Жаңалықтар

Қаппарша «қорқыту»

Қаппарша «қорқыту»

Біздің Қапекең әпенді Һәм шатақтау адам. Қылжақпастығы да жетерлік. Онысы әзілге жақындығынан ба, жоқ, жаратылысынан ба, бір Аллаға аян. Бірер жас үлкендігі болғанымен, қырық жылдай үзенгілеспіз, әскерде борщтың «майын» бірге ішкенбіз, аздап әзіл-қалжыңымыз да жарасып тұрады.

Қапекең 1997 жылы аудан орталығы Қаратауға көшіп келген соң, амал жоқ қызмет бабымен пәтер жалдап тұрды. Содан 2003 жылы зейнетке шыққанға дейін қаланың әр бұрышынан үй ауыстырып жүрді. Алғаш көшіп келгенде Ә. Молдағұлова көшесі­нен бір пәтерді жалдап, көрпе- төсегін түсіріп кеткен ғой. Бір апта өткен соң әлгі үйін таппай, келесі көп қабатты үйдегі тура сондай пәтердің есігін қағып тұр дейді. Үй иесі шығып: «Сізге кім керек?» демей ме. Сөйтсе Қапекең: «Саған кім керек, менің үйімде неғып жүрсің?» депті ежірейіп. Әбиір болғанда қасында баласы бар екен: «Әке, бұл емес біздің пәтер, келесі үйде» деп зорға көндірген. Әйтпесе, ана кісінің жағасынан алайын деп тұр дейді. «Арық болғаныммен сіңірлі күштімін» дейтіні бар. «Қазір азған түрім ғой, жас күнімде екі иығыма екі кісі мінгендей дәу едім» деп мақтанады. Қайдам, мен көргенде Қапекең осы кейпіндегі, ашаң, арық, жіңішке еді... «Қайдам» десең тағы көңіліне тиіп қаласың. «Апырай-ә» дейсің. Содан не керек, аяғында Саңырық батыр көшесіндегі көпқабатты үйдің біріне тұрақтады. Көршілері әр алуан... Ішкіштері де жетерлік. Бір күні барсам, Қапекең мақтанып отыр. «Өй, атасына нәлет, – дейді күмп-күмп етіп, – иттің балалары күнде, әсіресе, түннің бір уағында есігімді қағып маза бермейді. Алғашқыда «Қой, құдайы көрші ғой» – деп есігімді ашып жүрдім. Сөйтсем, кейде мас болып, күжірейіп күш көрсете келетіндері де шықты. Бұл иттерге көрсетейін» дедім. Кеше, тағы біреуінің есік қақпасы бар ма. Кемпіріміз екеуміз ұйықтап жатқанбыз. Ішкиіммен орнымнан атып тұрдым. Өзің білесің ғой. Арықпын. Тура түрім «склеттен» аумаған, тірі әруақ па дерсің. Жұдырығымды түйіп, екі көзімді ежірейтіп, шашым ұйпа-тұйпа, есікті ашсам, маскүнем көршім тұр екен. «Што тебе надо!» деп ұмтылып едім, ой, Алла-ай: «жалмауызға да жан керек», – демекші, әлгінің екі көзі шарасынан шығып, тіл-аузынан айырылып, шалқасынан түссін. «Өліп қалды» екен деп өзімнің зәрем зәр түбіне кетсін. Бетіне қарап әзірейілдей болып төніп тұрмын. Бір уақытта, ой, Алла-ай, масым есін жиды да құйрығымен сырғып, төменгі қабатқа домалап түссін. «Ә-ә, тірілдің бе, иттің баласы» деп үйге кіріп, есікті тарс жауып алдым». «Шынында да түрің адам шошырлықтай ғой» дедім мен де құтырта. «Құдая тоба, Сәке,– деді Қапекең мақтана, – не болса ол болсын, «склет» түріммен бір маскүнемнің әкесін таныттым...» Иә, оның жалаңаш түрін көзге елестетіп, менің де зәрем ұшайын деді ме, көп отырмай, шығып кеттім. Апта өткен соң Қапекеңнен: «Әй, көршің қалай, тірі ме?» деп сұрасам: «Тірі иттің баласы, – дейді мәз болып, – кәстөм-шалбар киіп, галстук байлап жүрсем де, маған жоламай, үй айналып қашатынды шығарды». Содан бері біз «Құрметті кәсіпкерлер! «Рэкеттерден» құтылғыларың келсе, Қапекеңді жалдаңдар!» деп қалжыңдайтын болдық.

Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».

Талас ауданы.