Жаңалықтар

Сөз зергері –Сайын

Сөз зергері –Сайын

Қазақ әдебиетін насихаттау, тарихи-мәдени және рухани мұрамызды сақтау, жастарды отаншылдыққа, өнегелілікке тәрбиелеу, сондай-ақ, оқырмандарды әдеби-көркем кітаптарды оқуға, кітапханаға тартуға бағытталған «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы биыл сегізінші рет ұйымдастырылды. Осы мақсатта Жамбыл политехникалық колледжінде Сайын Мұратбековтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Сөз зергері – Сайын Мұратбеков» атты әдеби кеш өтті. Кеш барысында колледж оқытушылары Н. Жексенбаева «Бір ел – бір кітап» акциясының шығу тарихына тоқталып өтсе, Г. Макенова оқырмандардың жабық дауыс беруі нәтижесінде биыл Сайын Мұратбековтің «Жусан исі» және «Басында Үшқараның...» атты шығармалары ең көп дауыс жинап, жыл кітабы болып таңдалғанын айтып өтті. Сайын Мұратбеков – қазақ прозасында орны айқын, көркемдік әлемімен баураған жазушының бірі. Жазушының шығармалары орыс, өзбек, татар, украин, беларусь, грузин, әзірбайжан, литва, араб тілдерінде жарық көрген. Жазушы Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының, М. Әуезов атындағы әдеби сыйлықтың және Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. «Жусан исі» повесін кезінде оқырмандар жылы қабылдап, ыстық ықыласын білдірген. Шығарманың композициялық желісіне Айткүл Есенбаева тоқталды. Сайын Мұратбековтің «Жусан исі» атты повесінде екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы кішкентай бір ауылдағы балалардың бастан кешкен оқиғасы, көрген ауыртпашылықтары, қазақ ауылының ауыр жағдайы, халықтың басына түскен қайғы-қасірет суреттеледі. Әңгімедегі басты кейіпкер – Аян. Оған ақылдылық, ұқыптылық, мақсаткерлік тән. Аянның маңайындағы балаларға айтқан ертегілері адамға ой саларлық құндылығымен ерекше екендігін айтты. Өзгелер де өз пікірлерін ортаға салды.

Райхан Әбдікерімова, Жамбыл политехникалық колледжінің әдіскері.