тапсырып, сынақтардан сүрінбей өтіп, студент атанды. Осы жерде оған шаруашылық жұмыстарының бел ортасында жүргенінің көп пайдасы тиді. Теория мен практиканы ұштастару жағынан әжептәуір жеңілдіктер әкелді. Техникаға деген құштарлық ізденісі мен ыстық ықыласы барған сайын арта түсті. Сабақ үлгерімінің сапасы да өзгелерден кем болмады. Алғырлығы мен аңғарымпаздығы алға жетеледі. Қоғамдық жұмыстардағы белсенділігі де лайықты бағасын алып жүрді. Егін орағы кезінде студенттер отрядымен Торғай облысындағы жиын-терінге жыл сайын барып жүрді. Сонда Нұхтар комбайн штрувалына отырып, кәнігі комбайншылардан үзеңгі қағыстыра еңбек етті. Егін орудағы күндік нормасын үнемі асыра орындап жүрді. Апталық қорытындысында дала қосында оның есімі Құрмет тақтасынан орын алып, құрметіне Ту көтеріліп тұратын. Еңбек көрігін ол осылайша қыздырды. Техникаға қатысты талаптардың бәрін де терең меңгеріп шықты. Оған алғыр жастың институтты инженерлік мамандық бойынша қызыл дипломмен бітіріп шығуы нақты дәлел боларлық еді. Оның алғашқы еңбек жолын институт жолдамасымен 3 жыл өзінің туған колхозында бастауына тура келді. Ол кездегі талап солай. Нұхтар бұған қуанбаса, ешқандай да реніші болмады. Шаруашылықтағы инженер-механик қызметін адал атқарып шығуға күш салды. Онысы жеміссіз де емес болатын. Қабілетті маманның қой қырқатын агрегаттағы жанармай үнемдеудің жолдарын ойлап табуы ғылыми жаңалықпен тең еді.Осы елеулі жетістікті ерекше бағалаған колхоз оны осы үшін Мәскеу олимпиадасына арнайы жолдамамен жібереді. Сонда оның осы жаңалығы туралы одақтың «Время» телеарнасы одан сұхбат алып, жалпақ елге жария етеді. Шектеулі еңбек мерзімі біткеннен кейін өзі оқыған білім ордасына қайта оралады. Содан бастап ғылымға шындап ден қоя бастайды. Оған қабілет қарымының жететініне күмәні жоқ болатын. Осы мақсатпен ол өзі қанаттанып шыққан білім ордасына қайта оралады. «Ізденген жетер мұратқа» демей ме. Оның білгірлігі мен іскерлігі бірте-бірте көпшіліктің көңілін баурай түседі. Алғаш рет «Сызба геометрия және инженерлік графика» кафедрасының ассистенті, одан кейін «Мал шаруашылығын механикаландыру» кафедрасының доценті, содан соң Алматы индустриалды колледжі директорының орынбасары және Алматы экономикалық колледжі директорының оқу істері бойынша орынбасары болып жемісті қызмет атқарады. Артылған сенімді ақтаумен болады. Баспалдақтан-баспалдаққа қарай көтеріледі. ҚазҰАУ-нің Бас ғылыми хатшы және әкімшілік аппаратының жетекшісі, «Машина пайдалану» кафедрасының меңгерушісі, «Инженерлік-техникалық» факультетінің деканы қызметтері оның молынан тәжірибе жинақтауына жол ашады. Соңғы үш жылдан бері «Машинаны пайдалану және кәсіптік оқыту» кафедрасының меңгерушісі. Аталған қызметтерде жүргенінде ол ғылым саласынан ара-жігін үзіп алыстай алмады. Қолы қалт ете қалғанында соған ерекше ден қойды. Сол жылдары техника ғылымдарының кандидаты, доцент, техника ғылымдарының докторы, профессор дәрежелеріне өзінің жинақтаған толымды тәжірибесімен қол жеткізді. Осы жерде оған бағыт-бағдар мен ағалық ақыл-кеңестерін берген, келешегінен кемел жетістіктер күткен ұстаздары жайлы айта кетпесек ағаттық болар еді. Мәселен, сол уақыттағы ғылыми-зерттеу институтының директоры, академик Лесбек Сейітбеков, академик Мұхтар Алшынбай, кафедра меңгерушісі, факультет деканы, проректорлық қызметтерде болған Бақытжан Дюсеновтердің азаматтығын ешқашан ұмыта алмайды. Ғылымға оның шынайы ықыласпен кірісуіне осы ардақты ұстаздарының бір ауыз жылы сөздерінің өзі Нұхтардың ұмтылысы мен құлшынысын ұштап, алысқа самғауына талмас қанат бітірді. Әттең, келте дүние-ай! Қазір осы кісілердің біреуі де жоқ. Бәрі де марқұм болып кеткен. Нұхтар күндіз-түні осы аяулы жандардың әруақтары мен рухтарына тәу етіп, тағзым етіп жүреді. Нұхтар Әлтайұлы Үмбетәлиевтің тындырып тастаған ғылыми еңбектері де бір шоғыр. Жалпы саны 200-ден астамды құрайды. Оның негізгі ғылыми – 52, мұның ішіндегі 10-ы өнертабысқа берілген патент, 5-уі жоғары оқу орындарына арналған оқулық. Сол сияқты 5 оқу құралы мен 6 әдістемелік нұсқау, 8 мемлекеттік жалпы білім беру стандарттары, 2 ғылыми монографиясы, 41 типтік оқу бағдарламалары, өндіріске арналған ой-пікірлері мен ұсыныстары. Бұлары ой жіберіп қараған адам үшін орасан еңбектер екені сөзсіз. Сонымен бірге 20-дан астам магистранттар мен екі PhD докторанттарға өзі жетекшілік жасап, олардың ғылыми жұмыстарын ойдағыдай қорғап шығуларына үлкен септігін тигізді. Осынау еңбектері оның табан ет пен маңдай терінің төлеуі екені анық. Ашығын айтқанда, Нұхтардың ғылымдағы қамшы салдырмайтын қағылездігінің айқын көрінісі деп тұжырым жасауға тура келеді Алпыс жастың асқарына табан тіреген оның алар асулары әлі алда. Оның еншісіндегі ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет» грамотасы, ҚазҰАУ «Айырықша еңбегі үшін» төсбелгісі, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері сияқты марапаттары ажарлы азаматтығының айқын белгісі екенін көрсетеді. Халық қадірлеген ғалым, инженерлік мамандыққа бетбұрыс жасаған жастарымыздың сүйіктісі, үлкен білім мен ғылым ұжымының бетке ұстары, Нұхтар Әлтайұлы Үмбетәлиев нағыз самғау шағында. Өмір жолы өнегенің өрісті өрнектері болып көзге көрінеді.

Қанат ТӘКЕБАЕВ, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты.