Туған топырағын тұғыр еткен тұлға
Туған топырағын тұғыр еткен тұлға
– Шерхан көкем Жуалысын, туған жерін өте жақсы көрді. Республикалық газет-журнал, телеарналарды басқарып жүріп те Жуалыға келуге уақыт табатын. Әйтпесе, ондай үлкен жұмыстардан босай берудің өзі қиынның қиыны ғой. Сонда туған жерге, елге деген сағынышы бәрінен жоғары тұратын болғаны ғой деп ойлап, риза болушы едік. Шерхан көкем Жуалыға келгенде өзінің Талапты ауылына міндетті түрде соғады. Өзі ақсақал болғанға дейін ауыл ақсақалдарына сәлем беруді үзген жоқ. Қанша туыс, іні-қарындастары бар. Бәрімен де хабарласып, бәрінің жағдайларын біліп шығатын. Сосын уақыты болса атқа мініп серуендегенді өте жақсы көрді. Талаптының табиғатын, егістігін аралап, қуанып жүруші еді. «Жуалым, туған жерім» деп аузынан тастамайтын. Көкеміздің патриоттық сезіміне, туған жерге деген құрметіне, бауырға деген қамқорлығына таңданатынбыз, – деді Әлижан Батырханұлы. Біз бұл жерден әйгілі жазушының туған жерге, ауылдың үлкендеріне, бауырларына деген құрметін, ізгі қасиетін көреміз. Ал енді кезінде республикалық «Лениншіл жас» газетінде (қазіргі «Жас Алаш» газеті) бас редактордың бірінші орынбасары, 13 жыл бойы республикаға тарайтын «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы болған Ерғали Сағат 2019 жылы республикалық «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында былай деп толғанады. – Сол «Лениншіл жас» газетінде жүрген кезіміз ғой. Жанболат Аупбаев тағдыры қызық адамдар туралы ғажайып зерттеу мақалалар, очерктер жазды. Кейін сол тақырып тек Жанболатқа ғана жарасты тақырып болып қалды, әлі жалғап келеді. Жарылқап Бейсенбаев мәдени тақырыптарды кең көтеретін. Бақыт Сарбалаұлы әдеби сын жанрын шебер жеткізіп отырды. Олардың сол көтерген мәселелері кейін жеке-жеке кітап болып шығып жатты. Ол кезде баспалар кітап қылып шығару үшін мақалаларыңды өзі сұрап алатын. Мен Түркістан-Сібір теміржолының бойымен бір жыл жүріп өтіп, «Күретамыр» деген жиырма шақты деректі мақала жаздым. Соны «Жалын» баспасы сұратып, кітап етіп шығарып берді. Осылайша қызықты тақырыптарға да қалам жүгіртетінбіз. Өйткені бір ғана экономика мен ауыл шаруашылығын жазу арқылы газеттің таралымын көтере алмайсың. Сондағы тәжірибені кейін «Алматы ақшамына» келген кезде де пайдалануға тырыстық. Әсіресе қала қазақтарының мәдениеті, жүріс-тұрысы, бойындағы ұлттық құндылықтардан арылып бара жатқаны сияқты мәселелерге мән бердік. Мен «Күретамыр» атты сериялық деректі очерктерді жазып жүргенде Шерхан Мұртаза ағамыз мені арнайы іздеп редакцияға келіпті. Көру үшін. Очерк Түркістан-Сібір теміржолы туралы. Ал оны Тұрар Рысқұлов басқарған. Ал Шерағаң ол кезде Тұрар Рысқұлов туралы роман жазып жүр екен. Сол менің жазып жатқан мәселеме байланысты іші жылып қалса керек. Жауапты хатшы болатынмын. Сейдахмет Бердіқұлов «Орныңдасың ба?» деп хабарласты. «Иә» деймін. Сөйткенше болмады, арада екі- үш минут өткен соң, Шерағаң мен Сейдағаң екеуі кіріп келді. Шерхан аға кірген бойда: «Мына бала қайтіп жұмыс істейді? Масқара ғой» деді. Зәрем қалмады.Сөйтсем, ағатайым сыртымыздан бақылап, тілеулес болып жүреді екен. Жазған-сызғанымызды да назарында ұстайды екен. Оны байқағанда Шерағаға деген құрмет біздің бойда да атойлады. Ағаны ерекше құрметтедік, – дейді. Біз бұл жерден Шерағаның жерле с қаламгерлерді назарында ұстап, ізгі аға бола білгенін байқаймыз. Ірілігін жоймаған, айналаны тегіс ойлаған тектілік осылай болса керек.
Есет ЖАҢАБАЙҰЛЫ