Денсаулық

Жылу құбырларының «жыры» бітпей келеді

Жылу құбырларының «жыры» бітпей келеді

Биылғы жыл да бел ортасынан асты. Жылдың әр мезгілі қарбалас тіршілігімен ерекшеленеді. Жаздай егінін баптаған шаруалар, енді бірер айдан соң күздегі қызу жиын- теріннің қамына кіріседі. Осы тынымсыз тірліктіңбарлығы қылышын сүйретіп келетін қыстың қамы үшін жасалады. Әрине, «Қыстың қамын жазда ойлаған» абзал. Ал қала жұртшылығы болса қыс мезгіліне басқаша қамданады. Бүгінгі күн тәртібінде тұрған басты мәселе – қазандықтардың жылыту маусымына дайындық барысын пысықтау болып тұр.

Облыс орталығындағы жылу желілері мен қазандықтарды алдағы жылыту маусымына дайындау мақсатында 1-25 тамыз аралығында 25 тәулікке ыстық судың берілуі тоқтатылады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметін де өткен баспасөз-брифингінде «Таразтрансэнерго» кәсіпорнының басшысы Рауан Байдалиев айтты. Оның айтуынша, негізгі жөндеу жұмыстары тамыз айына жоспарланғандықтан, қалалықтарды ыстық сумен қамтамасыз ету уақытша тоқтатылмақ. Оның айтуынша, негізгі жөндеу жұмыстары тамыз айына жоспарланғандықтан, қалалықтарды ыстық сумен қамтамасыз ету уақытша тоқтатылмақ. – Кәсіпорын тарапынан бұл кезеңде Тараз қаласындағы магистральдық және орамішілік жылу желілеріне гидравликалық сынақтар жүргізілетін болады. Жалпы, кәсіпорын бүгінгі күні 833 көпқабатты тұрғын үйді ыстық сумен қамтамасыз етіп отыр. 2022-2023 жылдары 68,2 миллион теңгеге 2,3 шақырым жылу желілеріне жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Сонымен қатар жылу желілеріне және жылу қазандықтарына күрделі және ағымдағы жөндеу, 2584 тиек арматурасына ревизия жүргізу, істен шыққандарын ауыстыру және 18 компенсатордың сальниктерін майлау жұмыстары қолға алынады. Бүгінгі таңда 768 метр жылу құбыры ауыстырылды, игерілгені 22,7 миллион теңге немесе 33,4 пайызды құрады, – деді Р.Байдалиев. Шынында да, қалада әр жыл сайын жылу құбырларының «жыры» бітпей келеді. Брифингте сондай-ақ облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Руслан Мұздыбеков пен «Жамбыл-Жылу» мекемесінің директоры Бөріхан Ниязқұлов баяндама жасап, жылыту маусымына дайындық жоспарлы түрде жүргізіліп жатқандығын тілге тиек етті. Айта кету керек, бүгінгі таңда шаһардағы резервтік көмір қоры 1260 тонна болса, резервтік мазут қоры 13143 тоннаны құрайды. Сонымен қатар жылыту маусымы кезеңінде жалпы 25,5 мың тонна әлеуметтік мазутпен қамтамасыз етілетін болады. Қазіргі таңда Энергетика министрлігі тарапынан республика деңгейінде әлеуметтік мазуттың көлемі жасақталып, мұнай өнімдерінің иелеріне бөлу кестесі бекітілуде. Бүгінгі күнге жылыту маусымына дайындық 56 пайызды құрап отыр.  

Есен ӨТЕУЛИЕВ