Қауіп қайдан болса, қатер содан
Қауіп қайдан болса, қатер содан
Облыстық бюджеттен ерекше қауіпті су шаруашылығы құрылыстары мен су жүйелерін қалпына келтіруге 304,4 миллион теңге бөлінді
Кеше облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте облыс аумағындағы ағын су жүйелерінің тазалығы мен жөндеу жұмыстары және облыс елді мекендеріндегі бас жоспарлардың жай-күйі мен олардың орындалу барысы пысықталды. Күн тәртібіндегі негізгі мәселелер қаралмас бұрын облыс басшысы күні кеше ғана сән-салтанатымен аталып өткен облыстың 75 жылдық мерейтойын абыроймен өткізуге атсалысқан азаматтарға, облыс тұрғындарына алғысын білдірді. Кәрім Нәсбекұлы тойдың ойдағыдай өткенін айтып, келген қонақтардың риза болып қайтқандарын жеткізді. Сонымен қатар, өзінің жаңадан тағайындалған орынбасары Тимур Амантайұлы Жанкені таныстырып өтті. Оған облыс әкімінің кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық мәселелер жөніндегі орынбасары Қалижан Әбдірайымовтың функциясындағы міндеттер жүктелді. Ал, Қ.Әбдірайымов ауыл шаруашылығы мәселелері бойынша орынбасары қызметін атқарады.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Серік Қойбақовтың хабарламасы тыңдалды. Ол алдымен облыстағы су қоймалары мен бөгеттердің жай-күйіне тоқталды. – Облыста барлығы 117 су қоймасы мен су бөгеттері бар. Оның ішінде 5-і республикалық меншікте, 105-і ком-муналдық меншікте, 7-і жеке меншікте. Ал, су жүйелерінің жалпы ұзындығы 3709 шақырымды құрайды. Оның ішінде 809 шақырым магистральды, 923 шақырым шаруашылықаралық, 33 шақырым ауылдық су пайдаланушылардың тұтыну кооперативінде, 1977 шақырым ішкі шаруашылық су жүйлеріне кіреді, – деді хабарламашы. Облыстық бюджеттің ерекше қауіпті су шаруашылығы құрылыстары мен су жүйелерін қалпына келтіру бойынша биыл облыстың коммуналды меншігіндегі 68 су шаруашылығы жүйелеріне, оның ішінде 11 су қоймасы мен су бөгеттеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 304,4 миллион теңге бөлінген. Бүгінгі күнге оның 243,9 миллион теңгесі игеріліп, пайдалануға 47 су шаруашылығы нысандары, соның ішінде 11 су қоймасы мен су бөгеттері өткізілген. Қалған 21 нысан осы жылдың соңына дейін тапсырылмақ. Дегенмен, келесі жылға облыстық бюджеттен аса қауіпті апатты су шаруашылығы құрылыстары мен су жүйелерін қалпына келтіру мақсатында 89 су шаруашылығы нысандарын ағымдағы жөндеуден өткізу үшін 17,5 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда. Ал, осы жобалардың ЖСҚ-ы дайындалып бітсе, құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге облыстың бюжетінен тағы 411,2 миллион теңгеге бюджеттік комиссияға сұраныс жолданыпты. Сонымен қатар, аудандардағы коммуналдық меншіктегі су шаруашылығы нысандарын республикалық меншікке өткізу жұмыстары аясында аталған нысандардың тізімі жинақталып, олардың техникалық сипаттамалары мен жобалық-сметалық құжаттарын дайындауға қажетті 342,6 миллион қаржы көлемі де анықталыпты. Бұл бағытта аудандарда жұмыстар жүргізіліп жатыр екен. Енді шаруашылық аралық 82 су жүйелерінің мемлекеттік жер актілерін «Жер ҒӨО» РМК облыстық филиалы дайындауы тиіс. Бұл су жүйелерінің техникалық паспорттарын дайындатуға жергілікті бюджеттен 150 миллион теңге қажет. Ал, оған бір де бір аудан әлі қаржы бөлмей отыр. Хабарлама соңында Серік Қойбақов министрлік тарапынан келген және әкімдіктегі өткен селекторлық кеңесте берілген хаттамалық тапсырмалардың аудандарда орындалмай отырғанын айтып, облыс әкімінен тапсырмалардың уақтылы орындалуын қайта тапсыруды сұрады. Басқарма өкілін мұқият тыңдаған Кәрім Нәсбекұлы аудан әкімдерінен және бірқатар басқарма басшыларынан әлі жөндеу, нығайту жұмыстары жүріп жатқан нысандардың жай-күйін сұрап, қаржының игерілуін қамтамасыз етіп, жұмыс барысын бақылаудан шығармауды жүктеді. Ал, облыс елді мекендеріндегі бас жоспарлардың жай-күйі мен олардың орындалу барысы туралы облыс әкімдігі сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ержан Ахметов хабарлама жасады. Ол өз сөзінде Тараз қаласы мен аудан орталықтары елді мекендері аумақтарының әлеуметтік, рекреациялық, өндірістік, көліктік және инженерлік инфрақұрылымдарының дамуына байланысты қолданыстағы бас жоспарлар бүгінгі күннің талаптарына сәйкестендірілуі қажеттігіне тоқталды. Себебі, олар өткен ғасырдың 1970-80 жылдары аралығында жасалған әрі есепті мерзім кезеңдері өткен. Сонымен қатар облыс әкімдігінің 2011 жылғы 23 ақпандағы «Елді мекендердің бас жоспарларын әзірлеуге жергілікті бюджеттен қаржы қарастыру туралы» №42 Қаулысына сәйкес, облыстағы аудан орталықтарының бас жоспарларын әзірлеу үшін 2011 мен 2013 жылдар аралығында облыстық бюджеттен қаржы толығымен бөлінгенін атап өтті. Облыс елді мекендерінің бас жоспарларын бекітуге, ондағы егжей-тегжейлі жұмыстарға да қатысты кеңінен ақпарат берді. Сонымен қатар, хабарлама соңында аудандар тарапынан орындалмай отырған мәселелер бойынша қосымша нұсқау беруін сұрады. Кеңес соңында облыс әкімі қаралған мәселелер бойынша әдеттегідей тиісті орынбасарлары мен басқарма басшыларына, Тараз қаласы және аудан әкімдеріне нақты тапсырмалар берді.
Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ, «Ақ жол».