Денсаулық

Әр өңірдің өз мектеп формасы болады

Әр өңірдің өз мектеп формасы болады

Жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында ата-аналарды алаңдататын бір ғана сауал бар. Ол – баласының мектепке дайындығы, соның ішінде мектеп формасы мәселесі. Себебі әр жылдарда киімнің түсіне қатысты талаптар үнемі өзгеріп отыратын. Сәйкесінше, ата-аналар да шығынға батып келді. Ал биылғы оқу жылынан бастап әр өңірдің өз мектеп формасы болады. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, алдағы оқу жылынан бастап әр өңірдің оқу- ағарту басқармалары бірыңғай мектеп формасын таңдап, бекітетін болады. Бұған дейін оқушылардың қандай мектеп формасын киетінін мектеп ұжымы айқындап келген еді. Енді бұл үрдіс жойылып, бірыңғай мектеп формасын жергілікті оқу-ағарту басқармалары анықтап, ортақ стандарт қалыптастырмақшы. – Бұған дейін оқушылардың мектеп формасының түсі мен фасонын білім беру мекемелері анықтап, оны қамқоршылық кеңесімен бекітуші еді. Бүгінде елімізде 7,5 мыңнан астам мектеп бар екенін ескерсек, соған сай мектеп формаларының түрі мыңға дейін жеткенін білеміз. Бұл ата-аналар үшін тиімсіз. Балалар бір мектептен келесі мектепке ауысқанда мектеп формасын ауыстыруына тура келуші еді. Жаңа тәртіп бұған нүкте қояды, – деп атап өтті Асхат Аймағамбетов. Оқу жылының тағы бір атап өтерлік жаңалығы, бұдан былай қазақ тілінде оқитын мектептерде 1-сынып оқушысы бір ғана тілді, яғни қазақ тілін меңгереді. Орыс тілі 2-сыныптан, ағылшын тілі 3-сыныптан бастап оқытылады.

«Aq jol»-Aqparat».