Ескерткіш ел ішінде тұратын күн жақын
Ескерткіш ел ішінде тұратын күн жақын
Осы айтулы даталарға орай «ЖТ Жамбыл бөлімшесі» филиалының қызметкерлері жақсы бастама көтеріп, бұған дейін Жамбыл локомотив пайдалану депосының ауласында тұрған ескі паровозды көне шаһарға тарту етіп отыр. Бастысы – бұл хабарға депо қызметкерлері де қолдау көрсетуде. 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту тұсында Тараз вокзалы жөндеудеп өтіп, айналасы толық абаттандырылған болатын. Расында, бүгінгі күні ондағы аллеяда тұрған ескерткіштер көздің жауын алады. Қаланың бас қақпасы іспетті Тараз вокзалынан күнделікті қаншама жолаушылар пойызы өтеді. Сол жолаушылар пойызы 20 минутқа аялдаған сәтте аллеядағы ескерткіштерге қызыға да, қызғана да қарайтынын жергілікті теміржолшылардың өздері айтуда. Енді, жамбылдық жеті мыңға жуық теміржолшының басты мақтанышы, символы – ескі паровоз Тараз вокзалының алдындағы алаңнан орын тепсе, көне шаһардың серпінді дамуына ықпал етіп отырған «Қазақстан теміржолы» Ұлттық компаниясының имиджін қалыптастыруда үлкен жұмыс болмақ. Тіпті осы ұсынысын қала әкімдігіне арнайы хатпен жеткізген «ЖТ Жамбыл бөлімшесі» филиалының басшылығы, бүгінгі күні қалалық сәулет және құрылыс бөлімінің мамандары арнайы келіп, орын таңдауда ұсыныстарын жеткізгенін айтып отыр. Қазір жер телімі таңдалуда. Ал келешекте ескерткішті мәдени ескерткіштер тізіміне алу мәселесі де қаралмақ. Молдахмет ҚОЖАБЕКОВ, «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС «ЖТ Жамбыл бөлімшесі» филиалының директоры: – Тараз шаһары бүгінде индустриялық және туристік орталыққа айналған қала. Сондықтан біздің ұсынысымызды қолдап отырған қала әкімдігіне алғыс айтамыз. Енді, орын таңдалып, жер телімі анықталатын болса, паровозды алып келіп орнату еш қиындық туғызбайды деп ойлаймын. Сондай-ақ облыс орталығында қаншама ардагерлеріміз тұрады. Бұл құрмет теміржолшыларға деген құрмет, біздің аға буынға деген құрметіміз болар еді. Сол ардагерлеріміздің қатарында уақытында паровоздың да тізгінін ұстаған машинистеріміз бар. Сондықтан өткен ғасырдың басында жаңа қалыпта дамуды бастаған қала тарихы мен теміржолшылардың тарихын бөліп қарауға болмайды. Бұл жақсы бастама. Бейбіт САДЫҚБЕКОВ, филиал директорының вокзал шаруашылығы бойынша орынбасары: – Расында, еліміздегі әр қалада боламыз. Сонда байқағаным, қала вокзалының алдына осындай паровоз ескерткіштерін қойған. Қала қақпасының бірінен саналатын вокзал алдында теміржолшылардың өміріне, еңбегіне қатысты осындай символдардың болуы өте қажет дүние. Болат ӘБДУОВ, «ЖТ Жамбыл бөлімшесі» филиалы жүк тасымалын ұйымдастыру бөлімінің басшысы: – Менің теміржол саласында еңбек етіп келе жатқаныма 40 жыл. Сол мерзім аралығында паровоз Жамбыл локомотив пайдалану депосының ауласында тұр. Яғни, бұл – тарих! Ал тарих ұмытылмауға тиіс. Біздің өңірде қаншама теміржолшылар буыны қалыптасты, қаншама династия бар. Кешегі Түркістан-Сібір, мұндағы Шу- Мойынты, бүгінгі Отар-2 теміржол құрылысына қатысқан теміржолшыларды құрметтеуіміз керек. Бүгін ғой бәрі автоматты түрде. Ал кезінде қол еңбегі, күшке түсті бәрі. Халық мұны көру керек, білу керек. Бұл – жамбылдық теміржолшылардың символы.
Ерман ӘБДИЕВ.
Тараз қаласы.