Денсаулық

Билердің мақсаты – бірлікті бекемдеу

Билердің мақсаты – бірлікті бекемдеу

Елді мекендердегі Алқа билердің жұмыстары жылдан жылға жанданып келеді. Олар халық арасында бірлік пен ынтымақты нығайтуда, жастарға халықтық тәрбие беруде белсенділік көрсетуде. Ауыл ақсақалдары, билері сонымен бірге ауылдарды абаттандыруға, көріктендіруге мұрындық болып жүр. Және де ел арасындағы дау-дамайды сотқа жеткізбей шешуді де абыроймен атқарып келеді. Бостандық ауылындағы билер кеңесінің (төрағасы Жаңабай Есімов) жұмысы бүгінде қалыптаса бастады. Ауыл әкімінің көмегімен ардагерлер және билер кеңестеріне арнайы бөлме беріліп, ол талапқа сай жабдықталды. Сонымен бірге ауылдағы мәдениет үйіне ардагерлерге арнайы бұрыш беріліп, олардың бір мезгіл спорттық ойындармен айналысуына мүмкіндік жасалған.

Жуырда ауылдағы билер кеңесінің іс-тәжірибесін насихаттау мақсатында аймақтық жиын өткізілді. Оған Аққұм, Бостандық, Талапты және Тамды ауылдарының билері қатысты. Билер ең әуелі ауылдағы билердің кеңселерінде болып, олардың көрнекіліктерін көріп, ризашылықтарын білдірді. Содан кейін ауылдық билер кеңесінің төрағасы Ж.Есімов өздеріндегі атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталды. Соңғы бір жылдың ішінде ауылдағы ардагерлер ұйымының төрағасы Н.Шәріпбаев пен билер кеңесі бірлесіп ауылдың экономикалық-әлеуметтік дамуына араласа бастаған. Соның нәтижесінде биылғы жылы халықпен бірлесіп көшелерді, арықтарды тазалау жұмыстары жүргізілген. Өткен жылы ауылға Талас өзенінен су алу үшін 1,5 шақырымдық арық қазылып, оларға жолай тоспалар, реттегіштер қойылып, биылғы жылы 4 көшеге су берілді. Ақырында ауылдағы әрбір тұрғын есігінің алдындағы азын-аулақ жерлеріне егілген көпжылдық шөпті суарып, кейбіреулері қазірдің өзінде жоңышқасын екі мәрте орып алып отыр. Сенбіліктердің есебінен көшелердегі арықтар күл-қоқыстан арылып, біраз тұрғындар аулаларына жеміс-жидек көшеттерін отырғыза бастады. Ауыл ақсақалдары көшелерді асфальттау жұмысына қоғамдық бақылау ұйымдастырған. «Халық көзі – қырағы» демекші, бақылаудың арқасында Бостандық ауылындағы 3 және Талапты елді мекеніндегі 2 көшенің асфальттануы сапалы атқарылыпты. Тағы бір үйренетін тәжірибе – ауылда «Игілік» қоғамдық қоры құрылған. Қорға қалталы кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының иелері және жастар қаржылай ақша құйып келеді. Жаңабай Есімов ендігі түскен қаржыға Бостандық, Талапты ауылдарының ортасындағы жолдың бойына ағаштар егуді қолға алсақ деп ұйғарып отырғандарын жеткізді. Төрағаның айтуына қарағанда халық бірлігінің арқасында ауылда қоғамдық тәртіп күшейтілген, ұрлық-қарлық жоқтың қасы. Ауыл ақсақалдары болып отбасының сақталуын назарларынан тыс қалдырмайды екен. Семинар-кеңесте Аққұм ауылдық билер кеңесінің төрағасы П.Бейсенұлы және Тамды ауылдық билер кеңесінің төрағасы Қ.Құралбаев өздеріндегі атқарылып жатқан жұмыстар жайында тәжірибелерімен бөлісті. П.Бейсенұлы ауыл әкіміне ризашылығын білдірді. Ал Қ.Құралбаев өз ауылында дау-дамайды сотқа жеткізбей шешу бағытында қолға алынған бастамаларға тоқталды. Бостандық ауылындағы билер кеңесінің мүшесі, Талас ауданының Құрметті азаматы Б.Айтбеков аймақ қарттары ынтымақты болса, көп мәселені жергілікті жерде шешуге болатынын қадап айтты. Оның айтуына қарағанда жайылымдық мәселесі өткір күйде. Сондықтан бәріміз бірігіп жайылымдық мәселесін шешу үшін Кеңес өкіметі кезіндегі тәжірибені қайта қарастырғанымыз жөн болар еді деді өз сөзінде. Қазір халықтың тұрмысы жақсарып келеді. Мал басы жылдан жылға көбеюде. Мүмкіндік болса жайылымдықты бірлесе пайдаланған жөн сияқты дегенді айта келіп, малды ауылдың төңірегінде шиырлатып жая бермей, бос жатқан жайылымдықтарға апарып жаюды ұйымдастыру керектігіне тоқталды. Ақсақалдар билер алқасының жұмысы өте-мөте қажет екендігін бір ауыздан мақұлдады. Аталған жиында облыстық ардагерлер ұйымының жанындағы билер кеңесінің төрағасы О.Есіркепов сөз сөйлеп, мемлекеттің саясатын жүргізуде ел сыйлайтын ақсақалдардың, әділ билердің қашан да керек екендігін атап көрсетті. Енді сол үрдістен ажырамай, халықтың ынтымағын нығайтуға, әсіресе ата-баба салт-дәстүрін жаңғыртуға ерекше мән беру керектігін жеткізді. Ол үшін билер таза, кісілікті, парасатты бола білуі тиіс. Сонда ғана көпшіліктің сеніміне ие болады. Жиында сөз алған Талас аудандық билер кеңесінің төрағасы С.Әбсадықұлы жуырда ғана Ұлытауда өткізілген Ұлттық құрылтай туралы ой қозғады. Дәл осы бағытта ауыл ардагерлерінің өздері бас болып, жастарды еңбекке, туған жерді сүюге, қайырымдылыққа тәрбиелеудегі өнегелері үйренуге тұрарлық екендігін атап көрсетті. Елдің ауызбірлігі үшін еңбек етіп жүрген ардагерлерге ризашылығын білдірді. Алқалы жиында өзге де орамды ойлар айтылды. Жаңа Қазақстан құру үшін әрбір азамат жауапкершілікті сезінуі керек, бөлінгенді бөрі жейді, жалқаулыққа жол жоқ десті. Сол күні облыстық билер кеңесінің төрағасы О.Есіркепов республикалық «Дәнекер» пилоттық жобасын жүзеге асыруға белсене қатысқаны үшін Талас аудандық билер кеңесінің төрағасы С.Әбсадықұлына облыстық соттың Құрмет грамотасын табыс етті. Алдағы уақытта да осындай алқалы жиындарды әр аумақта өткізу жағы келісілді.  

Айдана БАҒАЛЫ,

Талас аудандық билер кеңесінің баспасөз хатшысы.