Тағдырым -мектебім
Тағдырым -мектебім
Тағдыр деген – ойлап кетсең қиялдай, Ісің болса атқарылған ұялмай. Бұл өмірдің мұң мен шерін жиып ап, Көз жасыңды кейде жүрсің тыя алмай.
Тағдыр деген – алға ұмтылу, қуаныш, Өткеніңе шүкір ету – жұбаныш. Көз ұшында бір сәулеге ынтығып, Жетем дейсің, бірақ жолы тым алыс.
Тағдыр саған ойлантады бас қамын, Келмейтіндей қуаныштан басқа мұң. Әне жетем, міне жетем деуменен, Шіркін өмір, өтер, кетер қас-қағым.
Өміріме қарап қалсам мен өткен, Қалай шыққам, сәулесі жоқ түнектен. Ашық күнде жай оттары жарқылдап, Қара дауыл соғады екен кенеттен.
Басын тартпай арындаған құла аттың, Ісім қандай, дос-жаранға сынаттым. Тағдыр атты бір құдірет күтуде, Бірталайын қоям деумен сынақтың.
Есте қалды – сезім отын сепкенің, Есте қалды – мақсатыма жеткенім. Қиындық кеп, құлазыған кезімде, Сен демедің «тағдыр» атты мектебім.
Таңсық Әлімханұлы.
Тараз қаласы.