- Advertisement -

Қант тапшылығы қысып тұр

29

- Advertisement -

Осыдан бірер жыл бұрын шекердің құны шарықтап, қант қат дүниеге айналатыны үш ұйықтасақ түсімізге кірмес еді. Өкінішке қарай қазіргідей тұс-тұстан қымбатшылық қысқан уақытта «жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартқанның» күйін кешіп отырмыз. Басқа-басқа ел аумағы бойынша асыраушы саланың қайнаған қазанындай агроаймағымызда қант тапшылығы болмауы тиіс-ақ еді. Десек те, елдің көкейіндегі күмән сейілер емес. Осыған орай біз сонау 1934 жылдан бері қант өндірісінің қарашаңырағына айналып кеткен Меркі ауданындағы зауытқа арнайы атбасын бұрып, жағдайды өз көзімізбен көріп қайттық.

 Қазіргі таңда әлемнің жеті кереметі немесе қазақтың жеті қазынасы іспетті қолжетімді қант та әлеуметтік дүкендердің жақұтына айналғаны жасырын емес. Бағасы бұқараға қолайлы болғандықтан да әулиеаталықтар әлеуметтік дүкендерде күн сайын ұзын-сонар кезекте тұрады. Тіпті кейбір осындай дүкендерде бір килограмм қант үшін жаға жыртысып, дау туғызатындар да көбейді. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» деп «халық айтса, қалт айтпайды». Себебі қант тапшылығы төңірегінде мәселе бар. Және ол күн тәртібіндегі күйіп тұрған мәселе болғандықтан да Мемлекет басшысы таяуда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов пен Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевке сөгіс берді.

«Бұған дейін іске қосылған жеті қант зауытынан бүгін төртеуі ғана жұмыс істеп тұр, олардың үштен бірі ғана жүктелген. Ауыл шаруашылығы министрлігі 2026 жылға қарай қант қызылшасының үлесін 7-ден 43 пайызға арттыруды жоспарлап отыр. Алайда соңғы төрт жылда қант қызылшасын егу үш есе қысқарған. Біз 90 пайыз импорттық қантқа тәуелдіміз. Бұл ретте ЕАЭО аясындағы шешімдерге сілтеуге болады, алайда қалай болғанда да, бұл – Үкіметтің қателігі. Демек, мемлекет мүддесін қорғай алмадық. Үкімет тез арада қант саласын дамыту бойынша жеке салалық жоба жасап шығаруы қажет. Мақсаты – импортқа тәуелділікті айтарлықтай азайтып, ақырындап өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейіне жету. Бұл салаға отандық және шетелдік инвесторлар тарапынан қызығушылық айтарлықтай жоғары, дұрыс тәсілдер қажет. Бұл басқалармен қатар ішкі саяси мәні бар принциптік мәселе», – деді Президент өз сөзінде.

Осылайша Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев бұрын іске қосылған жеті қант зауытының төртеуі Алматы мен Жамбыл облыстарында ғана жұмыс істейтінін және олар жүктеменің тек 31 пайызын жауып отырғанын жеткізді.

Ізін ала облысқа Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары арнайы іссапармен келді. Әбілхайыр Тамабек өңірдегі Меркі, Жамбыл, Байзақ және Талас аудандарының тұрғындарымен кездесіп, қант қызылшасын өсірумен айналысатын шаруалардың мәселесі мен ұсынысын тыңдады.

Облыс әкімдігінің мәліметі бойынша, 2022 жылы қант қызылшасының егіс алаңы – 6,1 мың гектар, ал 2021 жылы 5,6 мың гектарды құраған. Статистикалық деректерге сәйкес, 2021 жылы Жамбыл облысы бойынша өнімділігі 310,9 ц/га- нан 160,3 мың тонна (2020 жылдан 26,8 мың тоннаға артық) қант қызылшасы өндіріліпті. Қант қызылшасының көпжылдық өндірісінің орташа көлемі шамамен 171 мың тоннаны құраған. Мұндағы қант қызылшасы алқаптарының азаюының негізгі себептері, олар, біріншіден өндірістің жоғары шығыны және экономикалық тиімсіздігі. Яғни 1 гектар қант қызылшасын себуге жұмсалатын тікелей шығын орта есеппен 500 мың теңгені құрайды екен. Жанар- жағар май, пестицидтер, суаратын су тарифтері бағасының айтарлықтай өсуі де әсер еткен. Қант қызылшасын өсірумен айналысатын аграршылардың сатып алу бағасының төмен болуы да осыған саяды. Салалық министрлік анықтаған екінші себебі ылғалмен қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты. Яғни республиканың оңтүстік өңірлерінде ауыл шаруашылығы дақылдарын ылғалмен қамтамасыз ету проблемасы бар екені белгілі. Сондай-ақ, оған фермерлерді техникалық жабдықтау мәселесін де қосқан. Үшінші басты мәселенің бірі қант зауыттарының тозығы жеткендігі. Өндіріс орындарының дені өткен ғасырдың отызыншы жылдары іргетасы қаланған. Ал зауыттардың технологиялық жабдықтарын жаңғырту үшін де айтарлықтай үлкен инвестиция қажет.

Ал енді өзекті мәселенің өз өңіріміздегі жағдайы мен байыбына бойласақ, өткен аптада облыс әкімі Нұржан Нұржігітов ағымдағы жылдың алғашқы алты айындағы өңірдің әлеуметтік- экономикалық даму көрсеткіштері мен алдағы міндеттері бойынша кеңейтілген брифинг өткізді. Басқосу барысында Нұржан Молдиярұлы әлеуметтік маңызы бар, халық жиі тұтынатын азық-түліктің 19 түріне де тоқталып өтті. Соның ішінде тауардың 10 түрі бойынша өңірдегі шаруалар облысты толықтай қамтамасыз етіп отырғанын жеткізді. Қарақұмық пен күріштен басқа қалған жеті тауардың көлемін де жүз пайызға арттыру бойынша жұмыстар атқарылып жатқанын алға тартты. Өз сөзінде халықтың көкейіндегі қанттың жайын да назардан тыс қалдырған жоқ.

– Қант мәселесі бізде көршілес Ресей шекарасын жапқан соң басталды. Алматы, Жамбыл облыстары қант өндіруде. Ол қант барлық облыстарға жеткізіледі. Биыл ақпан айынан бастап Тараз қаласындағы қант зауыты күнделікті 500 тонна қант өндірсе, қазір 700 тоннаға дейін шығарып отыр. Меркідегі қант зауыты бірер айдың бедерінде 500 тоннадан өндіріп отыр. Былайша айтқанда, Жамбыл облысы күнделікті 1000 тонна қант шығаруда. Ақпан айынан бергі зерделеуге жүгінсек, Тараз қаласының тұтыну нормасы 20 тонна болса, 100 тонна қант кіргізсек те жетпеді. Сонда азаматтар байбалам салып, жаппай қант алуға таласқан. Үйіне қант жиып жатқандар да аз емес. Әлеуметтік дүкендерде қант бағасы екі есе арзан болған тұста, ел жаппай таласып қант алды. Бір үйден бірнеше адам келіп қант алатындар да болған. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы министрлігіне тиісті тапсырмалар жүктеді. Енді осы бағытта шаруалар қолға алынып, қызылша алқабының көлемін ұлғайту бағытында жұмыстар іске асады, – деді облыс басшысы бұл мәселе хақында.

Хош, күнделікті мың тоннадай қант өндіруге өңіріміздің әлеуеті жеткілікті екеніне күмән жоқ. Тек сол өндірілген қант өңірімізге жетіп жатыр ма, жоқ басқа жаққа кетіп жатыр ма? Ол жағында күмән көп. Оған өзіміздің көңіліміз де күпті болды. Себебі Президент пәрменінен кейін біз де Меркі ауданына ат терлетіп арнайы бардық. Қанттың қазынаға айналып кеткенін Меркідегі зауыттың кіре берісінен-ақ байқауға болады. Ондағы күзетшілер қарапайым халық тұрмақ, әкімдіктің атқамінер ақжағаларына да жалын сипатпайды. Төбесінен құс ұшырмайтын зауыттың алдында ұзақ уақыт торуылдап жүріп, әрең дегенде басшылығының рұқсатын алдық. Хан сарайының нөкерлеріндей мамандарымен тіл табысудың өзі қантқа қолы жетпей жүрген халықтың жай-күйі іспетті. Жасыратыны жоқ, зауыттың тіршілігі расымен тынымсыз екен. Оның үстіне осыдан бес, алты жыл бұрын өндіріс орнына жаңғырту жұмыстары жүріп, зауыт жұмысы автоматты жүйеге өткен. Қоймадағы қант «қамалын» көзбен көріп, қант жетпей жатыр деуіміз расымен бекершілік екен дедік.

– Мен зауытта 2003 жылдан бері жұмыс істеймін. Алайда мұнда еңбек өтілі менен де көп, отыз, қырық жыл жұмыс тәжірибесі бар мамандарымыз аз емес. Басында технолог болып орналастым, қазір зертхана меңгерушісімін. 2016 жылы зауыт модернизациядан өтті. Жаңа, заманауи пресс-фильтр орнатылды. Ал 2017 жылы вакуум қондырғылары іске қосылып, өндіріс толығымен автоматты жүйеге көшті. Яғни мұнда қазір қант өндіру ісі компьютерлік жүйемен жұмыс істейді. Бұрынғыдай таңнан кешке дейін қара тер болып жүретін жұмыс жоқ. Істің барысын тек монитордан бақылап отырамыз. Жалпы 460 маман еңбек етеді. Қазір біздің зауыт тәулігіне 500 тонна қант өндіруде. Дегенмен бұл қантты біз қазіргі таңда Талдықорғанға жөнелтіп жатырмыз. Олар бізге шикізат береді, біз өндіріп өздеріне жіберудеміз. Сондықтан әзірге қантты аудандағы, өңірдегі дүкендерге жөнелтіп жатқан жоқпыз. Себебі Талдықорғанмен әріптестік келісіміміз бар. Оларға біз әлі тоғыз мың тоннадай қант жіберуіміз керек. Содан кейін ғана өз өңірімізге сатылымға шығарамыз, – дейді зауыт маманы Гүлнар Дәлібаева.

Десек те зауыт мамандары қанттың бағасын коммерциялық құпия санап, басқа сұрақтарымыздан да бастарын алып қашты. Қоймадағы қант зауыттан тікелей жүк пойызының вагондарына артылып, Талдықорғанға кетіп жатыр. Әр вагонда 68 тонна қант өнімі бар. Сонда шикізат Талдықорғаннан келетін болса, өзіміздің шикізат қайда кетіп жатыр деген сұрақ та санаға салмақ салары анық. Бірақ ол сауалға зауыт басшылығы үзілді-кесілді жауап бермеді.

– Аудан орталығында қант әртүрлі бағада саудалануда. Кейбір дүкендерде 700, енді бірінде 800 теңгеге бағалануда. Шиенің кезінде қант тапшылығы салдарынан тосап жасай алмадық. Алдағы тамызда да бұл мәселе әр отбасыға әсер етері анық. Алты баланың анасымын. Ата-енеміз қолымызда. Үлкен отбасымыз. Күнделікті алатын бір немесе екі килограмм қант отбасымызға жетпейді. Көрші өңірлердегі туыстарымыз бізге «ауылдарыңда қант зауыты бар ғой, сендерде қант тапшылығы жоқ шығар» дейді. Зауыттан жеке барып сатып ала алмайсың. Дүкендердегі жағдай осындай. Біздің ауданда қант тапшылығы мүлде болмауы тиіс емес пе? Бізде тапшы болатын болса, басқа аудандар жайлы айтарға сөзім жоқ. Осы елдің азаматшасы, тумасы ретінде маған бұл қымбатшылық пен тапшылықты өндіріс орындары қолдан жасайтындай көрінеді. Алдымен қантты сатылымға шығармай, тапшылық тудырады, содан кейін бірден бағасын көтеріп жібереді. Әлеуметтік дүкенде қолжетімді қант бар, бірақ ол халыққа жетпейтіні шындық. Ал басқа жеке дүкендерде қымбат. Мемлекет басшысы осы мәселені шешуге нақты тапсырма берді, енді оң шешілетін шығар. Не де болса жақсылықтан күдер үзбейміз, – дейді Меркі ауданының тұрғыны Рыскүл Алдабергенова.

Ал меркіліктер арқа сүйеп отырған зауыттың аймақ үшін емес, «тәтті сегментті» Талдықорғанға жіберумен тынымсыз айналысып жатқандығынан бейхабар. Бірақ жақсы нәтижеден үміт үзбейтін аудан халқының өз өніміміз өз дастарқанымыздан табылса деген талап- тілегі бар. Біз де осы айтылған орынды талап облыс басшылығы тарапынан көп күттірмей ескеріледі деген сенімдеміз.

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Меркі ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support