- Advertisement -

Еліміздегі бірқатар облысқа прокурорлар тағайындалды

109

- Advertisement -

Мемлекет басшысының келісімімен, Бас прокурордың бұйрығымен бірқатар облыстың прокурорлары тағайындалды деп хабарлады.

Бас прокуратураның мәліметі бойынша, жаңадан құрылған Ұлытау облысының прокуроры 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі Жарқынбек Кендірбекұлы Бақашбаев болды.

Жарқынбек Бақашбаев еңбек жолын 1985 жылы Целиноград қаласындағы Ленин аудандық прокуратурасында тағылымгер болып бастаған. Басшылық лауазымдарда тәжірибесі мол. Арыс қаласының ауданаралық прокуроры, Оңтүстік Қазақстан облысының Шымкент және Түркістан қалаларының прокуроры, Қызылорда, Ақмола облыстары, Алматы қаласы прокурорының орынбасары, Бас прокуратураның Арнайы прокурорлар департаменті және Қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары болған. 2019 жылдан бастап Бас прокуратураның 2-қызмет бастығы лауазымын атқарды. Прокуратура органдарындағы тәжірибесі 35 жылдан асқан.

Абай облысының прокуроры 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі Абаев Ерлан Масғұтұлы болды.

Ерлан Абаев прокуратура органдарында 1992 жылдан бері қызмет етіп келеді. Павлодар облысы прокуратурасының аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі, осы облыстың Ертіс, Успен аудандарының және Павлодар қаласының прокуроры, Астана қаласының ҚСжАЕК басқармасының бастығы болып қызмет атқарған. 2016-2018 жылдары Бас прокуратураның департамент бастығының орынбасары, департамент бастығы лауазымдарын атқарды. 2018 жылдың шілдесінен бастап Маңғыстау облысының прокуроры болды. Прокуратура органдарындағы еңбек өтілі – 30 жыл.

Аға әділет кеңесшісі Басшыбаев Мадияр Бекенұлы Жетісу облысының прокуроры болып тағайындалды.

М.Басшыбаев еңбек жолын 2000 жылы Ақтөбе облысының прокуратурасында басқарма прокуроры лауазымында бастады. Әр жылдары Ақтөбе облысы мен Алматы қаласының прокуратураларында құрылымдық бөлімшелерді басқарды. Медеу, Алмалы аудандарының прокуроры, Алматы қаласы прокуратурасының аппарат басшысы, Бас прокуратураның Стратегиялық даму департаменті бастығының орынбасары болды. Бүгінге дейін Батыс Қазақстан облысы прокурорының орынбасары қызметін атқарды. Прокуратура органдарындағы еңбек өтілі – 20 жыл.

Батыс Қазақстан облысының прокуроры болып 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі Шалабаев Серік Рысқалиұлы тағайындалды.

Серік Шалабаев прокуратура органдарында 1992 жылдан бастап жұмыс істейді. Қызмет жолын Ақтау қаласы прокуратурасында тағылымгер ретінде бастады. Тергеу жұмысында және МТК-де мол тәжірибесі бар. Өңірлік деңгейде және орталық аппаратта да бірқатар басшылық лауазымдарды атқарды. Бас әскери прокурордың орынбасары, Батыс Қазақстан облысы прокурорының орынбасары, бірінші орынбасары, Алматы облысы прокурорының орынбасары, Бас Прокурордың аппаратындағы Басқарма басшысы, Бас прокуратураның Департамент басшысының орынбасары, Құқық қорғау органдары академиясының проректоры болды. Осы қызметке тағайындалғанға дейін Бас прокуратураның Қылмыстық қудалау  қызметін басқарды. Құқық қорғау органдарында 30 жылдан астам еңбек өтілі бар.

Ақтөбе облысының прокуратурасын 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі Халидулла Зиноллаұлы Дәуешов басқарады.

Халидулла Дәуешов прокуратура органдарындағы қызметін 1991 жылы Гурьев облысы Гурьев қаласы прокуратурасында тағылымгер болып бастады. Әр жылдары Атырау облысының прокуратурасы мен Орталық аппаратында жұмыс істеді. 2002-2019 жылдары Батыс Қазақстан облысы Орал қаласының, Атырау облысы Жылыой және Мақат аудандарының прокуроры, Атырау қаласының прокуроры, Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстары прокурорының орынбасары, Қызылорда облысының прокуроры қызметтерін атқарды. Осы тағайындауға дейін Атырау облысының прокуратурасын басқарды. Прокуратура органдарындағы еңбек өтілі – 31 жыл.

3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі Сүлейменов Тимур Қайырбекұлы Бас көлік прокуроры болып тағайындалды.

Тимур Сүлейменов қызметін 1997 жылы Алматы қаласының Алмалы ауданы прокурорының құқықтық статистика жөніндегі көмекшісі ретінде бастаған. Алматы қаласының прокуратура органдарында әртүрлі лауазымда қызмет атқарды. Оның ішінде Әуезов ауданы прокурорының орынбасары, Түрксіб ауданы прокурорының орынбасары, Алматы қаласы және елорда прокурорының орынбасары, бірінші орынбасары болды. Қостанай облысының прокуратурасын және құқық қорғау органдары академиясын басқарды. Прокуратура органдарында 24 жылдан астам еңбек өтілі бар.

Маңғыстау облысының прокуроры лауазымына аға әділет кеңесшісі Руфат Бауыржанұлы Құттықов тағайындалды.

Руфат Құттұқов еңбек жолын 2000 жылы Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы прокурорының көмекшісі болып бастаған. Әр жылдары Ақтөбе облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасын, Жамбыл облысы Жамбыл ауданының прокуратурасын және Атырау қаласының прокуратурасын басқарды. 2018-2020 жылдары Қарағанды облысы прокурорының бірінші орынбасары болды. 2020 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өтініштермен жұмыс және іс жүргізу департаментін басқарды. Прокуратура органдарындағы қызмет өтілі – 22 жылдан астам.

Бауыржан Альбертұлы Жұмақанов Атырау облысының прокуроры болып тағайындалды.

Ол еңбек жолын 2001 жылы Ақтөбе облысындағы құқықтық статистика органдарында бастаған. Әр жылдары Алматы қаласы Бостандық ауданы прокурорының орынбасары, прокуроры, Бас прокуратураның Арнайы прокурорлар қызметінің Аса маңызды қылмыстық істерді тергеу басқармасындағы Бас Прокурордың көмекшісі лауазымдарын атқарған. Осы тағайындауға дейін Атырау облысы прокурорының орынбасары болды. Сыныптық шені – аға әділет кеңесшісі. Прокуратура органдарында 20 жылдан астам уақыттан бері қызмет етіп келеді.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support