- Advertisement -

Есімін ел білетін Ерубай

84

- Advertisement -

Елдің ішінде жүріп адал еңбегімен еленген азаматтың бірі – қазіргі таңда ел ағасы атанған Ерубай Әбілдашев. Оның мамандығы – құрылыс прорабы. Мектепті күміс медальмен бітіріп, Алматы политехникалық институтын тәмамдаған. Сонау алпысыншы жылдардың орта тұсында. Содан ұзақ жылдар бойы еңбек адамына айналды. Шалғай және шөлейтті аудан – Таластың «Ойық» кеңшарында аға прораб болды. Кеңшарды Әнуарбек Тәжімбетов дейтін білікті директор басқарушы еді.

 Бұл кеңшардың құрылыс саласын жастығына қарамай дөңгелетіп әкетті. Ауыл тұрғындарына, малшылар мен диқандарға, сушыларға арналған үйлер салды. Құрылысшы ретінде қолтаңбасын қалдырып, еңбек адамдарына қуаныш сыйлады. Өзі де тас төсеп, кірпіш қалады. Кеңшарда талай жаңа ғимараттар бой көтерді сонда. Мектепте озат, институтта үздік болған еді. Еңбек жолында да табыссыз болмады. Кеңшар директоры тәжірибелі Тәжімбетовтың мақтауына ілікті. Білікті басшы әр құрылысты аралаған сайын жас прорабтың арқасынан қағып, қанаттандырып жүрді.

Сондай қарбалас күндердің бірінде мұны директор өзіне шақырды. Бастығы амандықтан кейін: «Кеңшарға еңселі мәдениет үйін салдырамыз. Алматыға тарт. Сызбасын сыздырып, тиісті министрлерге кіріп тындырып қайт», деді. Ол кезде кеңшарға салынатын мәдениет үйінің мәселесін Алматыдағы министрлік шешеді. Ерубай жастығына қарамастан құрылыс және ауыл шаруашылығы министрлеріне кіріп, шаруаны айтады.

Алайда мәселе министрлермен де шешілмей, Бірінші хатшы Дінмұхамед Қонаевқа кіруге тура келеді. Бұл ауылға қайтып оралады. Көп ұзамай кеңшар директоры Әнуарбек Тәжімбетов Алматыға аттанып, Қонаевқа өзі кіреді. Мәселе осылай шешіліп, «Ойық» кеңшарына мәдениет үйі салынады. Сол еңселі мәдениет үйі арада 50 жылға жуық уақыт өтсе де әлі сүйегі бұзылмай, сапалы күйінде тұр. Бұл мәдениет үйінің құрылысында еңбексүйгіш Ерубайдың қолының табы бар екенін біреу білсе, біреу білмес. Еңбекқор Ерубай жайлы сыныптасы, Ойық ауылдық билер кеңесінің төрағасы Пантай Рахманбердіұлы: «Ерубай мектеп партасында жүргеннен-ақ алғыр, елгезек болды. Жасы үлкенге көмектесуге, қоғамдық іске ұйытқы болуға ұмтылып тұратын», деп жылы пікір айтады.

Е.Әбілдашев кейінірек Мойынқұм ауданында да құрылыс саласында еңбек етті. Небір күрделі құрылыстарға қарқын берді. Ол жақта да өзіндей құрылысшыларды белсенді жұмысқа ұйымдастыра білді. Сол кездегі аудан басшысы Айтбай Назарбековтің көзіне түсіп, батасын алған. Таласта Тамабек Қартабаевтан құрмет көрсе, Мойынқұмда Айтбайдан алғыс естігені есінен кетпейді. Оның араласуымен жүзеге асқан сапалы құрылыстар тұрғындарға талай жыл қызмет ете беретіні анық.

Ал Ерубай болса, зейнетке шықты. Ол бұл күнде ұл-қыз, немерелерінің ортасындағы бақытты ата. Ауылдастары оны тегіс құрметтейді. Еңбек адамын қадірлеу деген осы болса керек.

 Есет ДОСАЛЫ

Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support