Денсаулық

Мен көрген Шер-аға!

Мен көрген Шер-аға!

ОЙЫҚТАҒЫ ОЙЛЫ ЖҮЗДЕСУ

Бұл 1999 жылдың қыркүйек айы болатын. ҚР Парламенті Мәжілісіне кезекті сайлау жүріп, үміткерлердің сабылып жатқан кезі. Бір орынның өзіне Мәжіліс депутаттығына 8 үміткер. Ауылдық мәдениет үйіне, мектептерде екі күннің бірінде кандидатпен кездесу өтеді. Әр жанында үш-төрт нөкерлері жүреді. Сондай күндердің бірінде Ойық орта мектебінің мәжіліс залында ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына үміткер, Халық жазушысы Шерхан Мұртазамен кездесу өтетін болды. Біз ауыл орталығынан үш шақырым қашықтықта Көктөбе елді мекенінде тұратын едік. Сондықтан орталыққа күнде келіп жатқан кандидаттармен кездесуге бара да бермейміз. Ал енді Шерханның аты Шерхан ғой. Дабылын естігеннен жаяу жортып, жұртпен бірге орталыққа жеттік. Үлкен зал адамға лық толы. Кенет сахнаға қойылған үстелге екі кісі ғана келіп жайғасты. Оның бірі – бәріміз асыға күтіп, сөзін тыңдасақ деп тамсанып отырған Шерхан Мұртаза, екіншісі – Ойық ауылдық округінің сол кездегі әкімі Досмұрат Шахзадаев. Таңданғаным ҚР Парламенті Мәжілісіне депутаттыққа үміткер Шерағаңның қасында нөкер түгіл, жалғыз адам да жоқ. Өзіне соншалық сенімді шығар. Елге құрметті екенін біледі. Кездесуді Досмұрат әкім қысқаша сөз сөйлеп ашып, Шерағаңа сөз берді. Әкімді де Мұртазаұлының мысы басатын сияқты. Ауыл басшысының «Орныңызда отырып сөйлей берсеңізші» дегеніне қарамастан, Шерхан Мұртаза мінберге көтерілді. Сөйтті де сөйлеп кетті. Таныстырды өзін. Жұрт онсыз да білетін кісі ғой. Сонда да жақсылап сөйледі бір көсіліп. Ол кісінің жас шағынан отандасқан зайыбының өмірден қайтқанынан да жұрт хабардар еді. Арасында Шерағаң «Кенен атамыздың жас деуге сыймайтын, кәрі деуге қимайтын бір қызын өмірлік серік еттім», деп жұртты күлдіріп те қойды. Елдің айтқан мәселелерін де дәу қалың дәптеріне бірін қалдырмай түртіп алып отырды. Ерінбеді, жалықпады. «Сұрақ қойыңыздар, мәселе көтеріңіздер», деп көпшілікке еркіндік берді. Шерханның ықпалынан шыға алмай ауыл әкімі әншейін отыр. Кенет мен қолымды көтердім. Шерағаңның қырағы көзі онымды байқап қойды. «Сөйле, балам!» деді. Орнымнан түрегеліп, сөйлей жөнелдім. Қалай бастағаным қазір ойымда жоқ, әйтеуір ауылдың бір мәселесін қозғап өткен шығармын. Соңынан өзімнің де жұмыссыз, оқусыз жүргенімді, бірақ Шерағаңдай кісілер Мәжілісте отырса жолымыздың болатынын, еліміздің алға басатынын айтып үлгердім. – Айналайын, балам! Сөзің дұрыс екен. Өзің де дұрыс боларсың. Алдыңда үлкен болашағың тұр! Жасыма, жасқанба! Ертеңінен үміт күттіретін жас екенсің. Өмірде Жаратқан жолыңды оңғарсын! – деп Шерағаң ағалық тілегін айтты сол жолы. Сол науқанда Шерхан Мұртаза ағамыз сегіз үміткердің арасынан 97 пайызбен таза жеңіп, ҚР Парламенті Мәжілісіне депутат болып сайланып кетті. Ол кісіні Ойықтағы ойлы кездесуге қатысқандардың бәрі 100 пайыз қолдағаны анық еді. Менің сырттай болса да жоғары оқу орнына түсуім, алдымен мектепке, көп ұзамай облыстық газеттерге қызметке алынуым содан кейін жүзеге аса берді. Әрине, олай жолымның болуына талай жақсы адамдар ықпал етті. Мүмкін, Шерағаның жақсы пейілінің де әсері болар. 2006 жыл. Бетпе-бет Шерағаң соңғы жылдары Тараздағы «Астана» ықшамауданының бір тұрғыны болып алды. Сонда да ол кісімен екінің бірі сөйлесе бермейді. Дұрысы, сөйлесе алмайды. Әйтпесе, ағаның үйінің есігі барамын деушілерге ашық қой. Менің де ағамен екінші жүздесуім жеңіл болған жоқ. 2010 жылы Тараздағы №5 Жамбыл атындағы орта мектептің құрылғанына 75 жыл толды. Еліміздің көптеген қоғам қайраткерлері, жазушы-ақын, өнер шеберлері осы мектептің түлектері. Осы мерейтойға біздің газет бір бет арнайтын болып, оны дайындау маған тапсырылды. №5 Жамбыл атындағы орта мектептің сол кездегі директоры Рахия Есеева екеуміз көп ақылдастық. Сөйтіп, осы мектепті бітірген қоғам қайраткерлерімен хабарласып, қысқаша лебіздерін дайындаудымен мойыныма алдым. Шерхан аға да сол №5 мектептің түлегі. Жолығуымыз қажеттігін айтып, ол кісіге хабарлассам, «Егемен Қазақстан» газетінің 90 жылдығына орай Елордада жүр екен. Келесі хабарласқанымда Шерағаңның үні қатқыл шықты. – Қайда жүрсіз, қайда жүрсіз? – дейсіңдер. Қыздың қасында жатыр деп пе едің. Отырмын ғой, Дәутаевтың кабинетінде. – Аға, мен ... Өткендегі мәселемен ғой, – деп әрең айттым. – Мәселе болса қайт дейсің маған. Келсеңші ертең үйге... Ертеңіне үйіне бардым. Жақсы қарсы алды. Көңілді екен. Ұзақ-ұзақ әңгіме айтқысы бар. Әрине, Шерағаңның сөзін сағаттар бойы тыңдасақ еш жалықпаймыз ғой. Бірақ журналистің уақыты шектеулі. Біраз көсіліп- көсіліп алды да, Шераға менің асығып тұрғанымды түсінді. Өзі оқыған мектеп туралы естелігін, жақсы тілегін айтты. «Мектепті бірге бітіргеннен Таразда Данаев екеуміз ғана қалдық қазір», деді. Мен қажетті дүниемді алғанымды айттым. – Осы ғана ма, мені сонша іздегендегің. Мұны телефонмен-ақ ала салмадың ба? Әй, бірақ, келгенің жақсы. Келіп тұр, балам. Жүр, дәм ауыз ти, – деді. Апамыздың шайы дайын екен. Бір-екі шыны шай ішіп, кетуге жиналдым. Аға өзі есікке дейін шығарып салды. Ізеті, кішілігі, кісілігі жоғары екен. Бұл ағамен алғашқы бетпе-бет әңгімелесуім, үйінен алғашқы дәм татуым еді. 2010 жыл. Қолтаңба Бір жолы Шерхан ағадан сұхбат алдым. Ол сұхбат Ерғали Сағат басқаратын республикалық «Парасат» журналына, өзім еңбек ететін облыстық газетке жарияланды. Сол сұхбат шыққан журналды алып жеттім Шерағаның үйіне. Ш.Мұртаза сұхбатында журналистикада табанды журналист жігіттер көп болуын, билік басындағыларға нық шегедей мықтылық қажет екенін қадап айтқан еді. Нар көкем үйінде екен. Бізді дәмге шақырды. Журналдағы сұхбатқа көңілі толғандай болды. Жадырады. – Әйтеуір, ешкімнің көңілін қалдырған жоқпыз ба? – деді Шерағаң. – Солай сияқты, – дедім . – Онда дұрыс екен, – деді Шераға. Кетуге жиналдым. «Тоқтай тұр!» – деді Шераға. Бөлмесіне кірдік екеуміз. Шерағаң үстелінен бірдеңе іздеді. Шкафтың тартпаларын түртпектеп жүріп бір жуан жаңа жазу дәптерін тауып алды. Сөйтті де «Есет батырға!» деп қолтаңба жазып, ұсынды маған. Әйгілі Шерхан Мұртаза өз қолымен қолтаңбасы жазылған жазу дәптерін ұсынып тұр! Сыртқы есікке дейін өзі ілесіп келді. «Қазір көлік келеді. Жуалыға барамыз», деді Шерағаң. Сол сәт жүзінде қуаныш тұрды. Шіркін, туған жер қымбат қой. Шераға да туған жеріме барамын деп қуанып тұр. Менің кішкентай Көктөбем де өзіме қымбат. – Келіп тұрсаңшы, – деді қазақтың Шерханы. – Барып тұрамыз ғой, аға! – дедім мен де. 2011 жыл. Жазушыға құрмет Заманының заңғар жазушысы Шерхан Мұртазаға барша қазақ қандай құрмет көрсетсе де лайық деп ойлаймын. Бұл ретте жамбылдықтардың атқарар ісі мол болуы тиіс. Соны түсінген азаматтың бірі – сол кездегі Тараз инновациялық гуманитарлық университетінің ректоры Ерболат Саурықов. Бірнеше жылдан бері аталған білім ордасында «Шерхантану орталығы» ашылып, жұмыс істеп келеді. Оны бүгінгі таңда Ерболат Саурықов өзі назарда ұстап, қадағалап отыр. Осы орталық Шерхан Мұртазаға арнап бес томдық жинақ шығарды. Осынау орталықтың бастамасымен заңғар жазушы Ш.Мұртазаның 80 жылдығына орай облыстық жастар айтысы ұйымдастырылды. Ол айтыста қайраткер жазушының еңбектері жан-жақты жырмен өрнектелді. Е.Саурықов секілді азаматтар барда Шерхандай биік тұлғалар тұғырдан түспей биіктей бермек. 2013 жыл. Шарапат Бір жолы Көпен Әмірбектің концерті болды «Баласағұнда». Сол концертте шымкенттік Бекарыс Шойбеков, Ақмарал Ілеубаевадай атақты айтыскерлер айтыспақшы. Бірақ бағасы біраз қымбат. Келіншегімді ертіп барып, қолымдағы бір билетті екі адамға жеткізе алмай дал болып тұрғанмын. Кенет үлкен фойеде Шерхан ағаны көзім шалды. Барып амандастым. Танып жатыр. Ақбілек апамыз да «Үйге келген бала ғой» деп қояды. Көпеннің концертін көруге Шерхан көкем де келіпті. Сәлден соң, Шерағаң кіру есігіне беттеді. Бір жағынан мен сүйемелдедім. Халық жазушысы да өзіміздің бала деп өзімсініп тұр. Шерағаңды демеп кіремін деп, құны әжептәуір Көпеннің концертін тегін көргенім бар. Өзімдегі жалғыз билетті келіншегіме бердім. Бұл да жақсының шапағаты, Шерханның шапағаты ғой! Қазір Шерағаның үйіне оқта-текте барып тұрамыз. 2015 жыл.

 Есет ДОСАЛЫ