- Advertisement -

Мәдениет саласында мәселе көп

66

- Advertisement -

Шілденің шіліңгір ыстығында барлық адамның суға түсуді дұрыс көретіні, бассейн іздейтіні анық. Өзен-көл, тоғандардың бәрінің жағалауынан шомылып жатқандарды көптеп кезіктіруге болады. Бірақ суға түсуде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтаған абзал.

 

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте шомылу маусымындағы қауіпсіздік шаралары туралы мәселе қаралды. Әуелі жиында жуырда Жамбыл ауданында орын алған қайғылы оқиғаға байланысты облыс әкімінің кеңесшісі Нұрмұхаммед Ниязбеков баяндады. «Сол оқиға болған күні қоңырау шалып, облыстық төтенше жағдай департаментінің бастығын да, орынбасары Қосыбаев мырзаны да ала алмадым. Ал Жасөркеннің жағасындағы суда жүздеген адам суға кеткен қыздың денесін іздеді. Ол жерде «Жедел жәрдем» немесе полиция өкілдері болған жоқ. Осы оқиғаға белсене қатысып, тәуекелге барған жігіт жарақат алып қалды. Ауылдық округ әкімі де, ауылдық полиция өкілі де оқиға орнына мәйіт табылғаннан кейін, яғни бір тәулік өткенде әрең келді. Әсіресе төтенше жағдай департаменті басшыларының телефон алмағанын түсінбедім», – деді.

Бұл мәселе бойынша облыс әкімі Нұржан Нұржігітов өз сөзінде: «Айтылған мәлімет жаға ұстатарлық. 500 адам судың жағасында жүрген. Басқа адамдар да жазымға ұшыраса, не болар еді. Тиісті басқарма басшыларына қатаң жаза болады. Оқиға орнынан табылмаған полиция департаменті өкілдері, «Жедел жәрдем» қызметкерлері де жауапсыз қалмайды.

Бұл салғырттықты көрсетті. Жұмыста жүйе жоқ деген сөз» деді. Осы тұста облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілі өзен-көл, тоғайлардың бәрі бақылауда екенін, қауіпсіздік жөнінде айтып жатқанын, бірақ барлығын қамту мүмкін болмай тұрғанын айтты. «Биылдың өзінде 4 кісі суға кетіп, көз жұмды. Осы ма бақылағандарыңыз? Осы ма – жұмысыңыздан шыққан нәтиже? Егер ешқандай төтенше жағдай жоқ болса, жұмысыңыз өте жақсы деп айтар едім. Салғырттыққа жауап бересіздер. Ал оқиға кезінде қатерге басын тігіп, жарақат алған жігіт салтанатты түрде марапатталады», – деді облыс әкімі.

Жиында облыстағы тарихи және мәдени ескерткіштерді күтіп ұстау, кітапханалардағы ақпараттық орталықтардың жұмысын жандандыру және мәдени нысандарға күрделі, ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы мәселе де қаралды. Облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбайдың айтуынша, аталған басқармаға қарасты «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі бар. Аталған мекеме халықаралық және республикалық маңызы бар мәдени ескерткіштерден басқа құндылықтардың барлығын қадағалауға жауапты. Бүгінгі таңда облысымызда 3 435 тарихи-мәдени ескерткіштер бар. Олардың 5-еуі ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұра тізбесіне алынған, 25-і – республикалық дәрежедегі ескерткіш, 698-і жергілікті маңыздағы ескерткіштер, 2 707 тарихи-мәдени ескерткіштер алдын ала тізімге алынып отыр. Өңірде тарихи-мәдени ескерткіштердің сақталу деңгейін анықтап, мониторингтер жүргізу үшін инспекторларды техникалық жарақтандыру (фотоаппарат, GPS құрылғысы) тоқсанына бір рет автокөлікті жанар-жағармаймен қамтамасыз ету және өзге де мәселелер шешімін таппаған. Осы тұста облыс әкімі тарапынан қойылған сұрақтарға басқарма басшысы да, «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі де мардымды жауап бере алмады. Қайта Ш.Мұртаза атындағы облыстық «Руханият және тарихтану» орталығының директоры Сауран Қалиев өңіріміздің үш аумағында түрлі ғылыми институттар туризмге қатысты зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатқанын айтты. «Бұл жағдайдың баяндамада қамтылмауы, басқарма басшысының аталған мәселені толық білмеуі өкінішті», – деді аймақ басшысы.

Аталған басқарма басшысы облыс көлемінде 274 кітапхана (3-еуі облыстық, 8-і қалалық, қалған 263-і аудандардағы кітапханалар) бар екенін, 2022 жылдың 6 айында кітапханалардың кітап қоры – 3 741 562 (мемлекеттік тілде – 2 006 103 дана) дана, оқырман саны – 174 428 адам, кітап берілімі – 2 473 276 (мемлекеттік тілде – 1 998 952 дана), келушілер саны – 1 257 323, оның ішінде балалар 364 255 адамды құрағанын атап өтті. Жалпы кітапханалар «Оқитын ұлт» жобасы шеңберінде халықтың кітап оқу белсенділігін арттыру мақсатында Қазақстан Республикасындағы кітапханаларға оқырмандарды тарту және кітап оқуды насихаттау жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары аясында жұмыс жүргізуде.

Облыс әкімі жалпы 274 кітапханада 174 мың 428 оқырман бар екенін естігенде, бұл деген бір кітапхана оқырманы 630 адам деген сөз екенін, бұл оқырманның аздығын көрсететінін айтты. Ш.Уәлиханов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы директорының орынбасары Мақтагүл Жеңсікбаева мәдениетке жауапты министрлік бекіткен нормаға сай жұмыс атқарылып жатқанын айтып ақталды. Облыс басшысы «Оқитын ұлт» жобасына қатысып жатқандар кітапханаға тұрақты оқырман болып қала ма?» деп сұрап, мәселеге егжей-тегжейлі назар аударды. Мұнан соң мектепке жақсы беріліп жатқан интернет желісінің кітапханаға төмен жылдамдықпен келіп жатқанына алаңдаушылық білдірді. «Мектеп те, кітапхана да бір ауылда.

Мектептің интернет жылдамдығы жоғары, кітапхананың интернет жылдамдығы әлсіз. Неге бұлай?», – деді. Оған да сала мамандары жауап бере алған жоқ.

Облыс басшысы мәдениет үйлері мен ауылдық клубтар мәселесін де мұқият тыңдады. Өңірде мәдениет үйлері мен ауылдық клуб саны 197 екен. Оның 31-і ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан. Биыл мәдениет саласы бойынша «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» және «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобалары аясында 11 мәдениет нысандарының құрылыстарына республикалық бюджеттен 1 миллиард 230 миллион теңге қаржы бөлініп отыр. Сондай-ақ облыс басшысы Байзақ, Жамбыл, Меркі, Қордай аудандарының әкімдерін онлайн түрде тыңдап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысын білді. Кейбір аудан әкімдерінің сырғытпа жауабына көңілі толған жоқ.

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов мәдениет саласындағы жұмыстарға мүлдем көңілі толмайтынын айтты. Осыдан бір ай бұрын берілген тапсырмалар толық орындалмаған. Аймақ басшысы жиынды қорытындылай келе: «Бір айдан кейін салада қордаланған мәселелерді қайта қараймыз. Егер ол кезде істен нәтиже шықпаса, сала басшыларымен жұмыс басқаша жүреді. Сондықтан жұмысқа көңіл бөлетін уақыт жетті», – деп түйіндеді.

 Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support