- Advertisement -

Ерлік ешқашан ұмытылмайды

66

- Advertisement -

2021 жылдың 25 тамызы. Төңірекке түнгі қараңғылық орнай бастаған шақ. Байзақ ауданы аумағында орналасқан 28349 әскери бөлімшесінде алапат жарылыс болып, азаматтық қорғаныстың алдыңғы шебінде жүрген төтенше жағдай саласының мамандары аяқтарынан тік тұрды. Көкке көтерілген қою қара түтін, аспанға шапшыған қызыл жалын алыстан менмұндалады. Халық ұлардай шулады…

 Сол түннің ертеңінде-ақ қалта телефоным шар ете түскен. Іле арғы жақтан ауыл әкімі қызметін 27 жыл атқарған Ермек Әзімов ағаның мұңлы даусы естілді.

– Дүйсеке, түндегі жарылыста Дәулет атаның немересі Тәңірберген Құдайбергенұлы мен Қуатбек көкенің немересі Ғафан Жомартұлы опат болыпты. Сол жарылыста барлығы 17 адам қаза тапса керек, – деді мұңайып. Қандай өкінішті.

Кейін естіп-білгеніміздей, ұлттың ұлдарына айналған қос батырымыздың ерліктерін Президентіміз жоғары бағалап, ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапаттап, «Ерлеріміздің ерлігін ешкім ешқашан ұмытпауы тиіс», деген-ді. Құрмет көрсетіп, көмек қолын созудан облыс, аудан басшылары да тартынбады.

Жақында кәсіпкер Әсет Сүлейменов телефон шалып, Ерназар ауылы орталығында қос батырымыз Тәңірберген мен Ғафанның құрметіне арналған мемориалды тақтаның және арнайы салынған волейбол алаңының ашылу рәсімі өтетінін, жаңа алаңда волейболдан арнайы облыстық турнир ұйымдастырылатынын айтты. Бұл істе Өтеболат атаның ұрпақтары өздері демеушілік жасаған.

«Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» білген ауыл жастарына көп рақмет. Мынадай ескерткіш-тақта, мынадай спорттық алаңды тұрғызу ауылда ауызбіршіліктің барын айғақтайды. Олар бүгін жерлестері көзден кетсе де, көңілден кетпейтінін дәлелдеп отыр. Волейбол ойыны бүгінмен тоқтап қалмақ емес. Алдағы уақытта да жалғасатынына сенемін, – деді шараның ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Олжас Баққараев.

Турнирге 11 команда қатысып, алаңда ойынды қыздырып жатқанда, сахнада аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары ағайынды Нұриламен Нұрғайша Сайранқыздары және Мақсат Қапалұлы сазды әндерімен көпшілікті бір серпілтіп тастады. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлепберген Рүстембеков арнауын оқып, көңіл толқытты.

Шара барысында ауыл жастарының атынан арнайы дастарқан жайылып, ауыл мешітінде оқылған Құранға дүйім жұрт қол жайды.

Дүйсенбек ОРМАНОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Жамбыл ауданы.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support