Денсаулық

Нұрқанат Серікбаев – шын мықты

Нұрқанат Серікбаев – шын мықты

Тайланд елінде дзюдодан өткен Азия чемпионаты жамбылдықтар үшін сәтті аяқталды. Жерлесіміз Нұрқанат Серікбаев осымен екінші рет жастар арасында Азия чемпионы атанды. Бапкері – Қуат Қанаев. Нұрқанат бұған дейін жасөспірімдер арасында да Азия және әлем чемпионы атанған болатын. 

Елдің атын шығарған балуанды әулиеаталық жанкүйерлер, спортшының бапкерлері мен әріптес, жанашырлары әуежайдан қарсы алды. Жастар арасында екі дүркін Азия чемпионын қарсы алу рәсімінде облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков өңірдің атын алдағы уақытта да шығара береріне сенім білдіріп, жамбылдықтар атынан ризашылығын білдірді. Мұнан соң елімізге еңбегі сіңген жаттықтырушы Ахмет Жұмағұлов, дзюдодан Олимпиада ойындарының күміс және қола жүлдегері, әлем чемпионы Елдос Сметов, жеңімпаздың әкесі Талғат Серікбаев сөз сөйлеп, спортшының күрестің жарқын болашағына айналуына тілек білдірді. Жамбылдық жас әншілер Нұрбол Оразбеков пен Жансерік Пәрмештің орындаған «Батырлар ұраны» әні көпшілік көңілінен шықты. – Осылай қуана қарсы алғандарыңызға рақмет. Бапкерлеріме, достарыма, ата-анама рақмет! Алдағы уақытта мұнан да үлкен жеңіске жетуге, ел үмітін ақтау жолында бар күшімді саламын», деді Нұрқанат Серікбаев. Нұрқанат алдағы тамыз айының орта тұсында жастар арасында өтетін әлем чемпионатында да еліміздің намысын қорғайтын болады.  

Есет ДОСАЛЫ